Қанатын кеңге жайған «Қанат»

Ново-Поляковка ауылдық округіне қарасты Қаражал ауылында не-бәрі 25 түтін қалыпты. Жердің шалғай болуы, қыста жауған қалың қардан жолдардың жиі жабылып, ауыл адамдарына қиыншылық туғызуы себебінен жергілікті тұрғындар басқа жаққа жаппай көше бастаған сыңайлы. Тіпті, ауылдағы жалғыз бастауыш мектептің жабылу қаупі адамдарды тығырыққа тіреп, жігерлерін мұқатқандай. Келер күннен үміт күткенге не жетсін. Жақында ауылдық округтің әкімі Сержан Байбосынов хабарласып, мектептің қайта ашылғанын айтқанда қуанып қалдық.
Шілде айының соңғы күндері болатын. Катонқарағай ауданының түкпірінде жатқан Қаражал ауылына (бұрынғы Огневка) жету оңай болмады. Астымыздағы жол талғамайтын «Нива» көлігі ойлы-қыратты, тау-тасты, ойық-ойық жолды елең қылмастан бір сағатта Қаражал ауылына алып келді. Ауылдық округтің әкімі Сержан Тохтарбекұлының мамандығы мал дәрігері. 2013 жылы ауылдастары іскер азаматқа сенім білдірген. Артынша аудандық мәслихаттың депутаттары сенім артқан азаматқа ауылдың тізгінін ұстатыпты. Жақында ауыл әкімі қызметіне Секең қайта сайланыпты.
– Ауылдық округке Сенное, Бес үй, Қаражал және Ново-Поляковка ауылдары қарайды. Негізінен жергілікті тұрғындар мал өсіреді, биелерін сауып, омарта ұстап, бал татыған қымыз бен шипалы балды көрші Зырян ауданына, Үлкен Нарын ауылына сатады. Міне, екі-үш жылдан бері Үлкен Нарындағы сүт зауыты арнайы көлік жіберіп, күн сайын бірнеше ауылдан жергілікті тұрғындардың сүтін жинап алады. Айына 150-170 мың теңге пайда тауып отырғандар бар. Ал біз бара жатқан Айтқазы Құстыбаевтың «Қанат» шаруа қожалығы іргелі шаруашылық. Қазір өзімен әңгімелескен кезде атқарып жатқан істеріне қанық боласыздар, – деді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Рахымғали Байгереев.
Айтқазы Сәденұлы үйінде екен. Кең ауланың ішіндегі қораға ендік. Серік пен Темірлан есімді тепсе темір үзетін екі азамат бие сауып екен. Айтқазының жұбайы – Бибінұр отағасының оң қолы, есеп-қисаптарын жүргізеді, мамандығы бухгалтер. Ал қожалық басшысы кезінде темір тұлпарды тізгіндеп, ауыл шаруашылығында қажырлы еңбек еткен азамат. Нарық келген кезде шаруа қожалығын құрыпты. Ұлдары Дәулет пен Дәурен құқық қорғау саласында жемісті еңбек етіп жүр.
– Бұл өңірдің қысы қатты, кейде жеті-сегіз айға ұзап кетеді. Қожалықта қазір 90 жылқы, 160 ірі қара, жүздей қой бар. Ұзаққа созылатын қыста малға 1800 түк буылған шөп қажет. Әр түкте 200 келі шөп болады. Шөпті жинап болып қалдық, қыс науқанына әзірленіп жатырмыз. Техника жеткілікті, күн сайын 100 литр қымызды Өскемен мен Зырян қалаларына жібереміз. 25 гектарға күздік бидай, арпа, сұлы, қарақұмық еккенбіз. Биыл қуаңшылық болды ғой, сонда да сұлының гектарынан 12 центнерден алдық, – дейді «Қанат» шаруа қожалығының жетекшісі Айтқазы Құстыбаев.
– Айтқазы округтегі түрлі мерекелерде қайырымдылық шараларына белсене қатысады. Ауылдағы тұрмысы төмен жандарға қолғабыс жасап тұрады. Мәдениет, спорт саласында аудан намысын қорғап жүргендерге де көмектеседі. Айтекеңдей, қайырымды азаматтар көп болса, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді ауыл әкімі Сержан Байбосынов.
Оңдасын Елубай,
Катонқарағай ауданы.