Анамды іздеп жүрмін

Кабинеттің есігін қағып, имене басып ішке кірген ұлдың «Анамды іздеп жүрмін» деген сөзіне елең еттім. Сартап сағынышы алқымына тығылып, тас түйін болып қалғандай. Мұң торлаған қос жанары боталап, «Апай маған анамды іздеуге көмектесіңіздерші», – деді. Аты-Жантөре. 2011жылдан бері ұшты- күйлі жоғалып кеткен анасын іздеп жүр екен.
ТҮСІМДЕ АУЫР ЖҮКТІ КӨТЕРІП БАРА ЖАТАДЫ
Ол кезде 7-сыныпта оқып жүрген Жантөре қазір студент болыпты. Анасы жоғаларда жасқа да толмаған бауыры болса, бұл күндеүшінші сыныпта. Күршімдегі нағашы атасы мен апасының қолында. Қыздары жоғалған күннен бері бебеулей,шырылдап іздеп, шарқ ұрумен келе жатқан байғұс ата-ана бастарын тасқа да, тауға да соғыпшарасыздың күйін кешіп отырған көрінеді қазір. Ер жетіп, мектеп бітіріп Өскеменге келгеннен кейін, Жантөре енді анасын өзі іздей бастапты. «Анамның суреттерін өзіммен бірге ала кетейін, анамнан қалған жалғыз көз ғой. Сізге оларды алдын-ала түсіріп, флешкаға салып алып келдім», – деді қобалжи сөйлеген ұл кетерінде үстелімнің үстіне жайып қойған анасының суреттерін жинастырып алып жатып.
Бір аптадай уақыт өткен соң газетімізде жоғалып кеткен адамдар туралы «Із- түзсіз жоғалып кетті» деген мақала басылып, ішінде Жантөренің анасын іздеп жүргені жайлы да қысқаша ақпарат жарияланды.Мақала шығысымен Жантөреге жолығып, анасының суретімен бірге жарияланған іздестіру хабарын көрсеттік. «Атам мен апам қуанып қалатын болды ғой» деп алғысын жеткізген ұлдың салмақты сөзінің ар жағында сарғайтып, сағынтқан, сабылтып, мұңайтқан үмітсәулесі шоқтай боп алаулап тұрды.
Сол үміттің жетегімен бірер күннен соңбіз Жантөрені бірге алып, Күршім ауылына жол тартқанбыз. Атжалын тартып мінген шақта анасын іздеуге өзі бел буып, алдымызға келген ұлдың өтінішін жерге тастай алмадық. Жантөренің анасының айдың-күннің аманында, алақандай ауылда аяқ астынан жоғалып кетуінің құпиясы неде? Оның өлі, не тірі екені неге әлі күнге дейін белгісіз болып отыр?
Қартайғанда қайғы жұтып отырған Жантөренің ата-апасы, Гүлжанның әке-шешесі кенже қыздарынан ойда -жоқта көз жазып қалғанын күрсіне отырып, күңірене отырып аһ ұра айтты. Қартайған деп айтатындай, кәрілік жеткен жастағы адамдар болмағанымен еңселері әбден түсіп, жандары қатты жаншылғаны жабырқау жүздерінен, дәрменсіз күйлерінен анық көрініп тұр. Жоғалған қызын жоқтап, сегіз жылын жылаумен, әр күнін Аллаға жалбарынумен өткізіп келе жатқан сорлы әкенің Гүлжанның жұмбақ жағдайда жоғалуына байланысты айтып, келтірген деректері, күдіктері, секем алатын жәйттері өте көп. Назар аударуды қажет ететіншытырман оқиғалар да аз емес.Тергеу ісінің мүддесіне орай олардың ешқайсын жазып отырғамыз жоқ.
Тынымхан Мамырбеков, жоғалып кеткен Гүлжанның әкесі:-2011 жылдың 19 сәуірі,күн сейсенбі болатын. Қызым Гүлжан кеш бата бізден екі-үш үйден кейін тұратын көршіміздің үйіне барып, моншаға түсіп келді. Ертеңінде әскери бөлімге кезекшілікке түсуі керек болатын. Үйге келген соң қызыма әлдекім қайта-қайта телефон соға берді (кейін тергеу кезінде білгенімдей, бұл өзімен бір бөлімде істейтін әріптесі,әрі жақын танысы, (аты-жөні алынып тасталып отыр екенред.). Бір уақытта сағат 9.30 мөлшерінде қызым банктен ақша алып келетінін айтып үйден шықты. Есіктен шығып бара жатқанда үй телефоны шырылдады. Немерем Жантөре алып, қоңырау соғып тұрған тағы да сол адам екенін айтқанда, қызым: «Мамам шығып кетті деп айт» депті. Сол кеткеннен қызымызды көрген жоқпыз. Телефонға маза бермей қайта-қайта қоңырау соққанына, үйден шығарып алғандарына қарағанда әріптесі немесе сол адам арқылы басқа да біреулер алдынала қызыма қастандық істеуді жоспарлап қойған сияқты. Қызымның аяқ астынан банкоматқа баратын болып жиналғанына қарағанда,әлдебіреудің азғыруымен оны алдап банкоматқа апарып келем деп алып шықты ма екен? Бір квартал үйден ұзап шыққан соң қызым әріптесінеөзі қоңырау соғып (кейін тергеу деректерінен белгілі болғандай), сол жерге келген оның көлігіне отырып банкоматқа барыпты.Қызымның банкоматқа әріптесімен бірге барғаны тергеуде банктің алдындағы бейнебақылау камерасына түсіп қалған оның машинасымен дәлелденіп отыр. Сағат түнгі 10-нан кеткенде әйелім қызыма қоңырау шалғанда телефоны сөндіріліп жатты. Міне, қызым содан бері із-түзсіз кетті. Алғашында әлгі адам қызымды сол күні мүлде көрмегенін, өзінің басқа жерлерде болғанын айтып жалтарғанымен, кейіннен қызыма сол күні бірнеше рет,15реттен астам телефон соққанын (оның телефонынан шыққан қоңырауларды тексеру барысында анықталғандай), банкоматқа апарғанын, машина өзінікі екенін мойындады.Ол Гүлжанды банкоматтан ақшасын алғаннан кейін үйдің маңына әкеліп тастағанын айтты. Көлік ішінен қан табылған, адамның қаны, бірақ оны кімнің қаны екенін салыстыратын мүмкіндік жоқ, қызымның қаны жоқ дегенді жазыпты сараптамада. Осылайша, алдын ала тергеу істері жүргізіліп, анықталып жатқан уақытта сол кездегі аудан прокуроры біз күдіктеніп отырған әлгі адамдыодан әрі тергеп, тексеруді, одан жауап алуды айғақ, дәлелдер жоқ деген себеппен, желеуменүзілді-кесілді тоқтатып тастады. Оны әрі қарай тергеп, сұрағанда ол адам қызымның өзінің қолымен болмаса да,кімнің қолымен жоғалтылғанын айтар еді. Күдікті жерде жүргенде, оны көктен іздеп жатқанына, жатырмыз дегендеріне таңданудан басқа амалым болмай, пұшайман күйде келемін, ағайын.
Бижамал Мамырбекова, Гүлжанның анасы:
-Гүлжан банкоматқа кетер алдында төргі бөлмеде біреумен телефон арқылы сөйлесіп жатты. Арасында «Өзім-ақ барамын, қажет болса такси ұстап өзім бара салам», -деп жатқанын естідім. Түнгі сағат 10.25-те қызыма телефон соқтым, телефоны өшіріліп жатты. Ас үйде сол отырғаннан таңғы беске дейін отырдым. Таңғы сегіз болғанда жұмысынан телефон соғылып, Гүлжанның кезекшілікті қабылдап алуға келмегенін айтты.Гүлжан кетерде өзімен бірге жұмыс флешкасын алып кеткен еді. Басшыларының бірі флешканы бергенін айтты. Сонда сол күні ол әскери бөлімге кірген бе деймін. Қызым түсіме жиі кіреді. Домбырамен ән айтып, күйсандықта да ойнайтын, ұйымдастырушылық қабілеті де жоғары болды, өжет те еді қайтейін.Түсімде үнемі бір әлдебір ауыр жүкті, ауыр нәрсені көтеріп бара жатады. Тірі сияқты, бір жерде үйге жете алмай жүрген сияқты болады да тұрады. Табылып қала ма деймін.Жантөре де анасын шарқ ұрып іздеумен жүр. Көріпкелдерге де бардық…
ЖЕДЕЛ ІЗДЕСТІРУ ШАРАЛАРЫ ШАЛА ЖҮРГІЗІЛГЕН БЕ?
Сол 2011-жылдары Күршім аудандық ішкі істер бөлімінде қызмет істеген азаматтардың бірімен жолығып, сол уақытта бұл оқиғаға қатысты алғашқы жедел іздестіру шараларының қандай қорытындымен, нәтижемен аяқталғанын сұрадық.
– Біз кезінде ізін суытпай іздеп, өзен жағасын түгел қарап, тінтіп шықтық. Кезінде ІІД басшылығының алдында осы оқиға бойынша егжей-тегжейлі баяндап,күнделікті есеп беріп отырдық. Гүлжанмен соңғы сөйлескен, оны банкоматқа алып барған да әріптесі екенін дәлелдедік. Телефон распечаткасы бойынша соңғы рет оның өз әріптесімен сөйлескенін анықтадық. Гүлжанның банкоматтан ақша алып тұрған уақыты, даладағы машина да бейнебақылауға түскен. Бірақ әріптесі алғашында өзінің Гүлжанның жанында жүргенінбірден мойындамай, бұлтарды.Бір айдан соң біз оны жедел іздестіру шараларын жүргізе отырып нақты дәлелдедік. Ана жолы құқық қорғаушылар тарапынан маған сіз оның ата-анасына осы туралы ақпарат айтқан екенсіз деген сияқты сауалдар қойылды. Бұл жәй ғана ақпарат емес, бұл дәлелдердің, шаралардың бәрі сол кезде жүргізілген істе бар, көрсетілген. Гүлжан банкоматтан ақша алып, жоғалғанға дейін қасында болған сол әріптесі екенін дәлелдедік. Егер сол кезде куәгерден жауап алу, тергеу ісін жүргізуде құқық қорғау органдарымен бірлесе жұмыс істесекқылмысты ашуға мүмкіндік болған болар ма еді. Күдік тудырып отырған адам уақытша қамауға алынбады. Ол тек куәгер ретінде ғана қалды,- дейді ІІБ бұрынғы басшысының бірі.
Күршім ауданы ішкі істер бөлімінің қазіргі басшысы Серік Манапов Гүлжан Мамырбекованың жоғалуына байланысты бұл қылмыстық істі қазіргі күні қайта жандандыруға болатынын айтты. Оған себеп болатындай қандай да бір жаңа ақпарат, өзгеше жағдай керек. Оның айтуынша қазір бұл оқиғаға қатысты жүргізілуі тиіс тергеу істерінің бәрі жүргізілген. Қылмыстық іс қысқартылған жоқ, уақытша тоқтатылған. Бірнеше жыл бұрын қылмыстық іс облыстық полиция департаментіне жіберілген.

Облыстық полиция департаментіне Гүлжанның жоғалуына байланысты, осы қылмыстық іске қатысты, тергеу ісіне байланысты біз де сұрау салғанбыз. Төмендегідей жауап келді:
«Сіздің 13.02.2019 жылғы № 13 сұра-салуыңызға келесіні хабарлаймын:
Полиция департаментінің иергеу басқармасының өндірісінде Г.Мамырбекованың із-түзсіз жоғалу фактісі бойынша қылмыстық іс болған. 26.06.2011 жылы қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 96-бабының 1-бөлігіне (1997 жылғы редакцияда) қайта сараланған, яғни \”адам өлтіру\” бабы бойынша тергеп-тексеру жүргізілуде.
Із-түзсіз жоғалған азаматшаныӊ қайда екенін анықтау мақсатында облыстың барлық полиция бөлімшелері және қалалық-облыстық полиция департаменттері бағдарланған, кешенді жедел-тергеу іс-шаралары өткізілуде. Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша күдікті тұлға анықталуда.
ҚР ҚПК-нің 45-бабы 7-бөлігі 1-тармағына сәйкес қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімдері үзілген.
ШҚО ПД бастығының орынбасары
полиция подполковнигі
Е. Закимов».
Полиция департаментінің бізге қайтарған жауабының бас-аяғы осы. «Мерзімдері үзілген» деген соңғы түсініксіздеу сөз тіркесін уақытша тоқтатылған болар деп топшыладық.
Қазіргі күні ауылдарда мал жиі жоғалып жатыр. Көптеген тұрғындар мал ұрлығының ашылмай қалып жатқанынан түңіліп, малын жоқтап полицияға хабарлауды да қойған. Мал түгілі адамды таба алмай, адамды жоғалтып жіберген қылмыскерді таба алмай жатса, әрине, халықтың қорған болар полицияға деген сенімсіздігі күшейе бермек. Ал ашылмай қалған әр қылмыс пиғылы жамандардың еркінсінуіне жол ашып, тағы бір қылмыстың жасалуына себепші болып жатқанын өмірдің өзі көрсетіп келеді. Гүлжанның жоғалуына байланысты қылмыстық істің ашылмай жатуына мәйіттің табылмауы да басты себеп болып отырғанын айтады полиция. Кездейсоқ табылып қалмаса, мәйіттің қайда екенін қылмыскердің өзінен басқа кім айтады? Әрине, ол үшін жедел уәкілдер, тергеушілер, полиция, прокуратура әрқайсысы өз міндеттерін дұрыс атқарып, қылмысты жасаған адамды, қылмыскерді іздестіріп, табуы қажет екені аян. Полицейлердің табандылығының, қырағылығының, тергеудің тегеурінді жүргізілуінің арқасында бірнеше жылдан соң табылып жатқан адамдар, белгілі болып, ашылып жатқан қаншама қылмыстық оқиғалар бар елде.Сегіз жылдан бері із-түзсіз кеткен Жантөренің анасы табылар ма екен?
Жанаргүл Мұқатай