Руханият

Анасынан дарыған өнерді аялап келеді

 Бұрындары қазақтың кез келген шаңырағына барсақ, қолына ине-жібін ұстап іс тіккен, құрақ құраған аналарымыз бен қыз-келіншектерді жиі көретін едік қой. Қазір бәрі өзгерген. Қазіргі қыз-келіншектер құрақ құрап, іс тігуге емес, ұялы телефонды шұқылап уақыт өткізуге құмар. Бір қынжылтатыны,  он саусағынан өнер тамған   қолөнер шеберлерінің қатары сиреп келе жатқандығы.

Күләштің анасы Бикамал Баелованы Күршім ауданының тұрғындары әлі де ұмытпаған шығар.  Шеберлігімен аты шыққан Бикамал апаның қолынан шыққан қолөнер бұйымдары әлі  талай үйде сақталған да болуы мүмкін. Өзі жайлы әңгіме тиегін ағытпас бұрын Күләш апай анасы жайлы айтқанды ұнатады. Өйткені «шеше көрген тон пішер» дегендей, Күләштің бүгінгі шеберлігінің сыры шындап келгенде анасының берген тәлім-тәрбиесінде жатыр.

-Ес білгелі қолөнер дегеннің не екенін біліп, көзіміз қанығып өсті ғой. Бір қарағанымызда анамыз алаша тоқып отырады, бір көргенімізде құрақ құрап, тағы бірде көйлек тігіп отыратын.  Кішкентайымыздан көріп өскен дүние болғандықтан қолөнер жанымызға ерекше жақын, табиғатымызбен үндес, – дейді Күләш Әбенқызы.

Айтуынша, анасы Бикамал 1938 жылы  Күршім ауданы, Қойтас ауылында дүниеге келіпті. Жастайынан анасынан айырылып, жетім қалғанымен,  әке тәрбиесіне қанып өсіпті. Әкесі Торғай темірден түйін түйген ұста адам. Әрі  етікшілігі,  зергерлігі тағы бар.  Байдың қыздарына шоңқайма етік тіккен. Буыны қатпай-ақ еңбекке араласқан Бикамал 14-15 жасынан ауылдағы ұзатылатын қыздардың жасауын дайындауға қолғабыс етеді. Өзі де  жасы жиырмадан асқанда Ақсуат ауылының Әбен Баелов деген жігітіне тұрмысқа шығады. Жолдасы Әбен 1972 жылдан Жолнұсқау ауылындағы мектепте оқу ісінің меңгерушісі болып қызмет етіпті.  Бірақ Бикамал ана құрақ құрап, іс тігуді ешқашан тастамаған. Оған үлкен өнер ретінде қараған. Үйдің шаруасынан сәл  босап, қолына ине-жіп алған күн ол үшін мереке десе  де болғандай. Қиялына қанат бітіп, шабыты шарықтап жүре беретін. Құрақ қиықтарын бір-бірімен үйлестіру дегеннің өзі үлкен шеберлікті қажет етеді. Мұндай кездері  қыздары Күләш пен Назгүл, Альмира мен Айнұр да қасынан шықпайды.

  • Анам марқұм «Әрбір үйде құрақтан жасалған бұйым болуы қажет. Ол отбасының берекесі мен ынтымағын білдіреді» деп отырушы еді. Құрақ – қолөнердің ерекше бір түрі ғана емес, мұнда халықтың наным-сенімі де жатыр ғой. Ойлап қарайтын болсаңыз, қиық-қиық маталарды құрап, көрпе құраудың өзінде үлкен философия жатыр. Біздің халық құрақ бұйымдар отбасының ғана емес, рулы елдің, тәмам тайпаның береке-бірлігін нығайтады деп сенген. Ертедегі қазақтар құрақтан тігілген бұйымдар тіл-көзден сақтап, шаңыраққа шаттық, бақыт алып келеді деп ырымдаған, – дейді Күләш Әбенқызы.

Айтуынша, анасы құрақ құрау үшін алдымен қажетті маталарды іріктеп алып, содан кейін  оларды түр-түсі мен матасына қарай тағы да сұрыптайтын.  Жалпы, қазақта құрақтың 200-ден астам түрі бар деседі.  Олардың ішінде «аққу құрақ», «ши құрақ», «ай құрақ», «шаршы құрақ», «гүл құрақ», «мүйіз құрақ», «қиықша құрақ», «үшбұрыш», «төртбұрыш», «ботакөз», «жұлдызша», «тырна», «майда», «гүл», «ою», «мүйіз», «сегіз сай», «торкөз», «алма» деген түрлері халық арасына кең таралған көрінеді. Мысалы, қазақ ұзатылған қыздың артынан жасау апарғанда «аққу құрақ» көрпесін апаратын болған.

Күләш апай ою-өрнекті де орнымен қолдану керек екенін айтады. Ою-өрнектің де өзінің айтар ойы, мағынасы бар. Бас киімнің оюын киімнің етегіне немесе шалбардың балағына салуға болмайды. Мысалы, «ит құйрық» аталатын өрнек ешқашан бас киімге қолданылмайды. Бұл шебер үшін үлкен сын. Сондықтан ою оятын адам оның тарихын да жақсы білгені абзал.

Күләш Әбенқызының негізгі мамандығы – мұғалім. Негізі үйдегі төрт қыздың төртеуі де ұстаздықты  таңдапты. Өйткені атасы Ғазиз, әкесі Әбеннің өзі педагог болған адамдар. Марқұм атасы ауылда алғаш болып мектеп ашқан. Сонау Самар өңірінен бөренелерді сүйреп әкеліп, мектеп салғанын бертінге дейін ауыл адамдары жыр етіп айтып отыратын.

Өскемен қаласында Күләш Әбенқызы №100 балабақшада тәрбиеші болып қызмет атқарады. Бірнеше буын  ұрпақты тәрбиелей жүріп, өзі де  тәжірибе жинақтап, Алматы қаласындағы мемлекеттік тілді дамыту институты жанынан «Іс-тәжірибелер топтамасы» атты балабақша тәрбиешілері мен мұғалімдеріне арналған әдістемелік құралы жарық көрген. Сол жерде зейнетке шыққанша еңбек етті. Күнделікті тірлікке үйреніп қалған адам зейнетке шыққан соң да үйде алаңсыз отыра алмай,  Өскеменде  «Балбөбек» балаларды дамыту орталығын ашты.

-Білесіз бе,  «Балбөбек» балаларды дамыту орталығын ашу туралы ой маған қалай келді?  Маған  бұл ой осыдан  5-6 жыл бұрын келді. Немерем Кәусаржанды 1 жас 5 айынан ерте жастан дамыту орталығына апарып жүрдім. Маған қатты әсер етті. Өкінішке қарай, ана тіліндегі дамыту орталықтары болмады.  Осы ой маған тыныштық бермеді. Ол кезде Өскемендегі №100-ші балабақшада «сәбилер» тобында тәрбиеші едім. Зейнетке шыққан соң, ойымды іске асыруды қолға алдым. Өзімнің алдыма мақсат қойдым. Жинаған тәжірибемді дамытып, идеяларымды іске асыруды қолға алдым, – дейді Күләш Әбенқызы. Бірақ «Балбөбек» дамыту орталығының жұмысы енді жанданып келе жатқанда, індет басталды. Орталық жұмысы тоқтады.

-Алғашында індеттің барына жұрт сенбеді. Кейін көздері жетті. Жақында өзім де ауырып тұрдым, – дейді кейіпкеріміз.

Әрине, анасынан дарыған өнерді өлтірмей, дамыту Күләш апайдың үлкен арманы. Өзі де уақыты болса, құрақ құрап, қиялына қанат бітіреді.  Бір қуанатыны, қазір Бикамал анамыздың өнерін  келіндері Гүлнәзи, Зина, Қарлығаш, Мархабат та жалғастырып жүр.  Тегінде «Келін  – қайын ененің топырағынан» деген рас.

-Шамам келгенше араға дәнекер болып анамыздың өнерін насихаттап жүремін. Немере-шөберелері әжелерінің қандай шебер болғанын білсе, анамның қолынан шыққан бұйым әр шаңырақта тұрса деймін. Кездескен сайын көзбен көргенімді, көңілге түйгенімді айтып, жарнамалап жүремін, – дейді Күләш Әбенқызы.

Иә, осындай аналар барда, ұлттық өнер ешқашан өлмек емес. Қазақтың қолөнері ғасырдан ғасырға жете береді…

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button