Қоғам

Алғысты тек мерекеде ғана айтпауымыз керек

Алғысты тек мерекеде ғана айтпауымыз керек

Елімізде Алғыс айту күні алғаш рет мерекеленбек. «Бұл дегеніміз ең алдымен қазақ халқына деген алғыс», – дейді Семейдегі кәріс ұлтының өкілі, саясаттану ғылымының докторы Пак Ли.
– Кәрiс халқы Қазақстанға 1937 жылы жер аударылды. Сол кезде бауырмал қазақ халқы оларды бауырына басты. Кең қолтық қазақ халқының арқасында олар аман қалды, өсiп-өндi. Өзінің айтуынша, олар Семейге кейінірек келген екен. «Біздің ұлтымыздың қиын-қыстау заманда ең алғаш қоныс аударған жерi – Үштөбе қаласы. Сол қалада бiз 1999 жылы қазақ халқына алғыс ретiнде қара тастан жасалған пирамида түрiнде ескерткiш орнаттық. Өйткені біздің кәріс ата-бабаларымыздың басына түскен күн ешқашан ұмытылмауы тиіс. Әрине, алғысты тек мерекеде ғана айтпауымыз керек, – деп санайды Пак Ли.
– Кеңестік жаппай қуғын-сүргін тарихы көптеген зерттеулерге арқау болды, шешен-ингуш халқы да сол зобалаңды бастан өткерді, -дейді Семейдегі шешен-ингуш этномәдени орталығының жетекшісі, «Құрмет» орденінің иегері, «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының вице-президенті Сұлтан Картоев,- көптеген халықтардың жер аудару тарихын әлі де болса зерттеу керек. ХХ ғасырдың 30-шы жылдары мен 50-ші жылдарының басы КСРО-да көптеген адамдарды, тіпті тұтастай халықтарды күштеп жер аударудың орын алған кезеңі еді.
Тоталитарлық жүйе миллиондаған азаматтардың тағдырын тәлкекке салды. Сол жылдары ұлттық мүддені қорғаған зиялыларды, қарапайым еңбек адамдарын жазықсыз қудаласа, кейіннен бұл саясат шекаралық аймақтағы тұтастай халықтарды туған жерінен айырып, басқа аймаққа күшпен жер аудартты. Оларды қоныстандырған жердің қатарында Қазақстан да бар болатын. Осындай аласапыран заманда Қазақстандағы демографиялық ахуалдың күрт төмендеуін жер аударылғандар толықтырды. Алғыс күні бұл қазақтарға алғыс айтуға мүмкіндігі. Қазақ халқына қиын кезеңдерде басқа ұлыстарды қабылдап, оларға көмек, жәрдем көрсеткені үшін алғысымыз шексіз. Алғыс күнін мерекелеудің жаңа дәстүрі «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясы тұрғысында, жалпы тарих пен естелік негізінде қазақстандық біртектілік пен бірлікті нығайту мен дамытуда қазақстандық құндылықтарды көрсетуі тиіс. Алғыс арқылы Қазақстанда тыныштық болып, елде барлық қазақстандықтарға деген өзара сенім мен сыйластық қалыптасады.
– Семейде түрлі ұлт өкілдері бейбіт өмір сүріп жатыр,-дейді әзірбайжан Мамлы Козжанова, – Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы бір мүддеге біріккен халықтың ғана биік шыңдарға жете алатынын көрсетті. Елбасы ұсынған 5 реформаның төртіншісі біртектілік пен бірлік деп аталады. Егер қазақтар болмағанда, біз Семейде өмір сүре алмас едік. Менің аталарым Семейдің сырт жағындағы бір қазақ отбасының үйінде тұрыпты. Отын-су, тамақ бәрін сол кісі берді. Кейін ауылға сіңіп, үйреніп кеттік. Қазақ еліне рақмет, алғыс айтамыз. Қазақстанға жер аударылғандар, ауыр жұмыс, жағдайдың нашарлығына қарамастан еңбек етіп, көрсеткіштерге жетті. Кеңес Одағы кезінде де, кейінірек Тәуелсіздік алған кезде де, елдің экономикалық қуатын арттыру үшін бар күш-жігерімен аянбай еңбек еткен ел тұрғындарымен қоса, жер аударылғандар да оған барынша атсалысты. Қазақстан бойынша алып қарасақ, мәселен, Қарағанды шахталарында мыңдаған өзге ұлт өкілдері: неміс, шешен, ингуш, корей, грек, болгарлар еңбек еткен. Сондай-ақ, Ақтөбе ферроқорытпа заводында, Ақтөбе химия комбинатында, Шығыс Қазақстандағы зауыттар мен рудниктерде, Шымкент қорғасын және цемент зауыттарында, теміржол транспорты мен оның жаңадан салынып жатқан линияларында, Петропавл, Қостанай, Орал, Жамбыл, Алматы кәсіпорындарында, ірі-ірі өндіріс салаларында еңбек етті. Жер аударылған Кавказ халықтары, әзірбайжан, қарашай, грузиндер жеңіл өнеркәсіп саласында да көп болды. Мысалы, Қостанайдағы №185 «Большевичка» тігін фабрикасында, Семей тері-мех комбинатында, былғары фабрикасында, былғары аяқ киім жасау тресінде, Алматы фурнитур зауытында, Жамбыл «Соскопедзауытында» жұмыс істеді. Жер аударылып келгендерге берілген жұмыстар көбінесе аяқ киім тігіншісі, штампшы, күзетші, еден жуушы, мал бағушы секілді қарапайым қызметтер болды.
Халық шаруашылығын өркендетуге байланысты жер аударылғандарды колхоз, совхоз және кәсіпорын жұмыстарына пайдалану – кең түрде жүргізілді. Оларды тұрақты тұрғын үймен және өз уақытында еңбек ақысымен қамтамасыз ету қиын болды. Қазақстанда оларды жаппай қажет мамандық алу үшін оқытуға да жіберілді. Кейіннен олардың ішінен кәсіпорындардағы жұмыстарын, яғни мамандықтарын жақсы меңгергендері білімдерін көтеруге мүмкіндік алды. Инженер, агроном мамандықтары бойынша жұмыс істегендер де болды. Міне, осылайша сырттан келгендер қазақ халқына бауыр басып қалды.

Раушан Нұғманбекова
Семей.

Осы айдарда

Back to top button