РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ«AMANAT»ҚоғамТОП

Анамның қайта жадырап күлгенін көргім келеді

Михаил 42 жаста, өмірінің көбін абақтыда өткізген. Алғаш рет 18 жасында қарақшылық шабуыл және ұрлық үшін сотталды. Екінші рет 23 жасында сотты болды – тағы да қарақшылық және ұрлық. Ал 2006 жылы Қылмыстық кодекстің 99-бабы, 2-бөлігі, яғни кісі өлтіргені үшін сотталды.

«ALTAI-NEWS» медиа-орталығының контент-редакторы ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандар жазасын өтеп жатқан түрмеде болған еді.

Мұнда стерильді тазалықтың иісімен қатар үмітсіздік, өкініш сезіледі. Бұл менің алғашқы әсерім.

Тексеру мұқият болды. Шымылдықтың арғы жағында өне бойымды түгел тексерді. Бұл мезетте мақала кейіпкері бізді күтіп тұрған. Біз мекеме басшысының кеңсесінде отырғанда сәл ыңғайсызданып, қобалжыған, қырықтар шамасындағы ер адам балдақпен кіріп келді.

– Танысып қойыңыз, бұл Михаил (кейіпкердің аты өзгертілген). Ол сізге өзінің өмірі және мұнда қалай келгені жайлы айтып береді, – деді сотталушыны таныстырған облыстық Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті ОВ №16 мекемесінің бастығы Ермек Айтмұқашев.

Сотталушы сәл жымиып, отыруға ыңғайланды. Мекеме басшысы оған барынша көмектесіп, қолындағы балдақтарын алып, демеп отырғызып, өзі де қарсы бұрышқа жайғасты. Ер адам қолы дірілдеп тұрғандығына қарамастан күлімсіреп, мейірімді кейіп танытуға тырысты. Мен бетперде киіп отырмын (мекеменің ережесі сондай), дегенмен кейіпкерімді әңгімеге тартуға тырыстым.

– Михаил, өзіңіз туралы айтып беріңізші, неше жастасыз? Қай жерде тудыңыз және мұнда қалай түстіңіз?

– Мен ауқатты және бақытты отбасында дүниеге келдім. Үлкен ағам бизнеспен айналысты, бірнеше дүкеніміз болды, ағам тіпті маған бірнеше дүкенді басқаруды ұсынды. Анам бухгалтер болып істеді, әкем де жұмысбасты болды. Ал мен жас едім, сол жастық шақтың буымен адреналин, шытырман оқиғаларға әуес болдым.

Бір күні такси шақырдым, ол кезде 18 жаста едім, келген жүргізуші менің ақшам көп екенін байқап қалып, көбірек ақша алмақ болды. Кенет ол қолына монтировка алғанын көрдім. Шұғыл қорғанбасам, ол мені ұратынын білдім. Сөйтіп, мен оның қолын бұрап, өзін жүк салғышқа салып, досыма бардым. Одан кейін оны босатып, «не үшін жазаланғаныңды түсіндің бе?» деп сұрадым. Ол «иә» деп жауап берді. Сонымен тарқасқан едік. Бірақ кейін үстімнен іс қозғалып, сотталдым.

– Ал екінші рет не үшін түстіңіз?

– Ол кезде 23 жаста едім. Магнитола ұрлап, бір жыл отырдым. Үш айлық қызым шетінеп кеткендіктен шартты түрде босатылдым. Балам жүрек сырқатымен дүниеге келген еді, оның өлімі мен үшін қатты күйзеліс болды. Өйткені балаларды жақсы көремін.

– Үшінші рет не үшін сотталдыңыз?

– Мен босап шыққаннан кейін жаңа өмір бастауды жоспарлаған едім. Бірақ маған бір адам келді. Біз бала кезден таныс едік. Ол сол кезде іздеуде жүрген, оны жасыруымды өтінді. Мен оны Өскеменде паналатуға дайын адамдарды таптым. Біз сол жерге келдік, сонымен…

Сіз адам өлтіргенін көрдіңіз бе? Байқауымша, жоқ. Мен сол мезетте абдырап қалдым, есеңгіреп қалдым…

– Сонда танысыңызға көмектестіңіз бе?

– Жоқ. Мен жай қарап тұрдым. Тергеу болған кезде кісі өлтірген қарудан менің саусақ іздерім табылған жоқ. Менің бар кінәм – қылмыстың алдын алуға әрекет етпей, қарап тұрғаным.

– Адам қалай көз жұмды?

– Пышақ жарақатынан.

– Одан кейін не болды? Сіз қылмыскерге мәйіттен құтылуға көмектестіңіз бе?

– Жоқ, біз жай ғана кетіп қалдық, мәйітті пәтерде қалдырдық. Мен Алтайдағы тағы бір досыма хабарластым, ол бізді жасыратынын айтқан соң сол жаққа кеттік. Келген кезде бізді досымның әпкесі қарсы алды. Біз орналасқан соң мен арақ алуға шықтым. Жасыратын несі бар, ішімдік ішкім келді. Әсіресе, манағы көріністен кейін. Дүкеннен келгенде, досымның әпкесі менімен еріп келген досым оның танысымен жанжалдасып қалып, екеуі жоғарыға көтеріліп кеткенін айтты. Біз де солай барғанда оның танысы қайтыс болғанын көрдік. Сол жерде досым екеуміз жанжалдасып қалдық, бірақ төбелеске ұласқан жоқ.

Досымның әпкесі төменге түсіп, полиция шақырған, артынша бізді алып кетті. Осылайша мен бостандықта небары қырық күн болдым. Маған 25 жыл берді, ал досым өмір бойына сотталды. Ол қазір Қостанайдағы «Қара бүркітте».

-Сізді үйде кім күтіп отыр?

– Анам. Өкініштісі әкем мен ағам бақилық болды. Әйелім де күтіп жүр. Ол анаммен бірге үш айда бір рет кездесуге келеді. Үйдің дәмін әкеліп, барынша қуантуға тырысады.

– Сізге бұл жердің тағамы ұнамай ма?

– Жоқ, мұнда да жақсы тамақтандырады, дәмді әрі тойымды. Шырын мен жемістер де береді. Рационда ет тағамдары да бар. Дегенмен үйдің тамағының орны бөлек қой.

– Балаларыңыз бар ма?

– Иә, әйелімнің бірінші некесінен екі баласы бар. Қызым жиырма жаста, сұлулық индустриясының маманы, өзі жақында балалы болды, сондықтан мен атамын. Ұлым 15 жаста, мектепте оқиды, олимпиадаларға қатысып, нәтижелерімен қуантады. Жақында қалалық сайыста бірінші орын алып, енді облыстыққа қатысады. Ол дәрігер болуды армандайды. Ұлым мен қызымды мақтан тұтамын.

-Балалар сізді қалай атайды?

– Әке деп. Бірақ мен оларға мұнда келуге рұқсат бермеймін. Мені осындай күйде көргенін қаламаймын. Маған тек анам мен әйелім келеді. Анам 66 жаста, бірақ өте белсенді, жігерлі, зейнетке шыққаннан кейін де жұмысын жалғастырды. Қазір жалғыз тұрады, бірақ үнемі бірдеңемен айналысып, немерелерімен араласып, бәріне көмектеседі және мені күтіп жүр.

Тағы балалы болуды қалайтын шығарсыз?

– Әрине. Мейлі, ұл немесе қыз болса да, қанша болса да Құдайдың қолында. Бостандыққа шығуыма әлі сегіз жыл уақыт бар.

– Бостандықта не істеуді жоспарлап отырсыз?

– Қазір етікші болып жұмыс істеймін. Үнемі үйреніп, дағдыларымды жетілдіріп отырамын. Кейін осымен байланысты шағын кәсіп ашсам деймін. Мұнда мен нағыз шеберден үйреніп жүрмін. Осы орайда мекеме басшылығына алғыс айтқым келеді. Олар бізге барлық жағынан көмектесіп, еңбек терапиясы арқылы алдағы күндердегі бостандықтағы өмірге бейімдеп жүр.

– Сіз жалақы аласыз ба?

– Жоқ, мұны өзім үшін істеймін. Мен мүгедектігім үшін жәрдемақы аламын. Әзірге бұл маған және менің отбасыма жеткілікті.

– Ал сіз мүгедектікке қалай ұшырап қалдыңыз?

– 2012 жылы құлап қалдым. Ол жағдай бұл колонияда болған жоқ. Алғашында мен бес жыл бойы жазамды еліміздің солтүстігіндегі Жаман-сопка деген жерде өтеген едім.

– Ұлыңызбен не жайлы сөйлесесіз?

– Оның жетістіктері, армандары мен тілектері туралы сөйлесем. Ол маған өзінің мектебі жайлы айтады. Жалпы, жылы қарым-қатынастамыз.

– Сіз немен айналысасыз, бос уақытыңызды қалай өткізесіз?

– Біз сағат 6.00-де тұрып, таңғы ас ішеміз, содан кейін жұмысқа барамыз. Сағат 12.00-де түскі ас. Сағат 17.00-де кешкі ас. Сағат 22.00-де ұйықтаймыз. Үзіліс кезінде кітап оқығанды ұнатамын. Жүзден астам кітап оқып тауыстым. Соңғысы – Грегори Робертстің «Шантарам» кітабы. Негізінен тарихи шығармалар ұнайды. Кейде теледидар көремін.

– Діндар адамсыз ба?

– Әр адамда Жаратушыға сеніп, жүгінетін сәттері болады. Мен де солай. Әкей бізге айына бір рет келеді, қажет болса – жиірек келеді. Мен жүрегімді ашып, қателігімді мойындап, мазалаған сұрақтарымды қоямын.

– Мұндағы тұрмыстық жағдайларыңызға тоқталып өтсеңіз.

– Біз барак түріндегі жеке үйлерде тұрамыз. Әскердегі казармаға ұқсайды. Жуынатын бөлме, асхана, демалыс бөлмесі бар. Өзара тату өмір сүреміз, қажет болған жағдайда бір-бірімізге көмектесуге тырысамыз.

– Мерекелерді атап өтесіздер ме?

– Әрине. Бізде арнайы мерекелік бағдарлама дайындап, өнер көрсететін шығармашылық адамдар бар. Атаулы күндері мерекелік дастархан жайылады.

– Бостандыққа ертерек шығудан басқа тағы қандай арманыңыз бар?

– Арманым – жақындарым қайтадан бұрынғыдай жадырап күліп жүрсе деймін. Әсіресе анам. Өйткені қуаныштың не екенін әлдеқашан ұмытқан сүйікті анаңның көзіне қарау – өте қиын және қорқынышты.

– Сізді күтем деп уәде берген болар?

– Әрине! Осы ойлар ғана мені өмір сүруге жетелеп, ары қарай талпынуыма күш-қуат береді.

ШҚО бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті ОВ №16 мекемесінің бастығы Ермек Айтмұқашевтің айтуынша, қазір мұнда 690 адам жазасын өтеп жатыр. Олардың барлығы ауыр және аса ауыр қылмыстары үшін сотталған. Ең жас тұтқын – 2001 жылғы болса, ең үлкені 86 жаста.

– Сотталғандар арасында жазасын өтеу мерзімі аяқталғанға дейін қайтыс болу жағдайы қаншалықты жиі кездеседі?

– 10 жыл ішінде мұндай жағдай болған емес. Егер ауру болған жағдайда денсаулығына байланысты босатылуы мүмкін.

– Мұнда карцер бар ма?

– Заңнамаға сәйкес, карцер бұрыннан жоқ, тек ДИЗО (тәртіптік изолятор) бар. Оған тәртіп бұзғаны үшін, негізінен арнайы форманы кимегені үшін түседі. Мұның өзі өте сирек. Өйткені сотталушылардың әрқайсы неғұрлым тыныш жүріп, еркіндікке, үйіне тезірек шыққысы келеді.

– Осы жүйеде жұмыс істегеніңізге көп уақыт болды ма? Жұмысыңыз өзіңізге ұнай ма?

– Әскерден кейін бірден келдім. Жиырма жылдан бері осында жұмыс істеймін. Жұмыс міндетті түрде ұнау керек емес, оны орындауымыз керек. Ал біз заң күзетінде тұрмыз және бейбіт тұрғындардың тыныштығын қорғаймыз.

Сарапшы пікірі

Лилия Куземко, психолог, облыстық білім басқармасының «Өңірлік психологиялық қолдау және көмек орталығы» КММ директорының міндетін атқарушы:

– Жастардың «бұрыс жолға» түсуі әдетте 18 жасында болады. Әрине, бұл бала кездегі немесе жасөспірім кездегі тәрбиенің салдары. Мысалы, бала қолайлы отбасында тұрса да жасөспірімге шамадан тыс шектеу мен тыйым салынуы мүмкін, ал бұл ашу-ыза мен агрессия тудыруы ықтимал. Дегенмен тәрбиелі отбасылардың балалары да ата-анасының қасынан алыстағанда еркіндіктің «дәмін» татып, әртүрлі теріс әрекеттерге баруы мүмкін.

Мұндай отбасыларда «жағымсыз тәжірибе» талқыланғаннан гөрі айыптала берген соң бала қандай да бір шешім қабылдаудан қорқуы мүмкін. Көп жағдайда мұндай балалар ойлауды, салыстыруды, қорытынды жасауды, салдарын көруді, шешім қабылдауды, балама тәсілдерді табуды білмейді. Өйткені кезінде оларға рұқсат етілмеді немесе олар үшін шешім қабылдады. Сондықтан тыйымдар мен рұқсаттар арасындағы тепе-теңдікті сақтау, балаға өз тәжірибесін алуға және қателіктер жіберуге мүмкіндік беру қажет. Жасөспірімнің өмірінде не болып жатқанына қызығушылық таныту және қалай әрекет ету керектігін талқылау, оның құндылықтары жайлы білу, балаға ата-ананың өзі үлгі бола білу,  баланың ой-пікірімен санасу, құрмет көрсету және өз тәжірибесі туралы айту өте маңызды.

 

                                   Аударған – Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button