Қоғам

Амантай Мәмиұлы, жоғары санатты дәрігер-фтизиатр, рентгенолог: – Жас кезімнен әкемнің өсиетін берік ұстандым

Амантай Мәмиұлы, біздің де жастық шағымыз Марқа өңірінде өткеннен кейін бе, сол жаққа құлағымыз елеңдеп тұрады. Өзіңізді білікті дәрігер ретінде  жас кезімізден білуші едік. Енді міне, араға жиырма бес жыл салып барып, Курчатов қаласында кездесіп тұрмыз…

–  Елдің бәрі атақты бола бермейді. Абырой жинау дегеніміз – адамшылық қасиетті жоғалтпай, адал еңбек етіп, шамаң келгенше халқыңа жақсылық жасау. Жас кезімнен әкем марқұм айтқан өсиетті берік ұстандым. Ол кісі: «Балам, ешкімнің ала жібін аттама. Шамаң келсе, елге жақсылық жаса. Адамнан қайтпаса да, құдайдан қайтады», – деп отырушы еді.

Биыл жасым жетпістен асты. Соның 46 жылын дәрігер-фтизиатр ретінде туберкулез індетімен алыстым. Бұрынғы Марқакөл ауданында он жеті жыл жұмыс істеп, өңірдегі өкпе ауруымен ауыратын адам санын бес есеге азайтыппын. Марқа өңірінде аудандық аурухананың бас дәрігері болып үш жыл, жанама 23 жыл рентгенолог болып тағы істедім. Қоғамдық жұмысқа да белсене араластым. Өзім қызмет атқарған ауруханаларда отыз жыл кәсіподақ комитетін басқарыппын.

ӨКПЕ ДЕРТІ ДЕНДЕП ТҰРДЫ

Дәрігерлік салаға қалай келдіңіз?

– Балалық шағым Күршімнің Қаратоғай, Жылытау ауылдарында өтті. Қаратоғай 1959 жылы совхоз болып құрылып, кейін Қалғұты болып өзгерді. Әкем Мәми өмір бойы фельдшерлік қызмет атқарды. Және де емшілігі да бар еді. Соғыс ардагері. Шешем сол медпунктте санитарка болды. Оқуға алты жасымнан бардым. Мектеп бітірген 1966 жылы Тоқтажан екеуіміз оқуға бармайтын болып шештік. Ол әкемнің ағасы Қамидың ұлы. Орта мектепті Күршімде орысша оқыған.

Бір күні Жылытаудың бөлімше  басқарушысы шақырып алып, шөп шабуға жіберді. Одан арғысы малшылардың қора-қопсысын жөндеумен жалғасты. Пеш салуды 7-де оқып жүргенде Қибаш деген көрші апамыз үйреткен. Соның пайдасы тиді. Одан қыста қойшыға көмекші болдым. Қорқыт атты жамағайын ұстаның қасында да жүрдім. Қысқасы, бір жыл совхоздың қара жұмысын істеп, келесі жылы Тоқтажан екеуіміз дәрігерлер институтына түсеміз деп Семейге жол тарттық. Жолымыз болып, түстік.

Ал Марқакөлге қалай  келдіңіз?

– Алтыншы курсты бітіретін жылы Дина екеуіміз отау көтердік. Марқакөл аудандық ауруханасының сол кездегі бас дәрігері Аман Байғалиев ауданға фтизиатр болып кел деп шақырды. Келісімімді бердім. Содан 1974 жылдың қыркүйегінде дәрігер болып орналастым. Марқакөлге менімен бірге оқу бітірген тоғыз жас дәрігер келдік. Бас дәрігердің уәде берген пәтері болмай шықты. Ауруханада тұруға тура келді. Екі дәрігер екі айдан соң пәтер бермедің деп басқа ауданға ауысып кетті.

Аудандық ауруханаға қарайтын  елу орындық туберкулезге қарсы бөлімше ауылдан әжептәуір қашық жерде орналасыпты. Он бес адам жатыр. Екі жылдай дәрігер болмаған, тек фельдшер жігіт емдеп жүр екен.

Емхананың сыйқы адам шошырлық. Салынғалы он жыл, бірде-бір жөндеу көрмеген. Байғалиев: «Ауаткомға неше рет бардым,  бірақ ақша бөлмей         отыр», – дейді. 1975 жылдың маусым айында облыстан басты-басты деген мамандар тексеруге келді. «Көшпелі кеңесте» сөз алып, ауданда өкпе ауруы өте көп екенін, ұзақ жыл емделе алмай жүрген отыздан астам «хрониктер» бар екенін, бөлімше ғимаратының төбесінен жаңбыр жауса су сорғалайтынын, жөндеуге ақша бөлінбейтінін, өзімнің де пәтерсіз жүргенімді, жұмыстан кететінімді  айтып салдым. Сол-ақ екен, ауатком төрағасы Ильин орнынан атып тұрып: – Ертеңнен бастап мәселе шешіледі, жөндеуге ақша бөлеміз, – деді. Жиналыстан соң мені көлігіне отырғызып алып, автобазаның жаңадан тұрғызылған екі қабатты үйінен үш бөлмелі пәтерді апарып көрсетті. Содан жұмыста қалдым.

Ол жылдары өкпе ауруы асқынып тұрған кез еді ғой. Солай ма?

– Өкпе ауруынан емдейтін бірінші дәрі – стрептомицин 1943 жылы табылды. 1945-ші жылы «ПАСК» деген дәрі, 49-шы жылы изонезид, 52-ші жылы этамбутол, 1961-ші жылы рифамицин табылды. Оны айтып отырғаным, стрептомициннен басқасы шет елден сатып алынады. 1960-шы жалдардың басында Совет Одағында туберкулез эпидемиясы болды. Үкімет өкпе ауруына қарсы арнайы қаулы қабылдады. Марқакөлде де 75 орындық арнайы аурухана салынды. Шетелден көшпелі флюорографиялық аппараттар сатып алынып, ауыл халқы жаппай рентгеннен өткізіліп, ауруларды ауруханаға тоғытты. Фтизиатр-дәрігерлерді көптеп оқытуға күш салынды.

Туберкулездің қазіргі «ковидпен» ұқсастығы бар. Екеуінде де індет аурудан сау адамға ауа арқылы жұғады, 90-95 пайыз өкпені жарақаттайды. Туберкулез білінбей басталып, өкпенің көп жерін зақымдағанда барып білінеді. Егер емдік шарттарды толық орындаса,  қазіргі заманда өкпе ауруынан толық сауығып шығуға болады. Ем кезінде ең қиыны – науқасқа дәрі ішкізу. Он-он бес күн емделіп, жағдайы жақсарған соң жазылдым деп, күнде беретін бір уыс дәріден бас тарта бастайды. Әр аурумен күнделікті сөйлесіп, дәрі ішпесе жазылмайтынына дәлелдер келтіріп, көп жұмыстар жүргізу қажет. 1975 жылы емханада жөндеу жүргізіп жатқанда, бір жұмысшы ішке шақырды. Бұзылған еденнің асты жал-жал болып үйіліп қалған дәрілерге толы. Науқастар дәрілерін ішпей, еденнің жырығынан түсіре берген ғой. Қорытынды: көп науқас аурудың созылмалы түріне ұшырап, немесе өмірден озған. Аурухана жөнделіп, жаңаша жұмысқа кіріскенімізде, дәрігерлік персоналмен бірнеше семинар өткіздім. Бұдан былай науқастарды процедура кабинетіне бір-бірлеп кіргізіп, дәрісін ішкеннен кейін ғана шығару керек деген қатаң талап қойдым.

БАС ДӘРІГЕР БОЛЫП БАСҚА АДАМ САЙЛАНУЫ ТИІС ЕКЕН

– Кейін бас дәрігер болып сайландыңыз…

– 1989 жылы қаңтар айында бас дәрігер болып жүрген досым Жақсыбай Бижігітов  қызмет бабымен Байқоңырға ауысты. Атақты «қайта құру» заманы. Бастықты ұжым өзі сайлап алуы қажет. Бос орынға төрт дәрігер ұсынылдық. Ауданда 750 медицина қызметкері болса, соның 150-і конференцияға делегат болып келді. Аупартком мен ауаткомнан 2 кісіден, сосын облыстың өкілі қатысып отырды. Сайлау жабық түрде өтті. 65 пайыз дауыспен бас дәрігерлікке мен өттім. Бірақ қатысып отырған аудан басшыларының бірде-біреуі менің қолымды алып, құттықтамады. Бір-екі күннен кейін ауатком төрағасының орынбасарына жолықтым. Ол кісі шынын айтты: «Біздің ойымызша, бас дәрігер болып басқа адам сайлануы тиіс еді. Бірақ ұжым сені қолдады», – деп қолыма облыстық басқарманың бұйрығын ұстатты. «Жұмысыңа кіріс, кейін көрерміз», – деп шығарып салды.

Үш ай өткеннен кейін қарсыластарым жүрген-тұрғанымды тізбелеп, жоғарыға арыздарын қарша боратты. Содан комиссиядан көз ашпайтын болдық. Бір жылда 45 тексеру болыпты.

Менің білуімше, бастықты екі жағдайда орнынан алады: біріншісі – ақша жесе, екіншісі – жұмысты ақсатса. Ал мені қызметтен алуға еш себеп пен дәлел болмады.  1990 жыдың қорытындысы бойынша біздің аурухана облыста бірінші орынға шықтық.

1990 жылғы атақты Зайсан зілзаласынан кейін аурухана үйі екі ай бос тұрды. Қабырғасы сөгіліп кеткен  аурухананы жөндеуден құрылыс ұйымдары бас тартты. Жауапкершілік тым үлкен еді. Сол кездегі Денсаулық сақтау  министрі Мұхтар Әлиевтің өзі де келді. Еш шара жасай алмады. Шыдамай, Өскеменге барып, бір құрылыс мекемесімен ғимарат сыртын құрсаулауға шарт жасастым. Кейінгі жағдайға өзім жауап беремін деп, барлық жауапкершілікті өзіме алуыма тура келді. Жөндеу жұмысын аяқтап, қайтадан қызметке кірістік. Менің таңғалғаным – осындай ауыр жағдайдан кейін де әріптестерімнің бір тобы арыз жазуларын тоқтатпады. Облыстық денсаулық сақтау бөлімінің бастығы Р.Соболева да шаршады ма, 1991 жылдың тамыз айының аяғында бір себеп тауып, жұмыстан босатты. Облыстық прокуратураға шағым түсіруге тура келді. Екі айдан кейін, прокуратураның «протестінен» кейін мені өз қызметіме қайта алдырды. Екі айлық жалақымды бергізді. Ауруханаға барып, бір күн отырып, өз еркіммен қызметтен кеттім.

1994 жылдың мамыр айында Курчатов қаласына қоныс аудардым. Сол Марқакөлдегі қызметім – фтизиатр және рентгенолог қызметімді зейнетке шыққаннан кейін де жалғастырып, тек 2019 жылы шілде айында ғана тоқтаттым.

Әңгімені әкеңізден бастап едік, тақырыпқа қайта айналып соғамыз ба?

– Әкем Мәми Кітапбайұлы 1909 жылы туған. Кезінде Күршім мен одан тысқары жерлерде де халық емшісі ретінде аты мәлім болған. 1929 жылы әскери комиссариат әскерге шақырғанымен, оны азаматтық алты айлық оқуға жібереді. Ол кезде ел арасында безгек ауруы аса бел алып тұрған шақ екен. Әкем оқуын бітіріп, Зайсан көлінің маңайындағы ауылдарда екпе жұмыстарын жүргізе бастайды. Вакцина, шприцтерін қоржынына салып алып, атқа мініп, ауыл-ауылды аралайды. Бұл ел арасында аштық басталған кез. «Ешқандай медицинадан хабарым жоқ, тек екпе салуды ғана білемін, – деуші еді әкем. – Содан шыдай алмай, Өскеменге бардым, ауруханаларды аралап, дәрігерлерден дәріс алдым. Қайтарымда бір дәрігер «Медицинский справочник» кітабын, біреуі дәрілік шөптер туралы кітапшасын берді».

Содан әкем үш-төрт ай жұмыс істеген жалақысына дәрі-дәрмек, басқа да дәрігерлік заттар сатып алады. Дәрілік шөптерді зерттей бастайды. 5-6 жыл ауыл-ауылды аралап, елге дәрігерлік қызмет көрсетеді. «Отызыншы жылдардағы ашаршылықта халық қатты күйзелді. Көп адам өлді. Өзім қатты қиналсам да, тапқан ақшама дәрі-дәрмек алып, елді емдеумен болдым», – деуші еді.

Көктем кезі. Бір ауылға келсе, ауыл тым-тырыс. Үйлерді араласа, аштықтан бастарын көтере алмай жатып қалған адамдар. Содан әкем астындағы атын сойып, бір ауылдың халқын аштықтан құтқарып қалады.

1937 жылы шешем Шамауға үйленеді. Қаратоғай ауылында фельдшерлік жұмысқа алынады. Медпункт ашады. 1941-ші жылы тамызда соғысқа кетеді. Төрт жыл алғы шепте соғысады. Берлинге жүз шақырым қалғанда, артынан снаряд жарылып, бел омыртқасын ойып кетеді. Бірнеше рет пышаққа түсіп,  1945-ші жылдың күзінде үйге жеткен екен.

Әкем елуінші жылдары ауылда қаптап кеткен қызылша ауруынан жүздеген баланы аман алып қалғанын ескі көздер айтушы еді. 78 жасқа келіп, өмірден озғанынша үйден ем алуға келушілер үзілмеуші еді. Шөппен, өзі даярлайтын тұнбамен, жәндіктің уы дейсің бе, халық емімен емдегенде, науқас адамның он бес-жиырма күнде жазылып кететінін көзім көрді. Кейін ойласам, ол кісінің емшілік беделі де ауру адамның көңіліне сенім ұялатқан екен ғой!

Жанұя жайлы бірер сөз…

– Жұбайым Динамен бір шаңырақ астында бірге тұрып жатқанымызға 47 жыл болыпты. Бір ұл, екі қыз өсіріп-жеткіздік. Бәрі жоғары білімді, өмірден өз орындарын тапқан. Солардан 11 немере, екі шөбере көріп отырмын.

Сұхбаттасқан Сайлау Өміртай

Курчатов қаласы. 

Осы айдарда

Back to top button