Америкалық жігіт Зайсанда жүр

Қазір еліміздің барлық аймақтарында, соның ішінде шалғайдағы ауылдық жерлерде «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанаты «English for Jastar» жобасын қолға алып, оқушыларға ағылшын тілін тегін оқытып жатыр.
Аталған жоба аясында ерікті тіл үйретуші Брайан Байрос есімді америкалық жігіт Зайсанға келді. Брайан Байрос аудан әкімі Темірбек Қасымжановтың қабылдауында болды. Қабылдауда шетелдік мейман өзінің Қазақстан жеріне алғаш келіп отырғанын, қазақ елі ерекше ұнағанын айта келе, алдағы өзінің жұмыс жоспарымен бөлісті. Ол алдағы бір ай көлемінде зайсандық оқушыларға ағылшын тілінде ауызекі сөйлеуді тегін үйретпек.
Аудан әкімі Темірбек Жұмақұлұлы аудан оқушыларына шет тілін үйретуге келген мейманға барлық жағдай жасалатынын, барынша қолдау көрсететінін айтты. Зайсандық ұл-қыздар болса ағылшын тілін үйренуге аса құмар. Олардың ішінде ағылшын тілін жетік меңгеріп алғандары да аз емес. Кездесуде Брайанға Х.Мұстафина атындағы мектеп- лицейінің оқушылары Қаламқас Сейтпақова мен Әлижан Мырзамұқан аудармашылық жасап тұрды.
АҚШ-тың Чикаго қаласынан келген ерікті тіл үйретуші аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен 50 оқушыға М.Әуезов атындағы орта мектебінде ағылшын тілін үйретпек.
Дәурен Егеухан
Зайсан ауданы.