Қанатқақты жоба тұңғыш рет біздің облыста қолға алынды
Біздің өңірде халықты баспанамен қамту үшін қанатқақты бағдарлама қолға алынды. Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВТІҢ тапсырмасына сәйкес «Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі» АҚ облыстық филиалы, «Ертіс» ӘКК АҚ және жергілікті атқарушы органдар үшжақты меморандум жасасып, ауқымды жұмыстар атқарып жатыр. Соның нәтижесінде келер жылы кешенді бағдарлама аясында 600 пәтер қолданысқа беріледі.
Жуықта халықты баспанамен қамтуға байланысты өткен баспасөз мәслихатында облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Мәди Отарбаев аймақтағы салынып жатқан үйлердің жай-күйімен таныстырды, жобалармен, жоспарлармен бөлісті.
– Елбасымыздың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауы аясында облыс әкімінің тапсырмасымен облыстық бюджеттен 3 млрд теңге бөлініп, құрылыстың қарқын алуына бағытталды. Бүгінгі таңда жалпы саны 600 пәтерлі көпқабатты үйлердің құрылысы жүргізіліп жатыр, – деді Мәди Отарбаев.
Облысымызда баспана мәселесін шешу үшін әртүрлі бағытта көптеген үйлердің құрылысы басталып, кейбіреуі қолданысқа беріліп те жатыр. Жоғарыда аталған үшжақты меморандумға сәйкес «Ертіс» ӘКК АҚ арқылы 8 үйдің құрылысы жүріп жатыр, оның үшеуі – Өскеменде, бесеуі – Семей қаласында. «Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы 12 үй салынады. Ал кезекте тұрған азаматтар үшін жалдамалы көпқабатты 14 үй және бір қабатты екі үй бой көтереді. Ол үйлердің он бірі Өскеменде, біреуі Риддерде, енді бірі Үржар ауданында салынып жатыр. Үржарда сонымен қатар, бір қабатты екі үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұлардан бөлек облыс орталығындағы азаматтарға жалдамалы алты үй беріледі деп жоспарлануда. Қазақстан ипотекалық компаниясы арқылы төрт үйдің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Ол үйлердің біреуі – Өскеменде, біреуі – Семейде, ал қалған екеуі Ұлан ауданының Қасым Қайсенов кентінде. Сондай-ақ, «Самұрық Қазына» АҚ бойынша 9 үйдің құрылысы Өскеменде жүргізілуде. Жекеменшік құрылысшылардың салып жатқан үйлері тағы бар.
Жас отбасылар тізіміне кіріп, өздеріне тиесілі баспаналарын күтіп жүрген азаматтардың жолдаған сауалына да Басқарма басшысы жауап берді оның айтуынша, Өскемендегі 19-ықшам ауданда жас отбасыларға арнап салынып жатқан 37/1 позициялы үйдің құрылысы жылдың соңына қарай аяқталады.
Семейде салынып жатқан 36 пәтерлі бір үй осы айда қолданысқа беріледі. Бұл туралы «Ертіс» ӘАК ҰҚ» АҚ құрылыс департаментінің директоры Нұржан Жапаров айтты. Салынып жатқан үйлердің қалғаны келер жылдың еншісіне қалып отыр.
Баспасөз мәслихатында сөз алған «Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі» АҚ филиалы облыстық директорының орынбасары Айнұр Мейірбаева: – Облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған үш жақты келісім бойынша жасалған бағдарлама біздің облыста ғана қолға алынды. Осы кешенді бағдарлама аясында «Ертіс» ӘАК ҰҚ» АҚ үйлердің құрылысын жүргізіп, «Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі» арқылы халыққа ұсынады. Осы аталған кешенді бағдарлама аясында өткізілетін конкурсқа кез келген азамат қатыса алады. Тек банк салымшысы болуы тиіс, – деді.
Республикада тұңғыш рет қолға алынған қанатқақты жобаның халықтың баспаналы болуына зор ықпалын тигізері анық. Жоспардағы үйлер салынып біткеннен кейін де, жоба жалғасын таба бермек.
Мерей Қайнаров