Қоғам

Аналар неге алаңдаулы?

    Биылдан бастап Қазақстанда көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға жәрдемақы мен атаулы әлеуметтік көмек  жаңа тәртіппен беріле бастағандығы туралы газетіміздің өткен сандарында жазған болатынбыз. Жаңа жүйені көпбалалы отбасылар алақайлап қолдады. Бірақ қоғамда  жаңа жүйеге қарсылар да бар екен.

     Көңілі толмаған әйелдердің біразы әлеуметтік желі арқылы  Үкіметке өкпесін жеткізді. Ескі тәртіптің қалғанын қалайтын жандар арасында өзіміздің де жерлестеріміз бар екен. Сонда аналар неге алаңдаулы, талаптары қандай?

Бұл не деген батпан құйрық?..

Бес баланың анасы Ә.Әлжанова (атын көрсетпеуді сұрады) отбасымен Күршім ауданынан Өскеменге 2013 жылы көшіп келген. Оның сөзінше, отағасының тұрақты жұмысы жоқ. Баспана кезегінде тұр. «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша ипотека алуға табыстары жетпеген. Пәтер жалдап тұрады. Көпбалалы әйелдің биылғы қаңтардан жаңа тәртіппен беріле бастаған атаулы әлеуметтік көмек пен жәрдемақыға көңілі толмайды.

– Жаңа форматпен төрт балаға бес мың теңгеден 20 мың теңге шықты. Бір балам ауылда оқыған соң, оған төлемейді екен. Қазір жәрдемақы мен атаулы әлеуметтік көмекті қосқанда 73 мың теңге аламын. Былтыр 100 мың теңгедей болған. Мен  әр балаға 21 мың теңгеден бергенін қалаймын, – дейді ол.

«Ал көпбалалы аналарға өткен жылдан бастап кәсіп ашуға беріле бастаған қайтарымсыз грант алып, тәуекелге бел буып, шағын іспен болсын шұғылдануға не кедергі?» деген сауалымызға да оның айтар жауабы дайын болды.

– 500 мыңмен қандай кәсіп бастауға болады? Ауылда тұрсаң, бір сәрі. Қалада не көп, тігіншілер көп, не көп, аспаздар көп. Бұл маған қол емес, – дейді.

Ал Глубокое ауданы, Белоусовка ауылының тұрғыны, төрт баланың анасы Евгения Запорина болса, онымен келіспейді. Оның айтуынша, көпбалалы болып бір жұбайының жалақысына қарап отырса да, өткен жылы олар атаулы әлеуметтік көмекке ілікпеді. Ал көпбалалы ретінде алған жәрдемақысы 10 500 теңге болатын. Алайда «Еңбек» бағдарламасы көпбалалы аналарға  курс оқып, жаңа мамандық алып шығуға мүмкіндік бергенін естіп, соған бел буған. Осылайша, мемлекеттен 500 мың теңгенің қайтарымсыз грантына қол жеткізген.

– Аспаздың курсын бітірдім. Қазір үйдің жанындағы бос ғимаратты наубайханаға лайықтап жабдықтадық, 500 мың теңгеге оған қажетті пеш, ұнды илейтін құрылғы сатып алдым. Нан пісіремін. Күйеуім дүкендерге жеткізеді. Қазір менің наным мұнда сұранысқа ие. Ауылда нанды күнделікті тұтынатын 600-700 отбасы тұрады. Ал нан көбінесе облыс орталығынан жеткізілетін. Мұндағы төрт дүкенмен келістім. Әрқайсысына 50-60 бөлке ыстық нан күнде жеткізіліп тұрады. Еңбек еткеннің аузы да жыбырлайды деген рас, – дейді ол.

Өткен жылы небары 10 500 теңге жәрдемақы алған ол енді төрт баласы үшін табысына қарамастан 42 500 теңге төленетіндігін естігенде алғашында сенбепті. «Бұл не деген батпан құйрық?» деп ойлағаным рас дейді ол.

– Бұрын-соңды елде көпбалалы аналарға қолдау көрсетілмеген. Демек, бұл – жақсылықтың бастамасы. Осы қарқынмен бұл сома жыл сайын артады деген ойдамын, – дейді Евгения.

«Таз қалпымызға түстік…»

Ал осыдан бірнеше ай бұрын «Коллектор қорғансыз ананы неге қорқытты?» деген мақаламыздың кейіпкері – өткен жылы атаулы әлеуметтік көмекке соңғы тоқсанда зорға ілігіп, енді тұрмысы түзеліп келе жатқан жалғызбасты ана Аида Байбакирова енді, қазақша айтқанда, «таз қалпына» қайта түсетін болып тұр.

Өйткені жұбайы несиеге батырып, ажырасып кеткен Аида екі баласын бір өзі жеткізумен қатар, әлі күнге дейін сол қарызды жабумен келеді. Әкелерінің балалар алдындағы алимент берешегі екі миллионнан асып кеткен.

– Қазір алатын 60 мың теңге айлықпен есептегенде мен үшеуімізге (әрқайсымызға 1300 теңгеден ) жалпы сомасы 5 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек алады екенмін. Құжат тапсыруға ниет жоқ. Алайда кепілдендірілген пакет үшін, тым болмағанда, балаларым мектепте тегін ас ішу үшін тапсыруым керек. Өткен жылдың соңғы тоқсанында әзер іліккем атаулы әлеуметтік көмекке. Соңғы үш айда жағдайымыз жақсара бастап еді, өйткені екі балам үшін 21 мыңнан 42 мың өзім үшін алып отырғанмын. Өкінішке қарай, елімізде алимент төлетуге қатысты заңдарда талап ету баптары жоқ. Қанша рет сотқа бердім. Жолдасыма тек елден шығуға шектеу  қойылды. Заң одан артық жауапкершілікке тартпайды, – дейді ол.

Онымен тағдырлас Күнсұлу Тәшенованың үш баласы бар. Күйеуі сотталған. Өзі қазір қаладағы кафелердің бірінде ыдыс жуып, ақша табады. Күнсұлудың сөзінше, айына тапқан 70-80 мың теңгенің 55 мыңын жалдап тұрып жатқан жатақханадағы бір бөлмеге төлейді. Ресми түрде жұмысқа тұрайын десе, коллекторлар бұрын жұбайы алған несие үшін жалақысының 50 пайызын ұстап қалатынын айтады. Былтыр мемлекеттен тұрмысы төмен отбасы ретінде АӘК алып келген Күнсұлу “қазір көмектен қағылғанын” айтады. Үш баланың шешесі де әр балаға 21 мың теңге төленгенін қалайды. Атаулы әлеуметтік төлемнің жаңа жүйесі жалғызбасты аналардың жағдайына қатысты бөлек тармақ енгізулері керек еді деген пікірде екі ана да.

Масылдық пен мұқтаждық

Билік өкілдері әр балаға 21 мың теңгенің көмегін төлеу қайтарылмайтындығын атап өтіп, оның себебін түсіндірді.  Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев қаңтардың басында Үкімет отырысынан кейін «әр балаға 21 мың теңге төлесін деген талап дұрыс емес» деген. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «масылдық пен мұқтаждықты ажырата білуіміз керек» деген сөзін еске салған Б.Сапарбаев «қазақстандықтарды жұмысқа үйретуіміз керек, әркім өз отбасын өзі асырауы керек» деді.

    Өткен жылы Нұр-Сұлтандағы бес баланың қайғылы қазасынан  кейін көпбалалы және жағдайы төмен отбасындағы (тұрмыс деңгейі отбасының табысын ең төменгі күнкөріс деңгейіне шағып есептегенде) әр балаға 21 мың теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек төлеу тапсырылған-ды. Біраз уақыт өткен соң билік «елде үкіметке қол жаятындар» көбейіп кеткенін, «масылдық артып бара жатқанын» айта бастады. Артынша үкімет жәрдемақы мен АӘК төлеу шартын өзгертіп, мұны Парламент пен Президент қолдаған. Билік өкілдері мемлекет беретін жәрдемақының азаймағанын айтады. Үкімет жаңа ереже халықты жұмыс істеуге ынталандыру үшін, масылдық пен мұқтаждықты ажырату үшін қабылданды деп түсіндіреді. Бұдан бөлек, Үкімет отбасылар әлеуметтік көмекті алып, оны балаларға емес, басқа жаққа жұмсап кеткенін, сол үшін көмектің жартысы тамақ, гигиеналық заттар және киім-кешекпен берілетін талап енгізген.

Тәжірибе көрсеткендей, өткен жылдың 1 сәуірінен бастап енгізілген атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматы нәтижесінде елде  шынайы табысын жасырып, көмекті заңсыз алғандар анықталып жатты. Бір ғана біздің облыста 150 мыңға жуық отбасының көмекке мұқтаж емес екендігі анықталып, төленген соманы бюджетке қайтару талап етілді.

Жуықта атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудың жаңа ережелерімен таныстырған облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Жасұлан Сәрсебаев та өңірде табысы төмен, жұмыссыз  азаматтарға «Еңбек» бағдарламасы аясында тұрмысын жақсартуға арналған шаралар ұсынылатынын атап өткен болатын. АӘК тоқсан сайын есептеп отырмақ. Билік осы уақыт аралығында АӘК алып жатқан отбасының еріне я әйеліне жұмыс ұсынады. Отбасы мүшесі ұсынған жұмысты істеген соң, оның табысы жарты жылдан соң АӘК тағайындағанда есепке алынады. Егер отбасы мүшесі ұсынған жұмыстан бас тартса, АӘК те тоқтайды.

Сондай-ақ биылғы АӘК-тің бір артықшылығы, «Еңбек» жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы жетілдіріліп, тұрмысы төмен азаматтарды қолдауға арналған бірқатар шаралар енгізілді. Ол туралы газетіміздің алдағы сандарда тарқатып жазатын боламыз.

Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button