Қоғам

Анастасияның алар асуы алда

Шығысқазақстандық жеңіл атлет ел чемпионы атағын жеңіп алды. Оның фамилиясы – Рыпакова. Бірақ бұл сіз ойлағандай, Ольга Рыпакова емес. Бұл жолы тұғыр биігіне даңқты жерлесіміз, Олимпиада ойындарының үш дүркін жүлдегері Ольга Рыпакованың қызы Анастасия көтерілді.

Осыдан біраз бұрын Астанада жеңіл атлетикадан ел чемпионаты мәресіне жетіп, аталмыш додада шығысқазақстандық спортшылар үздік нәтижелердің бірін көрсеткен болатын. Соның ішінде Анастасия Рыпакованың жетістігі талай спорт маманын таң-тамаша еткені анық. Елорда төріндегі жарыста ұзындыққа секіруге ден қойған бойшаң бұрымды екпінмен жүгіріп келіп, 6,25 метрге бірақ қарғыды. Сөйтті де, күмәнсіз алтын медаль олжалады. Көзі қарақты оқырманымыз білуі тиіс, өз уақытында Ольга Рыпакова да ұзындыққа (үш қарғып секірумен шатастырмаған жөн) секіріп, жүлде алған болатын. Нақтырақ айтсақ, 2015 жылы  6,41 метрге, ал екі жылдан кейін 6,44 метрге тең межені бағындырған еді. Ана Рыпакованың жабық кешендердегі үздік нәтижелері осындай. Алдағы уақытта бала Рыпакова да анасының көрсеткішін қайталап, тіпті одан асып түседі деген сенім мол.

Сол сияқты, желаяқ жігіттеріміз де жарады. Астанадағы байрақты бәсекеде спортшыларымыз 4х200 және 4х400 метрге жүгіруде алдына қара салдырмады. Сондай-ақ Элина Михина 200 метрге жүгіруде, Надежда Дубовицкая биіктікке секіруде (1,88 метр), Белоусовка кентінің тумасы Андрей Соколов 400 метрге жүгіруде топ жарды. Бұдан бөлек Айым Қайсанова, Андрей Лаврушенко, Ақылжан Тоқтағалин, Артур Гафнер сияқты спортшыларымыз да медаль алғанын айтқан жөн.

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button