Қоғам

Қамқорлықты сезініп отыр

Қамқорлықты сезініп отыр


Бесқарағай аудандық білім беру, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Орынбек Болысбековтің айтуынша, қазіргі таңда өңірдегі 21 мектепте 3240 бала білім алып жатқан көрінеді. Өңірдегі барлық мектептерге кәсіпкерлер мен билік тарапынан ерекше қамқорлық жасалып отырғанын да мақтанышпен жеткізді.

-Күні кеше облыс әкімі Даниал Кенжетайұлының қолынан су жаңа отандық «ДЭУ» автобусының кілтін алдым. Бұл көлік Глуховка ауылындағы орта мектепке тиесілі. Ал келер жылы алты мектеп робототехникамен қамтамасыз етілмек. Өскеменде өткен кәсіпкерлердің форумында бесқарағайлықтар 29 миллион теңге қаржыны «Менің мектебім» бағдарламасына тарту етуге уәде берген. Қазір бұл қаржының жартысына жуығы жиналып қалды. Міне, осы қаржы қажетті құрал-жабдықтарға жұмсалмақ,-дейді Орынбек Балтабекұлы.

Ал кіші Владимировка ауылындағы мектептің директоры А.Миллер қазір білім ордасында 120 баланың бар екенін, қажетті оқу құралдары мен кабинеттердің толық жабдықталғанын тілге тиек етті.

Міне, осы Бесқарағай ауданында Кіші Владимировка деген шағын ауыл бар. Оны жергілікті тұрғындар Ромадан деп те атай береді. Көне көз қариялар кезінде осы аттас бай адам болған, соның есімін берген дегенді айтады. Бұл күндері ауылды мекен ететіндердің көбі қазақтар, ал қалғаны неміс, орыс, басқа ұлт өкілдері. Ынтымақтары жарасқан, татулығы мен достығы тереңге тамыр жайған ондаған ұлт өкілдерінің бір-бірімен жақсы қарым-қатынаста екендеріне көз жеткіздік. Қалай дегенде де, біз Ромаданға келген күні ауылдың 160 жылдық мерейтойы осындағы мектептің үлкен залында өтіп жатыр екен.

Ауылдық округтің әкімі Юрий Слоницкий, мектеп директоры, қазақ тілінің жанашыры, қазақша сайраған кезде өзіңді жаңылдыратын, мұның алдында ауыл әкімі қызметін абыроймен атқарған Александр Миллер өздері мекен еткен ауылдың кешегісі мен бүгінгісі жайында айтты. Шағын ауылдан екі бірдей Кеңес Одағының Батыры шығыпты. Иван Корнев, Сергей Елистратов соғыста көрсеткен ерлігі үшін Батыр атанған. Өкінішке қарай, екеуі де сұрапыл соғыстан аман-есен оралғанымен, біреуі 1945 жылы, ал екіншісі арада екі жылдан кейін қайтыс болыпты. Батырдың құрметіне ауданда спорт жарыстары өтіп тұрады, олардың есімі ауданның құрметті тақтасына жазылған.

-Округке екі ауыл, Кіші Владимировка мен Бозтал қарайды. Екі ауылда бір жарым мың тұрғын бар, екі мектеп, мұражайымыз жұмыс істеп тұр. Ауылдың 160 жылдығына арнап фотоальбом кітабын шығардық. Ауданға жаңадан әкім болып келген Дәулет Батырбаев бізді құттықтап, тұрғындарға сәттілік пен зор денсаулық тіледі. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша «Менің мектебім» акциясына Ольга Захарова, Валентина Шапошникова, Ербол Алипов сияқты тұрғындар үн қосып, қаржылай көмек көрсетті. Жақында ғана ауылда дәріхананың ашылуы – ел есінде қалатындай елеулі оқиға. Бұдан былай Семейге шапқыламайтын болдық. Мектепте шағын орталық ашылды. Еңбегімен ел құрметіне бөленген азаматтар жайында айта кеткен жөн. Қазір Астанада тұратын жерлесіміз Зекеш Атығаева мешітті салып берді. «Әйгерім», «Дружба» шаруа қожалықтарының иелері Мұхтар Балықбаев пен Александр Захаров биыл егіннен мол өнім алды. Қазір округте екі кооператив құрылып, жұмыс істей бастады. Екі мың ірі қара, 700 жылқымыз бар, -дейді ауыл әкімі.

Бұдан кейін озаттарға құрмет көрсетіліп, ауыл өнерпаздары концерт қойды. Салтанатты кеш көңілдерге көрік сыйлады.

Оңдасын Елубай
Бесқарағай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button