Қоғам

АМАНДЫҚПЕН КӨРІСКЕНГЕ НЕ ЖЕТСІН!

Осыдан 30 жыл бұрын жарлығы күшті жаратқан Алла «Мың өліп, мың тірілген» қазақ халқының ғасырлар бойғы көз жасын көріп, Тәуелсіз ел атандық. Өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз қайта жана бастады. Төл тарихымызды түгендеп, кеткен есемізді қайтарудың орайы келді.

1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі мен Тәуелсіздік алар тұстағы өліара (1988.ж.) шақта қазақ халқы ұзақ жылдардан бері көз жазып қалған төл мерекесі Наурызбен де қауышқан. Содан бері Наурыз мерекесі жыл сайын наурыз айының 22-сі күні  еліміздің түкпір-түкпірінде «Ұлыстың ұлы күні» боп аталып өтіп келеді.

Сөйтсек, «Білгенің бір тоғыз, білмегенің тоқсан тоғыз» демекші, осы күнге дейін еліміздің басым бөлігінде наурыздың 22-сі күні ғана тойланып келген Әз-Наурызымыз «Көрісу күні» деген атаумен 14 наурыздан бастау алатын көрінеді.

Мұны біз өз өңірімізде көрмесек те, еліміздің Батыс аймақтарынан естіп-біліп жүретін едік. Біздің білуімізше, Шығыс жұртшылығының ұғымында «көрісу» дегеніміз адам дүниеден қайтқанда жасалатын жоралғылардың бірі ретінде қалыптасқан.

Мәшһүр Жүсіп Көпеев өз жазбаларының бірінде: «Ертеде 14 наурыз, ескіше 1 наурыз көктемнің бірінші күні деп қазақ «Наурыздама» тойлайтын. Ол сегіз-тоғыз күнге созылатын еді» деген екен.

Еліміздегі тарихшы ғалымдардың айтуына қарағанда, 22 наурыз күн мен түннің теңелуі, мерекенің шыңы боп есептеледі. Қыс мезгілінің толық бітуі. Ал наурыздың 14-нен бастап 22-іне дейін, тіпті, қайсыбір өңірлерде бір айға дейін қыстан аман-есен шыққан көшпелі қазақ халқы, қыс бойы бірін-бірі көре алмаған ағайын туыс, осы мезгілде қозыдай жамырасып, қауқылдаса көрісіп, бір-бірімен «Бір жасыңмен!» деп амандасатын болған.

Кеңес үкіметінің тұсында көзге шыққан сүйелдей боп, қуғын-сүргін көріп, «діни сипаты бар» деп, күнтізбеден алынып тасталған Әз-Наурыз мерекесінің жыл өткен сайын халықтық сипат алып келе жатқандығы қуантады.

Бұл қуанышымызға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласындағы Үкіметке Наурыз мейрамының тұжырымдамасын жасауды ұсынуы дәлел бола алады. Мақалада көктем мерекесінің мазмұнын байыта түсу керектігі, қоғамды ұйыстыратын құндылықтар неғұрлым көп болса, бірлігіміздің де соғұрлым бекем болатындығы, ынтымағы жарасқан жұрттың қашанда ұпайы түгел екендігі баса айтылған.

Елдегі көрікті жерлердің жыл өткен сайын жұтаңданып бара жатқанына алаңдаған Мемлекет басшысы «Таза табиғат» жобасын жүзеге асыруды ұсынып, экологиялық бастамалар жыл сайынғы тұрақты жұмысқа ұласып, өмір салтына айналуы шарт екенін жеткізе келе:

– Бабаларымыз Әз-Наурыз келгенде бұлақтың көзін ашып, ағаш отырғызған. Осы тамаша дәстүрді жаңа қарқынмен жалғастырайық. Табиғатты тазалап, қоршаған ортаны көгалдандыруды қолға алайық. Мұндай шараларды барлық аймақта ұйымдастыруымыз қажет. Бұл – ата салтымыз әрі ұрпаққа экологиялық тәрбие берудің ең тиімді жолы, – деп тұжырымдаған.

Ендеше биылғы Наурыз мерекесі еліміздің барлық өңірлерінде наурыздың 14-нен, яғни, «Көрісу күнінен» басталмақ.

Иә, Алтайды құрсаулаған алты ай қыстан кейін аман-есен көріскенге не жетсін.

Ендеше, келіп қалған Әз-Наурызымыз елімізге бақ-берекесі мен ынтымақ-ырысын ала келсін!

Амандықпен көрісуге жазсын ағайын!

 

Серік ҚҰСАНБАЕВ

Сурет: Тілеубек Шаяхмет

Осы айдарда

Back to top button