Қоғам

Аманғали ЖАҚСЫБАЕВ, «Қазақстан-Семей» телеарнасының директоры: – Қиын уақытта да мамандығымнан қол үзген емеспін

Аманғали ЖАҚСЫБАЕВ, «Қазақстан-Семей» телеарнасының директоры:  -	Қиын уақытта да мамандығымнан қол үзген емеспін
Өңірдегі тарихы тереңнен тамыр алатын телеарнаның бірі – «Қазақстан-Семей» телеарнасы. Жақында осы телеарнаның директоры Аманғали Жақсыбаевпен аз-кем әңгімелесудің сәті түскен-ді.

– «Қазақстан» ұлттық телеарнасының «Қазақстан-Семей» филиалына жетекшілік етіп отырсыз. Телеарна өңірдегі көрерменнің сұранысын қанағаттандыра алып отыр ма? Қандай жаңа жобаларыңыз бар?

– Бұл сұрақтың жауабын телеарнадағы жаңа жобадан бастайын. Жалпы, біздің арнада отыздан астам телебағдарлама бар. Соның тең жартысы – қыркүйектен басталған жаңа телемаусымның шығарылымдары. Әсіресе, «Ой түйін», «Қала және қалалықтар», «Бақыт кілті – еңбекте», «Спорт деген бір әлем», тағы да басқа хабарларымыз көрермендердің көзайымына айналды. Осы тұста айта кетейін, біз көрермендердің ортасына барып, олардың қандай хабар көргісі келетінін де зерделейміз. Өйткені, көрерменнің пікірі, көрерменнің бағасы – біз үшін ерекше.

– Бірнеше жыл газетте басшылық қызметтер атқардыңыз. Одан кейін телеарнаға ауыстыңыз. Телевидениеге ауысуыңызға не түрткі болды? Қиын болған жоқ па әуелде?

– Журналистік қызметті Үржар ауданында жергілікті радиода радио-ұйымдастырушы болып бастағанымды білсеңіз, телевидениеге ауысқанда онша қиындық көрмегеніме сенген болар едіңіз. Әрине, телевидениенің өзіндік ерекшелігі бар. Мысалы, газетте көз көрген дүниені тәпіштеп жазбасаңыз, оқырман сіздің айтайын деген ойыңызды тез түсінуі қиынырақ болары сөзсіз. Телевидение-бейнебаянға, көзбен көру мүмкіндігіңізге тәуелді ақпарат құралы. Сол айырмашылықты түсінгісі келген, жұмысқа ынтасы бар журналистке қиынға соғады деп ойламаймын. Менің көп жылғы жұмыс барысында байқағаным – осы. Әрине, бейнетүсірілім болған соң, журналистің сырт келбеті, оқу мәнері, өзін-өзі ұстауы, тағы да басқа қасиеттер ерекше ескерілетіні рас.

– Еліміздегі телеарналар, ондағы бағдарламалар жайында не айтасыз? Кейінгі кездері рейтинг қуамыз деп салмақты, салиқалы бағдарламаларды жұрт назарына ұсынуды ұмыт қалдырған секілдіміз. Бағдарламалардың дені – әзіл-сықақ, көңіл көтеру бағытында.

– Рас, қазіргі уақытта көрерменнің көңілінен шығу – оңай жұмыс емес, көп тер төгуге, тәжірибеңді сарп етуге тура келеді. Тағы бір ескеретін нәрсе, жоғарыда да айтып кеттім, газет-журналмен салыстырғанда телевидениенің жұмысы өзгешелеу. Телевидение – ұжымдық еңбек. Тек журналист ғана емес, режиссер де, телеоператор да, дыбыс режиссері де, бейнемонтаждаушы да – бәрі-бәрі хабардың ойдағыдай дайындалуына бір кісідей атсалысады. Көрермені аз хабарға демеуші болатындар да, жарнама беретіндер де аз. Сондықтан біз осы жағын да басты назарда ұстаймыз. Оның үстіне қазіргідей бәсекелестік басым болып тұрған жағдайда осындай мәселелерге де мән бермесе болмайды.

– Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында Үржар аудандық «Уақыт тынысы» газеті мен облыстық «Семей таңы» газетінің бас редакторы болдыңыз. Әрине, ол кез бен қазіргі уақытты салыстыруға келмес. Дегенмен өткенге сәл шегініс жасап, аталған басылымдарды басқарған кезіңіз туралы, сол шақтағы аталған газеттерге әкелген жаңалықтарыңыз жайында айтып өтсеңіз.

– 1985 жылдың ақпанынан 1997 жылдың аяғына дейін Үржар аудандық «Уақыт тынысы – Пульс времени» және бұрынғы Семей облыстық «Семей таңы» газеттерінде бас редактор қызметін атқардым. Аудандық газет бес мың таралыммен шықса, облыстық газеттің отыз мыңға жуық оқырмандары болды. Ол кезде мерзімдік баспасөзге жазылу үлкен науқан болатын. Біз облыстық газетті өз күшімізбен тарататынбыз. Қаржылық және басқа да қиындықтарға байланысты сол жылдары аудандық газеттер «Семей таңында» қосымша бет болып шығатын және өздерінің бұрынғы көлемін жоғалтқан жоқ. Нарықты осылай қарсы алғанбыз. Оның кемшілігі жоқ болды деп айта алмаймын. Сол кезге сай ұтымды, тиімді тұстарын да байқадық. Газетке жазылу мен таратуда осындай жақсы тәжірибелерді газет редакциялары қазір де пайдаланса артық болмас деп ойлаймын.

– Қызығы мен қиындығы мол журналистика саласында еңбек етіп келе жатқаныңызға 30 жылға жуықтапты. Осы саланы таңдағаныңызға өкінбейсіз бе?

– Журналистиканы таңдағаныма еш өкінбеймін. Қиын уақытта да бұл мамандықты тастаған жоқпын. Ширек ғасырдан артық ғұмырымды осы салаға арнағанымды мақтаныш етемін.

– Қазір «Журналист атану үшін табақтай дипломың болуы шарт емес» деп пікір айтатындар көбейді. Дипломсыз-ақ телеарнада, газетте өндіріп жұмыс істеп жүрген журналистер де бар. Сіз не дейсіз? Диплом керек пе өзі?

– Іштен оқып туған аса талантты адам болмаса, оқымаған адамнан бірден керемет журналист шығады дегенге сене алмаймын. Жоғары білімді, көп жыл журналистік тәжірибесі бар, бірақ мамандығы басқа адамның тамаша тілші болатынына дау айта алмаймын. Қысқасы, диплом керек.

– Соңғы кездері әнші-артистердің бағдарлама жүргізушісі атанып, журналистикаға араласқанын жиі айтып жүрміз. «Торғай сойса да қасапшы сойсын» деп, неге бағдарлама тізгінін журналист мамандарға ұстатпасқа? Осының кесірінен журналистеріміз көлеңкеде қалып қойып жатқан жоқ па? Әлде, бұл заман талабы ма?

– Әдемі әнші-бишілерден, әртістерден тележүргізушілер шығуы мүмкін, олар тек дайын дүниені суфлер арқылы оқиды, ал журналистикаға араласпайды, бізде солай.

– Шәкірттеріңіз бар ма? Бұл саладағы ұстаздарыңыз кім?

– Республикалық телеарналардың көбінде менімен қызметтес болған көптеген жастар табысты жұмыс істеп жүр. Олардан білгенімді аяған емеспін. Кім мені ұстаз санаса, оған қарсылығым жоқ. Өзімнің де ұстаздарым көп, бірін атап, бірін ұмытқым келмейді. Оның үстіне олардың менімен қаншалықты мақтана алатынын білмеймін.
Өз басым газеттегі әріптестерімнің, әсіресе, «Семей таңы» мен облыстық «Дидар» басылымдарында жарық көрген мақалаларын қадағалап отырамын, оқуға тырысамын. Қазір Сіздердің оқырмандар арасындағы беделдеріңіз өте жоғары, осы жәйт қуантады. Алдағы уақытта да еңбектеріңіз жемісті болуына тілектеспін.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан – Азамат Қасым

Осы айдарда

Back to top button