АМАНАТ АРҚАЛАҒАН РУХАНИ ОРДА
«Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі ұлы ақынның туғанына 95 жыл толу мерекесі қарсаңында Қазақ ССР Халық Комиссарлар Кеңесінің 1940 жылғы 1 сәуірдегі қаулысы бойынша ұйымдастырылып, сол жылы қазан айының 16-сы күні мереке үстінде ашылды.
1940-1944 жылдары Бекбай Байысовтың үйінде Абай музейінің алғашқы экспозициясы ашылды (Абай көшесі 83, қазіргі Жамақаев көшесі). 1944-1967 жылдары Әнияр Молдабаевтың үйінде (Комиссар көшесі, 132, қазіргі Бөгенбай батыр көшесі) орналасып, жұмыс істеді.
1947-1951 жылдары Қазақ ССР Ғылым Академиясының құрамына кірді. 1990 жылғы 5 сәуірдегі №141 Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің Қаулысы бойынша ақынның «Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі болып құрылды. Қорық-музейі құрамына қалалық кешен, Бөрілідегі М.Әуезовтің музей-үйі, 6400 га қорық аймағына кіретін алты тарихи орын, Абай ауданы, Құндызды ауылындағы Халық ақыны Шәкір Әбеновтің музейі және Мақаншыдағы Әсет Найманбаевтың музейі кіреді. Қалалық кешенге Ленин көшесі, 12 үйде орналасқан көпес Роман Ершовтың үйі, 1995 жылы салынған жаңа ғимарат, 1993 жылы кешен аймағына көшірілген Ахмет-Ризаның медресесі мен мешіті, музейдің әкімшілік үйі, сонымен бірге Бөгенбай батыр көшесіндегі 132 үйде орналасқан «Алаш арыстары және М.Әуезов» музейі кіреді.
Биыл – мерейтой жылы. Ұлы ғұлама жазушы Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл толып отыр. Той қарсаңында М.Әуезовтің әдеби-мемориалдық музей ғимаратына ғылыми реставрациялау жұмыстары жүргізілді. Туған жері Бөріліден бастау алған заңғар жазушы М.Әуезовке арналған ғылыми конференция, Абай еліндегі ұлы дүбір тойға жалғасты. Биыл қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 177 жыл, музейге 82 жыл. Біздің музей мұхит сияқты терең әрі көкжиегі шексіз көркем. Хакім Абай, данышпан Шәкәрім, кемеңгер Мұхтар, алаш алыптары және Абайдың ақын шәкірттері, бәрі-бәрі осында.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында музей ұжымының алдына да нақты міндеттер қоя отырып: «Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейіне ерекше көңіл бөліп, ғылыми-танымдық жұмыстармен айналысатын орталыққа айналдыру қажет» деді.
Абай шығармаларына зер салсақ, оның үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптегенін байқаймыз. Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады. «Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын айтты.
Бұл біз үшін үлкен жауапкершілік. Қазір музей жұмысының жаңа ғылыми концепциясы жасалды. Хакім Абай мұрасына жаңа методологиялық тұрғыдан келіп, ғылыми-мәдени кешенді, жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Музейдің ғылыми концепциясы нақты сапалы нәтижелерге жетуді көздейді. «Абай музейі – даналық музейі» атты буклет осы ғылыми-танымдық концепция аясында дайындалып, жарық көрді.
Хакім Абайдың асыл мұрасын көздің қарашығындай сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу мен өркениет төрінен паш етуде «Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей қорығының алар орны ерекше. Ұлтымыздың ұлы тұлғалары, әлемдік деңгейдегі біртуар дарын иелері Абай, Шәкәрім, Мұхтар қалдырған баға жетпес қазына-мұраларды насихаттап келе жатқан бұл музей – аса жауапты да абыройлы аманатты арқалап отырған рухани орталық. Музей арқылы кез келген қоғам тарихи-мәдени мұраларға деген көзқарасын, құрметін білдіреді.
Музейде «Жыл мезгілдері», «Дала әуені», «Абайдың балалық шағы», «Ақынның қалыптасуы», «Абайдың шығармашылығы», «Абайдың ақындық мектебі», «Абайдың отбасы», «Қара сөздер», «Абай мұрасы» залдары, Абайтану ғылыми-зерттеу орталығы, Абай музейінің галереясы жұмыс істейді. Бұл жерден музейге келушілер үлкен рухани әсермен қайтары хақ.
Келушілер ұлы ойшыл ақын, ағартушы-демократ, қазақтың жазба әдебиетінің әдеби тілінің негізін салушы Абай Құнанбайұлының өмір жолымен, шығармашылығымен таныса алады. Музей экспозициясында Абай атамыздың ұстаған заттары, қолданған музыкалық аспаптары, өз қолымен тапсырған жәдігерлері ең құнды дүние болып табылады. Абай дәуірін, оның қоғамдық қызметін сипаттайтын этнографиялық және архив материалдары, шығыс классиктерінің сирек ұшырасатын басылымдары, батыс философтарының шығармалары, ақын замандастарының естеліктері мен портреттері, фотографиялары, мүсіндері кеңінен көрсетілген. Әр залдың өзіндік ерекшеліктері бар. Келген адам музейден ерекше әсермен қайтады.
Заманалар ауысып, дүние дидары өзгерсе де, халқымыздың Абайға көңілі айнымайды, қайта уақыт өткен сайын ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түседі. Абай өзінің туған халқымен мәңгі бақи бірге жасайды, ғасырлар бойы қазақ елін, қазағын биіктерге, асқар асуларға шақыра береді. Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық.
М.Қарамеңді,
Абай музейінің аға ғылыми қызметкері