Қанатқақты жобаның жүзеге асырылуы қатаң бақылауда болады
Облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин сүтті мал шаруашылығын дамытудың өзекті проблемалары мен егін орағы науқаны, мал азығын дайындау және субсидиялау жүйесін жетілдіру мәселелеріне қатысты селекторлық кеңес өткізді. Кеңеске облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері, ауыл шаруашылығы саласына бақылау жасайтын қала, аудан әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
Кеңесте күн тәртібіндегі алғашқы мәселеге – облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ бастамасымен қолға алынған сүтті бағыттағы мал шаруашылығын дамытудың 2015-2016 жылдарға арналған қанатқақты жобасының жүзеге асырылу барысына айрықша назар аударылды. Сегізінші тамызда өткен арнайы кеңесте аймақта сүтті мал шаруашылығын дамыту бағытында жүргізіліп жатқан іс-шаралар егжей-тегжейлі қаралып, облыс әкімі орындалмай жатқан кейбір жұмыстарға байланысты хаттамалық тапсырма берген болатын.
– Қанатқақты жобаны жүзеге асыру бағытындағы бірқатар аудандардың нәтижелі жұмысын атап өту қажет, – деді Дүйсенғазы Мусин. – Ең бірінші, Шемонайха ауданының Камышинка ауылындағы Владимир Акуловтың шаруашылығы базасында салынып жатқан заманауи кешен. Глубокое ауданында Фарид Әбітаевтың «ОХМК» ЖШС негізінде де ірі кешен құрылып жатыр. Бірер күн бұрын жобаның жүзеге асырылу барысымен облысқа жұмыс сапарымен келген Үкімет басшысы танысып қайтты.
Жоспардағы 36 сүт қабылдау пунктінің 29-ы салынып бітті. Бұл – игі бастаманың жемісті нәтижесін көрсетіп отырған оңды өзгеріс. Жекелей алғанда, сүтті қабылдап алып, өңдеу, сату жүйесі Үржар ауданында өте жақсы жолға қойылғанын атап айтуымыз керек. Құрылған қолайлы жүйе тоқтаусыз жұмыс істеп тұр.
Облыс әкімінің орынбасары дегенмен сүтті мал шаруашылығын дамытуда біраз олқылықтардың орын алып жатқанын жеткізді. Оларды жойып, кемшіліктерді түзетуге бар күшті салу керек. Қала және аудан басшылары мен олардың орынбасарлары өз өңірлерінде сүт шаруашылығын дамытуға барлық жағдайды жасап, өз жұмыстарының нәтижесін көрсетуі тиіс. Жобаның аяқталу мерзіміне дейін санаулы уақыт қалды. Кеңесте облыс әкімі хаттамалық тапсырмасының орындалуы қатаң бақылауда болатыны айтылды.
– Жобада бірінші кезеңде 3050 басқа арналған тоғыз тауарлы-сүт фермасын салу қарастырылған, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы міндетін атқарушы Арман Тұрсынбеков. – Сонымен қатар, 9,2 мың басқа арналған 28 тауарлы-сүт фермасы қайта жаңғыртылмақ. 36 сүт қабылдау пунктін құру арқылы облыста сүт өндірісінің көлемі 27 мың тоннаға көбеймек. Осы шараларды атқарудың нәтижесінде жергілікті сүт зауыттарының сүт өңдеу қуаты 53 мыңнан 80 мың тоннаға дейін (немесе 35 пайыздан 52 пайызға) артады.
Баяндамашы халықтан сүт сатып алатын сүт қабылдау пункттерін, жаңа тауарлы-сүт фермаларын ашу, ескілерін қайта жаңғырту бойынша қалыптасып отырған нақты жағдайды баяндады. Бұл іске жауапкершілікпен қараған жерде нәтиже бар, бақылау, қадағалаусыз қалған аумақтарда жағдай керісінше.
Кеңес барысында сүтті мал шаруашылығын дамыту жобасының жүзеге асырылу барысы туралы Семей, Риддер қалалары, Көкпекті, Ұлан аудандары әкімдерінің орынбасарлары ақпарат берді. Оларға жергілікті жерде сүт жинау, сүт өндірісін өркендетуге қатысты нақты тапсырмалар жүктелді. Дүйсенғазы Мусин проблемалар туындап отырған нысандар орналасқан аудан басшыларымен, жауапты тұлғалармен онлайн режимінде сөйлесіп, жауаптарын тыңдады, жүйелі жұмыс істеудің бағыт-бағдарын нұсқады.
Субсидияландыру жүйесінің республика көлемінде жетілдіруіне орай ауыл шаруашылығындағыларға қосымша мүмкіндіктер туып отыр. Осы жаңа мүмкіндіктерді тиімді пайдаланудың жолы, жөні жайында айтқан Арман Тұрысбеков барлық ауыл шаруашылығы саласы құрылымдарының өкілдеріне субсидияландырудың шарттары мен талаптарын жеткізді. Облыс әкімінің орынбасары шаруаларды мемлекеттік қолдау тетіктерін барынша тиімді пайдалана алуға шақырды.
Жиын соңы күзгі жиын-терін науқанына, қыстық мал азығын дайындау мәселесіне арналды.
– Бүгінгі күні облыста жалпы егістік алқабының 12,7 пайызы жиналды, – деді облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин. – Барлығы 600 мың гектар дәнді-дақыл жиналмақ. Астық шығымы гектарынан 19,4 пайызды құрап отыр. Өткен жылы бұл көрсеткіш 14,8 пайызды құраған.
Астықтан Глубокое ауданы – 28,8 центнер Катонқарағай – 35, Тарбағатай – 25, Үржар 23 центнерден мол өнім жинап жатыр. Шығыс Қазақстанда биыл астық бітік шығып отыр. Мол өнімді ысырапсыз жинап алу қажет.
Шығыс-Ақпарат