ТОП

Аналардың арманы орындалды

Кеше облыс әкімі Даниал Ахметов Глубокое ауданындағы көпбалалы отбасыларға жаңа пәтерлердің кілтін табыс етті. Пандемия жағдайында өткен салтанатты жиында санитарлық талаптар қатаң сақталып, сақтық шараларына ерекше көңіл бөлінді.

Еліміздің ең қастерлі мерекесі – Тәуелсіздік күні қарсаңында глубокоелық 12 көпбалалы отбасы жаңа баспанаға қол жеткізіп, мәре-сәре болды. Жаңа пәтерлер аудан орталығындағы 60 пәтерлі тұрғын үйде орналасқан.

–  Басты мереке қарсаңында сіздерге жаңа пәтерлердің кілтін табыстап тұрғаныма өте қуаныштымын. Әрбір көпбалалы отбасы – еліміздің баға жетпес байлығы. Сіздерге ең бастысы денсаулық, шаңырақтарыңызға береке-бірлік тілеймін. Жаңа үйлеріңіздің іші қуаныш пен балалардың күлкісіне толы болсын! – деді өңір басшысы Даниал Ахметов.

Баспаналы болған көпбалалы аналардың бірі Айнұр Жомартова осындай тамаша баспананы бұрыннан армандаған. Қуанышы қойнына сыймаған ана қолдау көрсеткен баршасына шексіз алғысын жаудырды.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың біздей аналарды қолдауының арқасында үйлі-күйлі болып жатырмыз. Үйіміз кең әрі жарық екен. Енді жиһаз бен тұрмыстық техниканы әкелу ғана қалды. Барлығымыз сыятын үлкен, жайлы баспанаға қолым жеткеніне қуаныштымын! Барлық көпбалалы аналар атынан балаларымызды жайлы жағдайда тәрбиелеуге мүмкіндік сыйлап отырғандарыңыз үшін алғыс білдіремін, – деді ол.

«Didar» ақпарат

Осы айдарда

Back to top button