Қоғам

Аман Мұстафин, «Арғанаты» ЖШС басшысы, Аягөз аудандық аумақтық комиссиясының төрағасы:

-Биыл халқымыздың ұлы перзенті Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толды. Рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілгелі отырған аталмыш мерейтойдың ұрпақ үшін, қазақ үшін берері мол. Абайдай дана тұлғаның мұрасы ұлттық тәрбиенің мәйегі, кейінгі буынға даңғыл жол сілтеуде атқарар маңызы зор.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Абай және ХХ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында ұлы ақын шығармаларының бүгінгі күні де өзінің өзектілігі мен құндылығын жоғалтпағанын, оның ой-тұжырымдарының әлі күнге дейін рухани азық болып келе жатқандығын атап көрсеткен. Мақалада Абай сөзінің бүгінгі замандастарымыз үшін көкейкестілігі, зор тәлім-тәрбие алуға болатындығы айтылған. Бүгінде кемеліне келген қоғамда мемлекет бай, еліміз дәулетті де әл-ауқатты болуы үшін ғылымды игерудің маңыздылығы әмбеге аян. Абайдың мол мұрасын зерттеп, зерделей білген адамға болашақтың кілті де, заман тудырған жақсылық пен жамандық, қиянат пен рақымшылық,  қысқасы, күллі дүниенің көлеңкелі, күңгірт тұстары сәулелене түседі. Демек, Абай өсиет еткен құндылықтар әлі де өзекті. Өйткені бүгінгі ғылымның мақсаты биікке ұмтылу екендігін мақала авторы оқырман санасына жақсы жеткізген. Абай – қазақтың ар-ожданы, намысы,  бет бейнесі. Сондықтан  қазақ халқы үшін, ұрпақ үшін Абай өсиеті аса маңызды.                                                                 

Осы айдарда

Back to top button