– Анамнан төзімділік, әкемнен табандылық қасиеттері дарыса керек
Ольга Рыпакова, Олимпиада чемпионы:
Жеңіл атлетикадан еліміздің ең даңқты спортшысы, Олимпиада ойындары медальдарының толық жиынтығының иегері, Лондон-2012 Олимпиадасының чемпионы, Пекин-2008 Олимпиадасының күміс жүлдегері, Рио-2016 Олимпиадасының қола жүлдегері Ольга Рыпакова кәсіби карьерасын аяқтады. Үш Олимпиада ойындарында көк байрағымызды желбіреткен жерлесіміздің осындай биік асуларды бағындыруының сыры неде? Спорт залына сегіз жасында келген қаршадай қыз бұл үлкен жетістіктерге қалай жетті? Даңқты жеңіл атлет бізбен өзінің табыс құпиясымен бөлісті.
«Қарапайым спорт залында жаттықтым»
– Ольга Сергеевна, сіздің балалық шағыңыз қалай өтті?
– Мен қарапайым отбасында дүниеге келдім. Әкем – жеңіл атлетикадан жаттықтырушы, анам жол-құрылыс институтында қызмет істеді. Сол кездегі кеңес балаларының өмірінен көп айырмашылық болған жоқ. Ата-аналары балаларын бос уақыттарын тиімді пайдалану үшін әртүрлі үйірмелерге, спорт секцияларына беретін жақсы дәстүр болған. Мені әкем сегіз жасымда бұрын өзінде жаттыққан, жас жаттықтырушы Татьяна Назарованың секциясына алып келді. Кейін бапкерім – әкем болды. Осылайша спорт әлеміне алғашқы қадамымды мен екінші құрамның сапында №37 орта мектептің спорт залында жасадым. Ешқандай анау айтқан жаттықтыру құралдарымен жарақтандырылмаған, кәдімгі қарапайым спорт залы. Біз ол кезде спортпен айналысу үшін бұдан да жақсы жағдайлар жасалатыны туралы білген де жоқпыз. Алайда бұл менің емес, әкемнің қалауы еді. Мен энергиямды пайдалы іске жұмсасын, көшеде бос сенделіп жүрмесін деген ойдан туған. Шынымды айтсам, мен не үшін осы жерде жүргенімді өзім де түсінбейтінмін. Айналамда өзім сияқты ұл-қыздар, көңілді, сол жеткілікті болды. Маған процестің өзі, жаңа қимылдарды үйрену, балалармен ойнау ұнады.
– Кішкентайыңыздан үлкен спортта жетістіктерге жетсем, Олимпиада чемпионы болсам деп армандадыңыз ба?
– Жоқ, мен ол кезде Олимпиада ойындары болатыны туралы естігем де жоқ, білмейтінмін. Біреулер постерлер жинап, бөлмесінің қабырғаларына жапсырып, естері кетеді. Бала кезімнен менде біреуге еліктеу, кумир деген болған жоқ. Әрине, өсе келе белгілі спортшылардың жетістіктерін қадағалап, шолу жасап жүрдім. Олардың жарыстарын бейнетаспадан қарап, өзіме керектісін алуға тырыстым, сұхбаттарын оқитынмын. Өмірде бағдаршамым анам болды, ол кісінің төзімділігі маған да жұққан. Ал бір нәрсеге қол жеткізу үшін тырысу, айтқаныма жету – әкемнен дарығын қасиет. Табысқа жетуімнің бір құпиясы – төзімділік пен табандылық.
– Алғашқы жарысыңыз есіңізде ме?
– Сол екінші құрамнан үлкен халықаралық жарыстарға шыққан, «Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері» атағына жеткен мен болдым. Басында мен жаңа бірдеңе үйренгенімнен ләззат алып жүре бердім. Сосын қалалық, облыстық деңгейлердегі өзімнің табысты нәтижелерімді көрдім, облыстық құрамаға алындым. Алғаш рет он екі жасымда Қарағандыдағы республикалық жарыста өзімнен екі жас үлкен балалармен додаға түстім. Мен ол кезде өте арық, кіп-кішкентай едім. Қалыптасып қалған, ересек спортшылармен жарысу мен үшін үлкен сынақ болды, қатты толқығаным есімде. Сол кезде жаттықтырушым берген кеңес – табысқа жетуімнің кезекті кілті деп ойлаймын. «Ешкімге назар аударма. Сен жаттығу кезінде үйренгендеріңді, соның нәтижесін көрсет! Болды!» Міне, осы сөздерден кейін менің толқуым басылып, бойымда сенімділік пайда болды.
Осы жарыста қызықты бір жағдай болды. 60 метр қашықтыққа алдымен ұлдар, сосын қыздар жүгірдік. Ұлдар үшін қойылған кедергілердің бір-бірінен алшақтығы да, биіктігі де қыздардікінен жоғары. Алайда ұйымдастырушылар шеткі екі жолақта кедергілерді қыздарға лайықтап қоюды ұмытып кетіпті. Біз оны білмейміз. Сол жолақтармен екі қыз жүгіріп келеміз. Қасымдағы қыз жаңылысып қалды. Ал мен кедергіге әдеттегі үш қадаммен жетпейтінімді алыстан шамаладым да, тағы бір қадам қосып, кедергіден өте шықтым. Неге олай болғанын өзім де түсінбей, көздерім бақырайып, межеге де жеттім. Жаттықтырушым арқамнан қағып, «Жарайсың! Сен қорықпай, дұрыс шешім қабылдай білдің!» деп мақтап жатыр. Сол жолы жеңіске жеттім. Өзімнің қиын кезде дұрыс шешім қабылдай алатыныма қуандым, бұл да болса менің өзіме деген сенімділікке қосылған кішкентай тамшылардың бірі еді.
Ольга Рыпакованың табыс кілттері:
- Төзімділік пен табандылық
- Ешкімге назар аударма. Өз нәтижеңді көрсет
- Сиқырлы қобдиша
- Жан дүние мен ақыл-ойдың үйлесімдігі
Сиқырлы қобдиша
– Ешқашан «шаршадым, болды, енді маған керегі жоқ» деген ой болған жоқ па?
– Аптасына бес-алты күн қатарынан, күніне екі рет малмандай су болып терлегенше жаттығу кімді болса да титықтатады. Жаттығу залына барғың келмейтін сәттер болады. Ондайда мені тағы да бапкерімнің сөзі қамшылайды. «Сендер бұл жерге барлық білгендеріңді, табандылық пен төзімділікті, еңбекқорлықты, дайындық кезінде жинаған тәжірибелеріңді, өздеріңе деген сенімділікті көзге көрінбейтін қобдишаларыңа жинақтауға келесіңдер. Ертең стартқа қандай дайындықпен шығасыңдар, қобдишаңда жеңіске жету үшін қажетті барлық құралдар бар ма, ол тек өздеріңе байланысты» дейтін. Шаршап, жаттығудан кетіп қалғым келгенде осы сөздер есіме түседі. «Мен қазір жалқауланып тұрмын, ал менің қарсыласым өз қобдишасына құралдарды толтырып жатыр ғой» деген ойдан кейін дайындыққа жаңа күшпен, өршелене кірісесің. Біреуді жеңу үшін емес, өзімнің бойымдағы жеңіске жетуге кедергі келтіретін жағымсыз нәрселерден арылу үшін, өзімді бұрынғыдан да жетілдіре түсу үшін күрестім. Мен қиын жолды жүріп өтуден ләззат алдым.
Әкем маған бапкерім ретінде нақты міндеттер қоя білді. «Сенің бүгінгі міндетің – өткендегі көрсеткішіңнен жоғары нәтижеге жету. Мына жерге көңіл бөл, мына тұста техникаңды жетілдір» дейтін. Осы кеңестердің барлығы өз нәтижесін беріп, менің спорт әлеміндегі баспалдақпен жоғарыға өрмелеуіме септігін тигізді. Мен анау жоғарыда не бар екен деп мойнымды созғам жоқ, қайта аяғымның астына көбірек қарадым. Әр нық басқан қадамым Олимпиада тұғырына алып келді. Қазір артыма қарап, сеніммен айта аламын – мен жеңіс тұғырында тұрғанымнан емес, осы қиын жолды жүріп өткенімнен ләззат алдым. Сол арқылы бойымдағы қорқыныштан, сенімсіздіктен арылу мен үшін маңыздырақ болды дер едім. Сонда сен қиялыңа да кірмеген биіктерді бағындыра аласың.
– Өте керемет кеңестер екен. Бұл да табысқа жетуіңіздің бір сыры ғой. Сізге басқа мемлекеттерден азаматтығыңызды өзгерту туралы ұсыныстар түсті ме?
– Алғаш рет Әлем чемпионатында медаль ұтып алғанда Ресейден, Түркиядан ондай ұсыныстар болды. Тіпті қытайлықтар да қызығушылық танытып, өздеріне шақырды. Алайда мен ойланбастан «жоқ» дейтінмін. Өйткені менің Отаным – жүрегімде, мен басқа елге барып, сол елге қызмет етуді көзіме елестете алмаймын. Сол сәтте олардың маған ұсынған қолайлы жағдайлары біздікінен жоғары болса да, мен туған жерімді, маған қанша күш салған, менің өсуіме, осы биік жетістіктерге жетуіме себепші болғандарды сатып кетпедім. Осы жерде туып-өстім, маған мемлекет барынша қамқорлық танытты. Бізге жасалатын жағдайлар олардың ұсынғанынан төмен болғанына қарамастан, біздің көптеген спортшыларымыз биік асуларды бағындырып, жеңіске жетіп жүрді, көк туымызды желбіретті. Мен үшін ең бастысы – өз еліңе, туған жеріңе қызмет ету, соның жоғын жоқтап, жақсысын асыру. Біздің жеткен биіктеріміз – Отанымыздың өркендуіне қосқан үлесіміз. Сонда ғана елімізді көркейтіп, дамытамыз. Сондықтан мен ешқашан да Қазақстаннан кетпеймін, менің Отаным – осы жер.
– Сіз үшін табысқа жетудің басты формуласы қандай?
– Адамның жан дүниесі мен ақыл-ойының үйлесімдігі болу керек. Жүрегіңіз қалаған іспен айналысыңыз, бірақ оны ақылмен толықтырып, қажетті бағытта жылжу керек, сонда кәсібилік келеді. Сонда сіздің алдыңызда барлық есіктер ашылады. Жан дүниеңіз қаламаған іспен айналыссаңыз, табысқа жетпейсіз. Мен жаңа айттым ғой, жеңіл атлетикамен айналысуым әкемнің шешімі болды деп. Бірақ маған сол процесс ұнады, күн сайын жаңа техникаларды меңгеру, өзімнің көрсеткіштерімді ұштай түсу маған керемет көңіл-күй сыйлады. Мені қанаттандырды. Алға жетеледі. Бұл формуланы кез келген салаға, мамандыққа қатысты қолдануға болады. Тек нәтижесі әртүрлі болады. Мысалы, спортта Олимпиада медаліне әкелсе, педагогикада – балалардың бақытты, бал-бұл жанған жүздері. Балақайлардың сізге деген риясыз сенімі. Бұдан артық қандай табыс, қандай бақыт керек?! Қуаныңыз, ертеңгі күнге, жақсылыққа сеніңіз, соған талпыныңыз.
– Спорттық жарыстарда әділетсіз шешім қабылдаған кездер болды ма?
– Меніңше, жеңіл атлетикада қулыққа салу, жалған көрсеткішке жету мүмкін емес. Доппинг қолдануды есептемесек. Қалай жүгіргенің, қалай секіргенің – бәрі жанкүйерлеріңнің көз алдында. Оның үстіне әрбір көрсеткіш қазір электронды лазермен, спутникпен бақыланады. Менің өз тәжірибемде жарыс қорытындыларының әділетсіздігінен қайта қаралғаны болған жоқ. Бірақ пандемия кезінде АҚШ-та болған мына оқиғаны бүкіл әлем көрді деп ойлаймын. Жаңалықтарда ер адамның 200 метр қашықтыққа жүргірген қорытындысы көрсетілді. Адам сенгісіз цифлар! Әлемдік рекорд көрсеткіштерінен де асып кеткен. Артынан анықталғандай, оның колодкалары межеге екі-үш метр жақын орналастырылыпты. Әрине, қорытынды қайта қаралды. Пандемия болғандықтан, жанкүйерлер болмаған. Қазір төрелік ету жыл сайын жетілдіріліп келеді, қорытындыны есептеуде заманауи құралдардың қолданылуы – спортта әділ жеңістің болуының бірден-бір кепілдігі.
– Ольга Сергеевна, сіз жуықта кәсіби карьераңызбен қоштастыңыз. Қандай сезімде болдыңыз?
– Мен өз еліме ризамын. Президент пен спорт жетекшілерінен бастап ең жас жанкүйеріме дейін бір ғана, бірақ мен үшін өте маңызды нәрсе – маған деген сенім білдіргендері үшін алғысым шексіз. Мен тағдырым мен Құдайға өзімді жеке тұлға ретінде, кәсіби спортшы ретінде таныта білуіме мүмкіндік бергені үшін ризамын.
– Ольга Сергеевна, Қазақстанды әлемге танытқаныңыз үшін Сізге де алғысымызды білдіреміз. Мағыналы сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан – Айна Ескенқызы