Қоғам

Қамқорлық жасау – борышымыз

 Бірінші қазанда қалыптасқан дәстүр бойынша бүкіл әлемде халықаралық қарттар күні аталып өтті. Осынау мерекеге орай Өскемендегі «Niet Woman» кәсіпкер әйелдер қауымдастығының өкілі Әлия Жігітаева әлеуметтік бейімдеу орталығының қарияларын құттықтап, сыйлықтар табыс етті.

 

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті деканының тәрбие жөніндегі орынбасары Дәурен Байдрахманов өнерпаздар ұжымын бастап келді. Білім ошағының психология, педагогика және мәдениет факультетінің белсенді жастары ән-жырдан шашу шашып, қарияларға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

«Луч надежды» қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік бейімдеу орталығында қазір қырыққа жуық қария тұрып жатыр.  Кәсіпкер, орталықтың басшысы Ольга Миллердің айтуынша, мұндағы қариялар төрт уақыт тамақтанады, дойбы, шахмат ойнап, бір-бірімен шүйіркелесіп уақыт өткізеді. Арасында төсек тартып, жатып қалған науқастар да бар.

Көпшілігінің балалары, жақын туысқандары бар. Бірақ Ресей, Канада, Германия сияқты шетелдерге көшіп кеткен екен. Мәселен, орталықтың тұрғыны Агафья Докина бұған дейін  қызымен бірге жатақхананың тоғызыншы қабатында тұрған. Төбеден күнде су сорғалап, ол жерде өмір сүру мүмкін болмағандықтан осы орталықты паналаған. Биылғы желтоқсанда жүз жасқа толатын Татьяна Шалаева әр мереке сайын қарияларды ұмытпай құттықтап, тәтті-дәмді сыйлықтарын ала келетін кәсіпкер Әлия Жігітаева мен өнерпаз жастарға алғысын білдірді.

Қариялардың орталықтағы жағдайын сұрағанымда, бір өтініштерін айтқан еді. Сыртқа серуендеуге шығатын баспалдақтың ұстап түсетін тұтқасы жоқ екен. Сол жағы аулаға шығып-кіруде қиындық тудырады. Сондай-ақ орталық жылыту жүйесіне қосылмаған екен, көмірмен өздері жылытады. Осы жағынан мемлекеттік органдар мен демеушілерден көмек болса дейді.

«Луч надежды» әлеуметтік бейімдеу орталығының қарияларын құттықтау осымен аяқталған жоқ. Кешке қарттарға «Серебро» мейрамханасында мерекелік қонақасы берілді. Ән айтып, билеп, дастарқан басында әңгімелесіп, көңілдері бір сергіп қалған қариялар естелік суреттерге түсті.

-Бүкіл саналы ғұмырын, қажыр-қайратын ел игілігіне жұмсаған қариялардың қажеттіліктерін ескеру, оларға қамқорлық жасау – біздің басты борышымыз. Осындай ізгілікті шаралар қарттарымыздың тұрмыс-тіршіліктерін жақсартуға белгілі бір дәрежеде ықпал ететіні сөзсіз. Ұсынысымызды жерге тастамай, демеушілік көмек қолын созған мейрамхана иелеріне мың алғыс,-дейді облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Арайлым Есімбекова.

Жыл көлемінде жастар ресурстық орталығы қарттар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған қайырымдылық шараларын өткізіп келеді. «Қарттарым-қазынам» атты қайырымдылық шарасы алдағы күндері Солнечный кентіндегі қарттар үйінде жалғасын табады.

Айжанат БАҚЫТҚЫЗЫ

Осы айдарда

Back to top button