Президент тапсырмасыТОП

Ана мен бала саулығы бәрінен маңызды

Айна Ескенқызы

 Өңірдегі аудандық ауруханалар босануға көмек көрсетудің жаңа деңгейіне көшіп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында ауыл медицинасын дамыту, әсіресе ана мен баланы қорғау денсаулық сақтау жүйесінің басым бағыты екенін атап өткен болатын.  Қолжетімді және сапалы акушерлік-гинекологиялық көмекпен қамтамасыз ету үшін медициналық көмек көрсету қызметін дамытудың үш деңгейлі интеграцияланған моделі құрылғаны белгілі.

Мәселен, бірінші деңгейде көмек асқынуы болмаған жүкті әйелдерге көрсетілсе, екінші деңгейде созылмалы аурулары мен қазіргі және алдыңғы жүктілік кезінде асқынулары болған жүкті әйелдерге, үшінші деңгейде ауыр созылмалы аурулары бар жүкті әйелдерге, ана мен баланың өмірі мен денсаулығына елеулі қатерлер төнген кезде көрсетіледі.

Катонқарағайлықтар мен зайсандықтар үшін аудандық ауруханалардың перзентханаларында күрделі жөндеу жүргізу және оларды босануға көмек көрсетудің екінші деңгейіне ауыстыру көптен күткен жақсы жаңалық болды. Зайсан қаласы мен Үлкен Нарын ауылындағы жаңартылған перзентханалар өз пациенттерін – болашақ аналарын қабылдап жатыр. Бөлімшелер жүктіліктің 32-ші аптасында туған сәбилерді күтуге арналған заманауи медициналық құралдармен жабдықталған. Бұл – жаңа туған нәрестелерге арналған ашық реанимациялық жүйе, нәрестелерді оттегімен қамтамасыз етуге арналған желдеткіш, кардиотокограф, ультрадыбыстық аппарат, трансформаторлық креслолар, т.б аппараттар.

Мысалы, Үлкен Нарын ауылындағы орталық аудандық аурухана перзентханасының жеке палаталары қажетті тұрмыстық техникамен толық жабдықталған. Қолайлы палаталар жоғары технологиялық медициналық құралдармен де жарақтандырылған. Қарқынды терапия палатасында ең күрделі жағдайларда шұғыл көмек көрсетуге арналған жабдықтар орнатылды. Үлкен Нарын тұрғыны Амина тұңғыш баласын туған ауылында дүниеге әкелді.

      – Біздің бөлімшеге босанатын әйелдер ауданның түкпір-түкпірінен түседі. Заманауи жабдықтардың арқасында біз жас босанған аналар мен жаңа туған нәрестелерге сапалы медициналық көмек көрсетеміз. Ұжым мүшелерінің ауданымызда денсаулық сақтауды жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыруға қолдау көрсеткен облыстық денсаулық сақтау басқармасына, облыс әкімдігіне алғыстары шексіз, – деп атап өтті медициналық ұйымда.

Зайсан ауданының перзентханасында  да  ауқымды қайта құру жұмыстары жүргізіліп, жаңа медициналық жабдықтар мен жиһаздар алынды. Шын мәнінде, бөлімше түрленіп шыға келді. Жаңартылған перзентхана алғашқы жүкті әйелдерді қабылдай бастады.

      – Кішкентай шығысқазақстандықтардың осындай жайлы жағдайда дүниеге келуі, ал жас аналарға барлық қажетті көмектің көрсетілетіні ерекше маңызды. Көптеген келіншектер келешекте де  босану үшін осында оралғысы келетініне сенімдімін, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының медициналық көмекті ұйымдастыру, ана мен баланы қорғау жөніндегі орынбасары Шолпан Мақашева.

Жүкті әйелдерді дәрігерлік бақылауға алуға қатысты кейбір сандарға тоқтала кетсек, жүктіліктің 12 аптасына дейінгі ерте қамту бүгінде 90,7 пайызды құрайды, (нысаналы көрсеткіш – 88 пайыз), 80,7 пайызын (нысаналы көрсеткіш – 80 пайыз) терапевт маман жүктіліктің 12 аптасына дейін тексерген, 84,1 пайызы (нысаналы көрсеткіш – 75 пайыз)  біріктірілген пренаталдық скринингтен өткен, жүкті әйелдердің 85,1 пайызы жеке және босанғанға дейінгі дисциплинааралық бақылауға алынған (нысаналы көрсеткіш – 81 пайыз).

      – Өңірде жүкті әйелдер мен жаңа туған нәрестелерге білікті медициналық көмек көрсету үшін облыстық ана мен бала орталығының консультативтік-диагностикалық бөлімшесінің базасында шарананы қорғау орталығы құрылған болатын. Былтыр Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының ресурстарын пайдалана отырып, ғылыми және республикалық клиникалардың профессорлары және жетекші бейінді мамандарымен бірлесіп жүктілігі асқынған және ауыр босанған әйелдерге телемедицинаның көмегімен 36 сессия өткізілді. Санитарлық авиация 23 рет ұшып шықты, бір әйелге  тұрғылықты жерінде ота жасалды, ауыр жағдайдағы  23 әйел облыс орталығына жеткізілді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде ауыр жағдайдағы 31 әйел құтқарылды, – дейді облыстың бас акушер-гинекологы Марат Куксегенов.

Сонымен қатар жыл көлемінде ауыр жағдайдағы жүкті және босанатын әйелдер мен жас босанған аналарға тәулік бойы күнделікті мониторинг жүргізіп отыратынын айта кеткен орынды.

 

 

Осы айдарда

Back to top button