Қоғам

Анасының жүрегі алдамапты

Анасының жүрегі алдамапты


«Мамандық таңдауда қателесуге болмайды» деп жатамыз. Кейде адам мандықты емес, мамандық өзінің иесін табатындай көрінеді. Төтенше жағдайлар қызметінің ардагері, азаматтық қорғаныс подполковнигі Майдан Әбубәкіров осыған мысал.

Майдан ағамыз – Ұлан ауданының тумасы. Балалық дәуренінің бұлыңғыр елесі Есенгелді ауылында қалды.

– Әкем жұмыс барысында болған әлдебір төтенше жағдайдың салдарынан 29 жасында қайтыс болды. Осы Өскеменде жерледік. Шиеттей баламен анам қалды аңырап. Сол бір сұрапыл соғыс басталған шақта, атам мен әкемннің аға-бауырлары бізді Есенгелдіге көшіріп алды. Өзге туғандарын да бір шаңыраққа жинап, «ұзаса екі-үш айда қайтып келеміз» деген үмітпен майданға аттанып кете барды. Сол тұста біздің балалық балғын шағымыз да аяқталды деуге болады. Атам Сталинград түбіндегі шайқаста қаза тапты. Ағаларымнан соңғы рет «Жаудың бетін бір қайтарып оралдық. Аздаған дайындықтан кейін майданға қайта аттанамыз» деген хат-хабар алдық. Сол кеткеннен мол кетті. Ұшты-күйлі жоғалды, – деп күңірене ақтарылды көне көкірек.

– Тірі адам тіршілігін жасауы керек. Анам күн көріс қамымен Өскемендегі үйімізге оралып, май зауытына жұмысқа тұрды. Біртіндеп қараусыз қалған анасы мен екі сіңілісін көшіріп алған. Ал мен ауылда, немере апайымның тәрбиесінде қалдым. Тек 47-ші жылы ғана Жамбыл интернатына бірінші сыныпқа келдім. Мектепті бітіре салып, ІІМ-нің өрт сөндіру-техникалық училищесіне түстім, – деп жалғайды әңгімесін ол.

Студенттік шағында спортты жанына серік еткен Майдан Қадылбекұлы әскери лагерьде болып, офицерлік шен алып шығады. Алпысыншы жылы үш жолдасымен туған топыраққа оралған. Өзге өңірлерден келген төрт жігіт бар. Жұмыс істеуге ниет білдірген жеті бірдей жас түлектің арасынан басшылық ұландық жас өренді таңдап алған көрінеді. Осылайша кейіпкеріміз еңбек жолын өрт қауіпсіздігі қызметінің облыстық бөлімінде бастайды. Құр аттай қунақ шағында инсперктор Майдан еңбекқорлығымен көзге түседі. Әртүрлі құрылыстық жобаларды бекітуде шеберлік танытқан ол, бес жыл ішінде осы саланың аға инженері дәрежесіне көтеріледі. Бұдан әрі білігін жол-құрылыс училищесінде шыңдайды жас маман. Ал Күршім ауданына жұмыс бабымен барған кезекті бір сапарында Майдан Әбубәкіровтің өмір жолын түбегейлі өзгертуге түрткі болған жағдай орын алады.

– Екі полковник келіп, Мәскеуден шақырту келгенін жеткізді. Уақыт ұттырмай бардым. Ондағылар «келер жылы осында келіп ІІМ-нің жоғары мектебіне түс» деді. Келістім. Керек деген құжаттарды жинап бердім. Тек өз қалауыммен оқуды аталмыш мектептің Алматы қаласындағы филиалында жалғастыратын болдым. Сөйтіп заң-құқық саласының дипломына қол жеткіздім. Ендігі сәтте алдымда абыройлы қызмет атқару міндеті тұрды, – деп еске алады қарт.

Анасының жүрегі алдамапты

Бұдан кейінгі ол еңбек жолын ішкі істер департаментінде жалғастырады. Ол тұста өрт қауіпсіздігі қызметінің аталмыш органға енді қараған шағы еді. Уақыт өте мәнсабы жоғарылаған Майдан Қадылбекұлы өзі қыр-сырын жетік білетін өрт қызметінің дамуына бір адамдай еңбек сіңірді. Төтенше жағдайлар қызметінің құрылымын жаңартып, білікті мамандарды жасақтады. Кейіпкеріміздің жеке басын құрмет тұтатын талай кәсіби шеберлер өздері келіп, оның қарамағында жұмыс істеуге ниет білдіріп жатты. Аудандарды аралап, болашағынан үміт күттіретін студент жастарды жетелеп әкеліп, жұмысқа орналастырды. Тыңғылықты тәжірибе мен жастық ерік-жігер таяуда ғана таған тартқан өрт қызметінің жұмысын ілгерілетіп, жүйелі түрде жолға қойды. Бұл жолда аянып қалған Майдан жоқ. 34 жыл үш ай екі күндік ғұмырын сарп етті осы салаға. Мәртебелі жастығы тілсіз жаумен айқаста өтті. Бір қызығы, кейіпкеріміз әуел баста шекара қызметіне бармақ болған. Алайда анасы қарсылық білдіріп, осы жолға түсуіне ықпал еткен. Ана жүрегі алдаған ба?! Осы қызметі астына тақ болмаса да, анасы екеуінің басына баспана әперді. Тынбай тер төккен ердің еңбегі де еленді. Бірінші санатты маман атанды. Кеңес өрт қауіпсіздігі қызметінің және ІІМ-нің үздігі, Құрметті ардагері болды. Төсінде бұдан өзге де небір төсбелгілер мен медальдар жарқырайды. Ең мақтанышы сол – өзі айтқандай елі үшін барын бере білді.

Майдан ағамыз бұл күнде үш ұлды ұяға қондырған әке. «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» дейді қазақ. Әскери қызмет жолына түскен немерелер де бар. Өзі күн ұзақ кітапты серік етеді.

– Жас кезімізде қызмет қуып жүріп, осы кітаптарға мойын бұратын уақыт болмады. Алашапқын заманда өтті ғой дәуреніміз. Алаш арыстарының еңбектері бұрыннан қызықтыратын. Оған мүмкіндік те болмады, ашығын айтсақ. Ендігі бар ғұмырды кітап оқумен ғана өткізсем де болады, – дейді ол.

Подполковник қазір «ДАД» қызметінде істеймін дейді сұраған елге. Бұл қарттың дүкенге барып, ара-тұра ауруханаға қаралып, жолай дәріханаға соға кететін қазіргі тұрмысын білдіретін риясыз қалжыңы. Қалжыңы әрі шындығы…

Оразай Жеңісұлы

Осы айдарда

Back to top button