ТОП

Ана мен баланы қолдауға мән берілді

Айжанат Бақытқызы

Ағымдағы жылдың алты айында республика бойынша ана мен баланы қолдау мақсатында мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 130,4 млрд. теңгенің әлеуметтік төлемдері берілді. Облыс бойынша бұл көрсеткіш 9,5 млрд. теңгені құрады.

Жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы асырап алуға байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысатын жұмыс істейтін әйелдерге жүктілік және босану бойынша уақытша еңбекке жарамсыздық парағының негізінде тағайындалады.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының облыстық филиалының мәліметінше, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында еліміздегі 115 мыңға жуық болашақ анаға жалпы сомасы 57,3 млрд. теңгенің біржолғы төлемі берілген. Ал облыс бойынша осындай кезеңде 7826 адам 5,5 млрд. теңгенің төлемін алды. Төлем мөлшері соңғы 12 айдағы мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар төленген табысына және еңбекке жарамсыз күндерінің санына байланысты болады.
Сонымен қатар мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 1 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты табысынан айырылған 459 мың ана жалпы сомасы 73 млрд. теңгенің ай сайынғы әлеуметтік төлемдерін алды, оның ішінде облыс бойынша 25 мың анаға 4 млрд. теңгенің әлеуметтік төлемі аударылды. Бұл төлемнің мөлшері соңғы 2 жыл ішіндегі мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар төленген орташа айлық табыстың 40%-ын құрайды.
Заң бойынша төлемнің ең төменгі мөлшері – осы сомаға міндетті зейнетақы жарналарын қосымша аударумен 1 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша ай сайынғы мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы деңгейінде белгіленген. Ал төлемнің ең жоғарғы мөлшері – тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі жалақының жеті еселенген мөлшерінің 40%-ынан аспайды, яғни 2021 жылы – 119 мың теңге. Жоғарыда көрсетілген әлеуметтік төлемдердің тағайындалған сомаларынан міндетті зейнетақы жарналары ұсталып, алушының Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы шотына аударылады.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдерді тағайындау тәсілдерінің бірі – азаматтардың мемлекеттік органдарға өтінішінсіз проактивті формат. Мұндай жағдайда ұялы телефонға төлемдерді ресімдеуге қатысты sms-хабарлама келеді, оған келісім беру қажет. Проактивті қызмет ұялы телефон нөмірі электрондық үкімет порталында тіркелген, еңбекке жарамсыздық парағын беру және жұмыс орны бойынша декреттік демалысты ресімдеу туралы ақпараттық жүйелерден мәліметтер алынған, еңбекке жарамсыздық парағын берудің алдындағы айдағы әлеуметтік аударымдар және банк шотының нөмірі болған жағдайда көрсетіледі. Сонымен қатар баланың туу туралы куәлігін алғаннан кейін, электрондық цифрлық қолтаңба болған жағдайда 1 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты төлемді электрондық үкімет порталы арқылы рәсімдеуге болады.
Айта кету керек, құжаттарын қағаз түрінде ұсынғысы келетін адамдар үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшелері арқылы өтініш берудің дәстүрлі тәсілдері де қолданылады. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін барлық төлемдер жайлы толық ақпаратпен www.gfss.kz. интернет-ресурсында танысуға болады.

Осы айдарда

Back to top button