COVID-19 

Қан плазмасының 70 пайызы Шығыста дайындалды

Коронавирус дертіне шалдыққандарды иммундық плазмамен емдеудің тиімділігі дәлелденген сәттен бастап, облыста қан плазмасының банкін құру қолға алынған болатын. Облыстық әкімдікте өткен жиналыс барысында аймақ басшысы Даниал Ахметов бүгінде өңірде иммунды плазманың 2889 дозасы жиналғанын хабарлады. Олар коронавирус індетіне шалдыққан, жағдайы ауыр науқастарды емдеу үшін қолданылмақ.

Коронавирус пандемиясы – бүкіл әлемді алаңдатқан осы күннің өзекті мәселесі. Сондықтан бүгінгі таңдағы басты міндет –  инфекцияның тұрғындар арасында таралуына тосқауыл қою, жайылу қаупін барынша азайту. Соңғы мәліметтер бойынша облыста COVID-19 жұқтырудың 9049 жағдайы тіркелген. Олардың 3752-і, яғни 42 пайызы симптомсыз. Соңғы тәулікте ғана вирус жұқтырған19 адам анықталды.  Аймақ басшысы полиция департаменті мен санитарлық-эпидемиологиялық қызметке мониторингтік топтардың жұмысын күшейтуді тапсырды. Даниал Ахметов олардың жұмысы тиімсіз орындалғанын және көп жағдайда формальды сипатқа ие екенін атап өтті.

– 17 шілдеден қыркүйекке дейін 3970 тексеру жүргізілді, бірақ барлығы 225 хаттама жасалған. Қазан айында өткен тексерулер саны да аз. Барлық әкімдерге мониторингтік топтардың жұмысын қадағалауды тапсырамын. Сондай-ақ бір апта ішінде әкімдер мен бас дәрігерлер өз ауруханаларын жабдықтармен және дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету бойынша жеке-жеке баяндама жасайды. КТ-дан өту үшін науқастарды, әсіресе ауылдық жерлердегі азаматтарды жеткізу кестесін пысықтауды тапсырамын. Жақын арада медицина қызметкерлері үшін семинар өтеді, онда КВИ-дің күрделі жағдайлары мен сатылай емдеу кезеңдері егжей-тегжейлі қаралады, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ облыс әкімі өңірде 112 оқшаулау орталығын құру туралы өкімге қол қойды. Бұл топтардың мақсаты – науқастар және олармен байланыста болғандарды іздеу және оқшаулау. Қажет болған жағдайда локализация орталығы топтарының жұмысына медицина қызметкерлерінің мобильді топтары қосылатын болады.

– Біздің облыста науқастарға арналған 6100 төсек-орын дайын. Жақын арада қажетті медициналық жабдықтарды, қосымша дәрі-дәрмектерді Ресейден сатып аламыз. Әкімдер мен дәрігерлерге қан плазмасы банкін құру бағытындағы жұмыстары үшін алғысымды білдіремін. Қазір бізде 2889 доза бар. Бұл республикадағы барлық плазманың 70 пайызын құрайды. КВИ емдеуде плазманы қолданудың тиімділігі әлемдік тәжірибемен дәлелденген. Біздің таяу күндердегі міндетіміз – оқу-жаттығулар өткізу және басқару жүйесін пысықтау. Ол үшін барлығымыз жұмыла жұмыс атқаруымыз керек, – деп атап өтті аймақ басшысы Даниал Ахметов.

Айта кетейік, облыста коронавируспен тиімді күресу үшін инфекциялық және провизорлық орталықтарға қосымша жабдықтар сатып алынды. Атап айтқанда, төсек жанына орнатылатын 158 монитор,  50 дана инфузомат, 165 перфузиялық монитор, 150 өкпені жасанды желдету (ИВЛ) аппараты, 10 рентген аппараты, 1066 дана оттегі концентраторына қол жеткізілді. Ал оттегі станцияларының саны 17-ге дейін артты.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Осы айдарда

Back to top button