Медицина

Амбулатория салынады

Биыл Алтай ауданына қарасты Октябрь кентінде дәрігерлік амбулатория бой көтереді. Бұл туралы Алтай ауданының әкімі Ернар Мұстафин мәлім етті.

– «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2023 жылы Октябрь кентінде дәрігерлік амбулатория, 2024 жылы Феклистовка ауылында медициналық пункт салу жоспарлануда, – дейді аудан басшысы.

Сондай-ақ ағымдағы жылы Жаңа Бұқтырма кентіндегі аурухананы қайта құруға жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Қосымша жедел жәрдем көлігі бөлінді. Қазір онда екі дәрігер бригадасы жұмыс істейді, ал Жаңа Бұқтырмаға көшкісі келетін дәрігерлерге көтермеақы төленіп, баспана берілетін болады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында медицина инфрақұрылымын кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару керектігін айтқан болатын.

– Бүгінде еліміздегі 650 елді мекенде емдеу мекемесі жоқ. Алдағы екі жылда бұл ауылдарда медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салынып, қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етіледі. Осылайша, мемлекет бір миллионнан астам адамның алғашқы медициналық-санитарлық көмек алуына мүмкіндік жасайды, – деген болатын Мемлекет басшысы.

Сәрсен Қабылым

 

Осы айдарда

Back to top button