Қоғам

«Ана тілің – арың бұл…»

Тіл – ұлтты ұлт етіп танытатын ең алғашқы, ең соңғы факт. Сондықтан да әрбір азаматтың қоғамдағы орны мен мәдениеттілігі өз ана тілін қаншалық дәрежеде білгендігімен өлшенеді. Кезінде ұлы Мұқаң (М. Әуезов): «Ана тілін білмеген адамды мәдениетті адам деуге болмайды», деген екен.

Сөз байлығы туралы тоқталғанда, ескеретіін бір жайт, ол сөздердің орынсыз қолданысқа түсіуі, өз орнын дәл таба білмеуі. Абай данамыздың бәрімізге әбден таныс мына төрт жол өлеңін мысалға алар болсақ.

Желсіз түнде жарық ай,

Сәулесі суда дірілдеп.

Ауылдың жаны терең сай,

Тасыған өзен гүрілдеп.

Оқушы кезімізден жатқа айтып жүрген өлең жолдары ауылдың кешкі тынысын дәл суреттеп берген. Ұлы ақын өзі айтқандай, тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп тұрған жоқпа?! Ал осы өлеңдегі қолданған сөздерді бірінші сынып оқушысы да оңай жаттап алатын қарапайым да, түсінікті сөздер емес пе? Осы өлеңнің халық жүрегінен де орын алып, жатталып жүруі қандай құдіреттен? Өлеңдегі әрбір сөздің өз орнын дәл тауып ой мен сезімді дөп басып жеткізіп отырғандығында. Онда артық сөздің қанша қажеті бар? Егер сөз байлығын әйгілеймін десе, Абай атамыз қай сөзді таба алмайтын еді?!

Бұл – халық білмейтін, ұмыт болуға айналған сөздерді қолданудан аулақ болу керек дегендік емес. Барлық сөз қолданылуға қақылы. Тек, қай сөз болса да өз орнын таба білсе, келісті болар еді.

Сөз қолданысындағы тағы бір түйін – сөздерді дұрыс қолданбау. Бізде әдейі түрде өзге тілге теліп, қолдануға болмайды деп таңба басып жіберген бірнеше сөздер бар. Кезінде Мұхтар Әуезов «Абай» романында «шоң» деген сөз туралы қызықты баян жүргізген еді. Онда «шоң» сөзінің ертеден жергілікті лексика ретінде қазақ тілінде қолданылып келе жатқанын әңгіме еткен болатын. Егер Мұхтар Әуезов осы сөз туралы пікір айтпаған болса «шоң» сөзінің тағдыры қалай болар еді.

Шоң сөзі – ұйғырларда үлкен деген мағына береді. Мысалы, «Шоң дала» (үлкен ата), «Шоң базар» (үлкен базар), т.б. қазақ тілінде ежелден бар. Кісі аттарында да кезігеді. Орта жүздің аға сұлтаны болып «Қазақ өзін-өзі басқара алмайды!» – дейтін отаршылдық қауесетке қарсы шыққан және поляк саяхатшысы А.Янушкеевичтің жазғанындай: «Шоңның елді ақылмен әділ және іскер билеп басқарғаны сонша, оның өкіметіне Хандар қызыға қараған» дегендегі Едігеұлы Шоң би (1754-1836)  әрі аға сұлтан болып, найзадай өткір ойлы тілімен қара қазақтың ел басқара алатынына орыс әкімдерін әбден мойындатқан ұлттық тұлға.

Соңғы жылдарда газет-журнал мен радио-теледидарда жасанды сөздер кимелеп келеді. Мысалы, «әманда, әмсе, әмбе» деген сөздер айтарлықтай тапқырлыққа да, жаңалыққа да тіпті мәдениеттілік пен сыпайылыққа да жатпайды. Қайта осы сөздердің өзі тілімізде жасандылық тудырып, халықтың ұғымын шатастырады. Әман сөзін – әрдайым, әрқашан деп, әманда деген сөзді қашанда, әмбе сөздің орнына қарап, бәрі, барлығы, үнемі, сөйтсе де деген сөздер қолданылса екі ұшты мағына тумас еді.

Баспасөзде, ауызша сөйлеуде «марапаттау, мансұқтау» деген секілді, т.б. түсініксіз, кірме сөздер бар. Түсіндірме сөздіктерді ақтарып қарасақ «марапат» онда да жоқ. Алайда, талғаусыз қолданылып келеді. Ол сөздердің орнына «мадақтау, мақтау, сыйлау, дәріптеу» мағынасындағы сөздерді қолданған орынды сықылды.

«Абыройын тіктеді» дейтін сөз естіген құлаққа ерсі сияқты. Мұның орнына «абыройын өсірді немесе абыройын асырды» делінсе автордың немесе сөйлеушінің айтайын деген ойы өте түсінікті және дұрыс болар еді, ұғымға да жеңіл.

Ойымызды тұжырымдай келгенде, қазақ тілінің даму барысын тіл мен әдебиеттің қатынасын, орны мен  рөлін, мәні мен маңызын тіл қолданысы мен тілдің болашағы, т.б. туралы ойды айта отырып, мұндағы ниет әсіресе тіл қолданысы туралы ортақ тіл табысу. Баспасөз бен сөйлеу тіліміздің аясында аңдаусыздан кетіп жатқан олқылықтарды түзету үшін жанашырлық білдіру ғана. Әсте мін тағу емес. Тіл мәселесі әрі нәзік әрі күрделі мәселе. Тіл мәселесі тым сырлы мәселе емес, қиюын тауып, қисынын келтіре алсақ, жай қарапайымхалық тілі де көркем ойдың суретін бере біледі.

Тілдің өмірі мен қайнар бұлағы халық ішінде, халық пен тіл етене. Халықтың сөйлеу тілінен де дұрыс қолданып, ұғымды да жатық сөйлеу әрбір қазақтың бабадан қалған асыл тілімізге деген құрметі мен парызды рухани байлығы болмақ.

Мұхаметқазы Мұхамедиұлы

Осы айдарда

Back to top button