Қоғам

Алыстағы ауылдардың тынысы ашылып келеді

Алыстағы ауылдардың тынысы ашылып келеді
Тірек елді мекендерін дамыту бағдарламасы қолға алынғалы ауылдарымыздың тынысы ашыла түсті. Қиыр жайлап, шет қонған қоныстардың өзінде әлеуметтік нысандар бой көтеріп, қосымша жұмыс орындары құрылуда, кәсіпкерлік те кең қанат жая бастады. Бұл жағдай тұрғындардың ауқатын арттырып, тұрмыс жағдайының жақсаруына оң ықпал етіп отыр. Күршім ауданына жасаған жұмыс сапарында облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ осындай орайлы істердің куәсі болды.

Бұрынғы Марқакөл ауданының орталығы, қазір өңірдегі тірек елді мекенінің бірі – Теректіде ауылдағы ағайындар үшін ауадай қажет екі нысан өңір басшысының қатысуымен іске қосылды. Ет және сүт өңдейтін бұл екі цех біріншіден, жергілікті халықтың өз өнімдерін ешқандай делдалсыз, лайықты бағаға, алысқа ат арытпай-ақ сол жерде өткізуіне мүмкіндік берсе, екіншіден, адамдарды еңбекпен қамтуға сеп.

Сәуле Аманжолова жетекшілік ететін «Олжа-Ко» несие серіктестігі «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы мемлекеттен 12 млн. теңге қаржы алып, бір миллионнан астам теңге өз ақшасын қосып шұжық шығаратын цех ашыпты. Жаңа қондырғылармен жабдықталған шағын кәсіпорын тәулігіне 150 келіге дейін бес түрлі өнім өндіруге әлеуетті. Әзірге Теректідегі сауда нүктелерінде ғана сатылып жатқан шұжықтарды келешекте сұраныс артса, көршілес ауылдарға шығару жоспарланған.

– Қазір ауылдағы жұртқа ең керегі – қолындағы малының еті мен сүтін қолайлы бағаға өткізу. Біздегі халықтың басым бөлігі мал шаруашылығын кәсіп ететіндіктен өнім жетіп артылады өзімізде. Бұл шикізатты алыпсатарларға арзанға бергенше, өңдеп, дайын өнім ретінде саудалау әлдеқайда пайдалы. Цехты ашудағы басты мақсат – осы, – дейді Сәуле Аманжолова.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінгі күні цехты қажетті шикізатпен аталған серіктестік құрамына кіретін «Заманай» шаруа қожалығы қамтамасыз етіп отыр. Енді кәсіпорын толық қуатына көшсе, Теректімен қоса маңайдағы ауылдардан да қоңды мүйізді ірі қараның еті сатып алынып, игерілмек. Цехтағы қондырғылар 6,5 млн. теңгеге Ресейден әкелінген. Заманауи қондырғылармен жұмыс істеуді жергілікті жұмыскерлерге ресейлік технолог маман бір апта бойы оқытып, үйретіпті. Қазір ол жерде екі адам еңбек етеді. Елу мың теңгеден айлық жалақы алады.

Теректі сүт өңдеу цехы да дәл осындай тәртіппен дүниеге келіпті. «Ақбұлақ» несие серіктестігін құрған Қайырбек Ағиеков 4 млн. 200 мың теңге көлеміндегі меншікті қаржысына «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы алған 12 млн. теңгені қосып сиыр сүтінен ірімшік, қаймақ (кілегей) айыратын, арнайы пакеттердегі пастерленген сүт шығаратын шағын өндіріс орнын ашуға бел буған. Нәтижесі жаман емес, тәулігіне 500 литрге дейін ақты өңдеп отыр. «Нәзік», «Ақбота», «Ақбұлақ» деген қазақы атауларды иеленген ірімшік-қаймақтардың сапасы да жоғары дейді мамандар. Іс ілгері басып, сұраныс артса, өнімді өткізу нарығы да керегесін кең жая түспек.
– Кейінгі уақытта ауылдық жерлерді дамытып, тұрғындардың тұрмысын жақсартуға бағытталған бағдарламалар көптеп жүзеге асырылуда. Бағдарлама аясында бөлінетін қаржы мөлшері де жылдан-жылға көбейіп келеді. Айталық, биыл тек біздің облысқа ғана 8 млрд. теңгедей қаржы бөлінген. Бұл қаржы несиелік орталықтар арқылы ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамытуға, қосымша жұмыс орындарын ашуға және басқа да игіліктерге бағытталуда, – деп атап өткен аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ мемлекеттік қолдау-көмектің нәтижесінде өңірде жыл сайын кем дегенде он мыңдай адам еңбекпен қамтылып отырғанына тоқталды.

Жаңа мектеп жұртты жаппай көшуден сақтап қалды

Урбанизацияның салдарынан қалың нөпірмен ілесіп қалаға қопарыла көшпей, ата жұрттағы қазығына берік байланған тұрғындары бар Марқа өңіріндегі ауылдардың бірі – Қарашілік. Мұндағы елдің қоныс аудармауына бір есептен бұдан екі жыл ілгеріде іргетасы қаланып басталған 80 орындық жаңа мектептің бой көтеруі септігін тигізіпті. Тоғызыншы сыныпқа дейін оқытатын орталау мектептің салтанатты ашылу рәсімінде сөз сөйлеп, ауылдастарының қуаныш-ризашылығын аймақ басшысына жеткізген «Алтын алқа» иегері, ақ жаулықты Бижікен Желдібаева әжеміз: – Орталықтан алыс шекарада жатқан Қарашілік үшін бұл мектептің маңызы зор. Бұрынғы мектеп әбден ескіріп, тозғандықтан сабақ оқығаны былай тұрсын, «төбесі құлап кете ме екен, қабырғасы опырылып жүрмесе екен» деп балаларымыз бен немерелеріміздің өмірі үшін қатты алаңдаушы едік. Тіпті, жаңа ғимарат салынбаса, балалардың болашағы үшін амалсыз орталыққа қарай көшуді де ойлаған едік. Әйтеуір, біздің мұң-мұқтажымызды облыс басшысы естіп, қол ұшын созды. Сол үшін алғысымыз шексіз, – деп түйді.

Шынымен де ата-аналардың балалары үшін алаңдайтын жөні бар екен. Әрбір сынып бөлмесінің төбелері тіреумен қалтырап тұрған бұл мектеп қолданысқа берілгелі елу жылдан асыпты. Едендері сықырлап, есіктері шиқылдаған ескі ғимараттың аядай терезесінен күн сәулесі әрең сығалайды. Қызыл кірпіштен қаланған қабырғасы да жарылып, қақырай бастаған. Қысқасы, апаттық жағдайға душар болғаны анық көзге ұрады.

Ал жобалық құны 250 млн. теңгені құраған жаңа мектеп оқушылардың талапқа сай білім алуына барлық жағдай жасаған. Әрбір пәнге арналған жеке-жеке кабинеттер сабаққа қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Ауданы кең асханасы, спорт және акт залдары жарқырап тұр. Кейбір мал қыстақтарында тұратын отбасылардың балалары мұнда арнайы автобуспен қатынап оқып жүр қазір, келешекке жоспарланған интернат үйі салынса, бұл мәселенің де шешілері анық.

Қарашіліктік тұрғындардың қуанышын бөліскен облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ көпшілікті жаңа нысанның пайдалануға берілуімен құттықтап, оқушылар мен ұстаздарға музыкалық аппарат пен үлкен экранды теледидар сыйға тартты. Қылқан жапырақты шырша ағаштарының көшеттерін отырғызу рәсіміне қатысты.

Бұдан кейін аймақ басшысы аудан орталығына ат басын тіреп, демалыс саябағы мен Қазақ футболының 100 жылдық мерейтойына орай ашылған үлкен футбол алаңының ашылу салтанатына куә болды. «Қазақ елі» монументінің жанындағы демалыс бағы жастарды қойып ересектердің де серуендеуіне, көңіл көтеріп, мәдени-сауықтыру, мерекелік кештер өткізулеріне аса ыңғайлы жасалған. Ал 38 млн. теңгеге сатып әкелінген әткеншектер мен ойын жабдықтары, алаңдар ауыл балаларының асыр салып ойнауы үшін ұйымдастырылған. Айнала қоршаған гүлзарлар бақтың әдемілігін әсірелеп тұрғандай.

«Сарытау» деп аталатын 2 мың көрерменге арналған жартылай жабық трибунасы бар орталық стадионның лентасы да осы күні қиылды. Спортшыларға арналған санитарлық-тазалық, киініп-шешінетін бөлмелері, әкімшілік корпусы бар стадионның жасанды төсеніш төселген футбол ойнайтын алаңының ауданы атшаптырым. Ұзындығы 105 метр болса, ені – 68 метр. Жеңіл атлеттерге арналған айналма жолдың ұзындығы – 450 метр.

– Мұның бәрі біздің болашағымыз – жастар үшін. Дені сау ұрпағы бар елдің келешегі де кемел. Жалпы, бүгінгі сапар барысында Күршім ауданында бірқатар үлкен жұмыстардың атқарылып жатқанын көзімізбен көрдік. Кейбір аудандарға үлгі боларлық дүниелер көп екен мұнда. Бұл әрине, аудан басшысының, сонымен бірге, осындағы азаматтардың, халықтың бірлесе жүргізген еңбегінің жемісі, – деп қорытындылады орталық стадионның ашылу рәсімінде облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button