Қоғам

Аманат

Қазақтың шұрайлы тілінде «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиер» нәрлі де әрлі сөздер көп-ақ. Бірақ оқтай қадалып, найзадай шаншылар сөз де жоқ емес. Ал санаға салмақ, жүрекке жүк болар сөздер санаулы. Солардың бірі – «Аманат» сөзі.

Тарихтың тереңінен сыр тартып, өткен өмірдің өрнегінен тәпсірлейтін болсақ, аманат сөзінің аясында айтылар мысалдар жетерлік. Ал жай ғана жалпақ тілде айтар болсақ, «аманат» ұғымы – бір адамның екінші адамға сеніп тапсырған мүлік-заты немесе қоғамдық қатынастар барысында өте терең маңызға ие тарихи-әлеуметтік оқиға. Бұл ұғымның саяси мазмұнынан да теріп алар мысал көп. Соның бірі Бату хан заманына тиесілі. Алтын Орда билеушісі Бату ханға бағынған Русь князі толық мойындаудың дәлелі һәм кепілі ретінде өзінің ұлы Александрды аманатқа берген деп тәпсірлейді тарихнама.

Ал Ноғайлының батыры Ақпанбет тұтқынға түсер алдында «досыма аманат – жалғыз ұлымды ажалдан құтқарсын, ұрпағым үзілетін болды» деп Кенжанбайға ұлын аманаттапты. Аманатқа адал батыр Кенжанбай өзінің егіз ұлының бірі Жанұзағын өлімге беріп, досының ұлы Тастемірді құтқарып қалғандығы туралы да тарих бар.

Ал көне тарихтың көбесін сөгер болсақ, Мөде қаған жайлы мынадай аңыз бар: «Баяғыда Дунху елі Мөде қағанға елші жіберіп, «айдай сұлу жас әйелін берсін» дейді. Қаған «көрші ақысы, тәңір хақысы» деп айдай ару әйелін жасау-жабдығымен аттандырып жібереді. Мұны көрген сақа сардарлар «ерлік қайда» деп ашуланады. Кешікпей Дунху жақтан тағы елші келеді. Бұл жолы олар қағанның күніне мың шақырым жол басатын боз арғымағын сұрай келеді. Мөде бір сөзге келмей тұлпарын жетектетіп жіберді. Қолбасы-тұтықтар мұны да құп көрмей ашуланады. Арада тағы бірнеше уақыт өткенде Дунху елшілері үшінші дүркін келеді. Екі асап үйреніп қалған олар елдің шетінде иесіз жатқан шөлді алқапты сұрайды. Мөде барлық батырын жинап, мәселені ортаға салады. Олар «қу медиен даланы қайтеміз, берейік» дейді. Сонда Мөде: «Уа, халайық, сендер айдай сұлу әйелім мен боз атымды бергенде ашуландыңдар. Аруды табатын қатын, арғымақты табатын бие бар. Ал бабадан аманатқа қалған жерді табатын кімің бар?» – депті.

Міне, қазақтың «аманатқа қиянат жасамау» дейтін теориялық түсінігі, жазылмаған дала заңы осылай өріс алған. Қазақтың әр сөзінің түп төркінінде тарих, астарында ақиқат бар.

Алтай Ғали-Асқар

Осы айдарда

Back to top button