Қамкөңіл қарттар, қамқоршы жастар
Өскеменнің іргесіндегі Қарттар үйіне бардық. Жол бастаушымыз – облыстық Жастар орталығының директоры Арайлым Есімбекова. Бізден бөлек, өңірге таныла бастаған жас өнерпаздар бар.
«Өскемен арнайы әлуметтік қызмет көрсету орталығы» деп аталатын бұл мемлекеттік мекеме Глубокое ауданының Солнечный кентінде орналасқан.
Сый-сауғасын құшақтап жеткен жастар көшбасшысын үш қабатты ғимарат тұрғындары жылы қабылдады. Жамырай амандасып, қауқылдаса қал сұрағанына қарағанда, бұл қыз қариялар ауылына аттың басын жиі бұратын сыңайлы. «Зайсандық ата сол бойы келмеді ме?» деп сұрады бір қызметкерден. «Келмеді» деген жауапты естіп, қуанып қалдық.
Бәлкім, келгені дұрыс па еді?!
– Жаңа жылдарыңыз құтты болсын, – деді Жастар орталығының директоры. – Сіздер тәуелсіз Қазақстанға өз үлестеріңізді қостыңыздар. Астананың аяғынан тұруына еңбек еттіңіздер. Сол үшін өңір басшысының ақ сәлемін арқалап келіп отырмыз.
Ән басталды. Эстраданың ойнақы әуені ортаны біраз көңілдендіріп тастады. Біраз қария ортаға шығып, билей бастады. Тіпті таяққа сүйеніп тұрып өнер көрсеткендер де болды. Ал анау бір ән сайын ортаға шығып «өнер көрсетіп» жүрген апайға соңын ала мейірбикелер «шаршап қалмаңыз» деп ескерту жасап жатты. Бір жағы, сырт көзден ұялған болуы керек. Жастар сыйлықтарын үлестіріп, өнерін көрсетіп жатыр. Бірақ көптеген қарттың жанарындағы мұң біздің арқамызға сырттағы саршұнақ аяздан шытқылдау тиді.
Қоңсы отырған мейірбикеден көзіме оқшауырақ көрінген қарттардың кім екенін сұрап отырмын. Анау артқы қатардағы отырған көзілдірікті апа кезінде Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-да сабақ берген ғылым докторы екен. Мықты суретші дейді. Ал өңіріне орден сыймай алдыңғы қатарда отырғандар еңбек ардагерлері болып шықты…
Біз Қарттар үйі директорының орынбасары Айгүл Қалиханқызын сөзге тарттық. Сөйтсек, шырша тойына келіп отырғандары өз аяғымен жүре алатындары ғана екен. Төсек тартып жатқандары қаншама?!
– Мұнда 120 қарт бар. 47-сі – қаракөзіміз. Бұл сан жыл санап артып келеді. Біз бұл мекеменің іргетасын қалаған 2002 жылы алтау ғана еді. Соңғы бірнеше жылда көбейіп кетті. Көбісі Аягөз, Үржар аудандарынан келіп жатыр –дейді директордың орынбасары.
Оның айтуынша, мекеме басшылығы соңғы кездері ақырғы сапарға аттанған марқұмдардың балаларын тауып, ұрпақтарынан бір уыс топырақ бұйыртуды қолға алып жатқан көрінеді. Бірақ көбінің ақырғы аялдамасы – осы мекеме.
Сондағы бір ақсақал «дүниенің рахаты не?» деген сауалға «балаңның өз қолымен берген бір кесе қара шайы» деп жауап беріпті.
Даладағы шыңылтыр аяздан емес, өмірдің ызғырынан тоң болып қатқан бір кесе қара шай ерітетін жүректі жастар ептеп жібіткендей болды. Тумаған балаларына риза болады ғой, әрине.
Қарттар «Елбасы жолы. Астана» атты жаңа фильмді көріп отыр. Біз қайтып барамыз. Шыға берісте жап-жаңа диван бос тұр. Мүмкін, мекеме қызметкерлері әлдекімнің әке-шешесімен әңгімелесуіне бола қойған шығар. Бірақ ол үміттің дүниесі ғой, қазірше ешкім отырмапты. Тап-таза бөлмелер. Буы бұрқыраған тамақтің иісі. Көп өтпей олар да Жаңа жылды қарсы алатын ғимараттың безендірілуінен менмұндалап тұр. Сол күнді бала-шағасымен бірге тойламайтыны өкінішті-ақ…
Мұратхан Кенжеханұлы