Қоғам

Қанайда құмай тазылардың аймақаралық көрмесі өтті

Қанайда құмай тазылардың аймақаралық көрмесі өтті

Жаңа Қанай ауылында қазақ тазыларының көрмесі өтті. Бұл шараға еліміздің түкпір-түкпірінен әкелінген 43 таза қанды тазы иті қатыстырылды.
Басты мақсат – біздің дәуірімізге дейінгі үш мың жылдық тарихы бар, қазақ қазақ болғалы қасына ерткен ит тұқымының үздігін анықтау. Айтулы шараға Алматы, Семей, Павлодар, Астана және Шығыс Қазақстан облысының құмайлары әкелінді.
– Бұл жарыс осымен үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып келеді. Біз жылда осы уақытта Жаңа Қанай ауылында бас қосып, иттерімізді сынап, сұрыптап аламыз. Бүгінгі жарыс үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезең иттердің құмай тазыға қойылатын талапқа сай келетінін не келмейтінін анықтадық. Екінші кезеңде құмайларды пультпен басқарылатын қоянды қудырып, жылдамдықтарын тексердік. Үшінші кезеңде сайын дала төсінде аңға салдық, – дейді облыстық қазақ тазысы федерациясының директоры Ольга Хардина.

Қанайда құмай тазылардың аймақаралық көрмесі өтті

Екі күнге созылған құмай жарыс қорытындысы нәтижесінде кербез бітісімен, желдей жылдамдығымен көрерменді сүйсінткен Ұлан ауданының Таврия ауылынан келген Қанат Оралбектің Лашын атты құмайы бір жасар тазылардың арасында бас жүлдені жеңіп алды. Ересек тазылар санатында Жаңа Қанай ауылының тумасы Қанат Жайжатыровтың Ұяласына тең келер ит болмады. Шараның бас демеушісі, Қанай ауылының атымтай азаматы Сабырбай Сахариев бұл көрме дәстүрлі түрде өте беретінін айтады.

Есімжан Нақтыбайұлы

Ұлан ауданы.

Осы айдарда

Back to top button