Руханият

Алыстан келген Асо ағайын болып кетті

Алыстан келген Асо ағайын болып кетті

Күршімдегі Шабуддиновтар отбасын он мың тұрғыны бар аудан орталығының халқы тегіс біледі. Оған себеп – жанұя мүшелерінің көпшілдігі, ешкімді жатырқамай, жақын тартып тұратын жайдары да жарқын мінездері деп айтқан болар едік. Қазақтың құлағына бөтендеу естілетін тегінің жазылуына тоқталатын болсақ, отағасының ұлты – тәжік. Иә, кәдімгі Тәжікстандағы Қорғантөбе қаласының тумасы. Бірақ жарты ғасырға таяу уақыт осында тірлік кешіп келе жатқандықтан, осы азаматтың тәжік екенін төңіректегі әбден біте қайнасып кеткен ағайындар еске ала да бермейді. Қайта, «өзіміздің Асо ғой» деп іштартып отырғандары.
Асомуддин Шабуддинов пен Ләззат Нұролдақызының көңіл жарастырып, шаңырақ көтергендеріне биыл 47 жыл болған екен. «Алла қосса, үш жылдан кейін алтын тойымызды жасаймыз», – деп күледі Ләззат апай. Күле отырып, ол кісі өздерінің өткен өмір жолдары туралы естеліктерді де емен-жарқын әңгімелеп, ортаға сала кетті.
…Күршімнің байырғы тұрғындары Нұролда мен Зәкетай Нұрсолтановтардың жеті баласының үлкені Ләззат мектепті бітірген бойда аудандық кітапханаға орналасып, хал-қадірінше еңбек етіп жүрген болатын. Ол кезде кітап оқитын жұрттың қарасы қалың, ұзақты күні тыным жоқ, бойжеткен күнді зыр жүгірумен өткізеді. Дәл сол уақытта Күршімде шекара отряды ашылып, онда Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен шақырылған алуан ұлттың өкілдері қызмет етіп жатқан-ды. Бір күні қалың қасты, өткір көзді жас жауынгер келіп, әлдеқандай кітапты тауып беруін өтінді. Ары іздеп, бері іздеп, әлгі кітапты таба алмаған Ләззат оның оқырмандар қолында болуы мүмкін екендігін айтып, тағы бір сәті түскен күні келуін сұрады. Шекарашы жауынгер көп күттірген жоқ, біраздан соң тағы келді. Аталған кітап табылмады, бірақ екі жастың арасындағы таныстық жалғаса келе шынайы махаббатқа ұласты. Үйленуге ұсыныс жасаған Асомуддинге Ләззат өзінің қарсы емес екендігін айтты, дегенмен, тәрбиелі қыз қазақ салтымен құда түсіруді талап еткен болатын.
Көп ұзамай сонау Тәжікстанның Қорғантөбе қаласынан артынып-тартынып құдалар да жетті. Асомуддиннің әкесі Шабуддин Ұлы Отан соғысына қатысқан адам екен. Өзі ұзақ жылдар ұстаздық етіп, кезінде аудандық оқу бөлімін басқарған аса мәдениетті жан болып шықты. Ата-анасы қыздарының инабатты да көргенді мұсылман баласына шыққанына қарсылық білдірген жоқ, екеуін тек оның тым шалғайға ұзатылатыны ғана толғандырған еді.
– 1971 жылы Асоның қызмет мерзімі аяқталып, біз оның туған жері – Қорғантөбеге аттандық, – деп еске алады Ләззат Нұролдақызы. – Барған бойда-ақ маған ауа райы жақпады. Ыстық деген сұмдық, Күршімдегі күн сәл қызса, өзенге барып шомыла беретін күндер қиял ғана болып қалды. Оның үстіне Асо милицияға орналасып, оны оқуға жөнелтетін болды. Енді шыдай алмайтыным белгілі болды да, мен Күршімге тартып отырдым…
Көп ұзамай соңымнан жігітім де жетті. Ол менің жағдайыма әркез түсіністікпен қарайтын, ақыры осында қалуға келісімін берді.
Міне, содан бері жарты ғасырға жуық уақыт зымырап өте шығыпты. Тату да бақуатты тірлік кешкен үлгілі отбасында Зайниддин, Анар, Гаућар есімді үш бала дүниеге келіп, өсіп-жетті. Олардан бес немере сүйіп отырған ата-ана балаларына дән риза. Асомуддин көп жыл бойы өзі қызмет еткен шекара отрядында келісімшартпен еңбектеніп, зейнет демалысына сол әскери бөлімнен шықты. Ұзақ жылдар кітапхана директоры болып қызмет істеген Ләззат апай зейнетке аудандық мәдениет бөлімінен шықты. Әріптестері өтініп, ол кісі зейнетке шыққан соң да төрт жыл жұмыс істеген болатын.
– Апайларың жаман адам емес, – деп жымияды Асо «жездеміз». – Әйтпесе, мен өз елімнен бір қыз таба алмады ғой дейсіңдер ме? Құдайға шүкір, «тәубе» дейтіндей өмір сүрдік, мұндағы ел-жұртымызға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. «Ең басты нәрсе – татулық, береке-бірлік» дейтін болсақ, Қазақстан өзінің ұлттар арасындағы татулығымен бүкіл әлемге үлгі.
Асоның бұлай дейтін жөні бар, өйткені, оның Отаны – Қорғантөбенің көп уақыт ұрыс аймағына айналып, халқының босқындыққа ұшырағанын білеміз. Сол кезде оның екі інісі мен туған бөлесі бас сауғалап Күршімге келген болатын. Ләззат Нұролдақызы қайныларын жыл бойы өз баласындай күтіп , қамқорлық жасады. Ол жақта тыныштық орнап, елге қайтар күн туғанда,әлгі туысқандары жеңгелеріне алғыстарын төгіп, қимай қоштасыпты.
Немере сүйіп отырған Асо ағай мен Ләззат апай енді шөбере сүюден де үмітті. Олай дейтініміз, жақында тұңғыш немерелері Наргиз тұрмысқа шыққалы жатыр.
– Мені қойып, бүгінде 86 жасқа келіп отырған шешем де шөпшегімді көретін болдым деп бек қуанулы, – дейді Ләззат апай. – Құдайым соған жазып, қуанышынан айырмасын!
Тағдырдың жазуымен қос қиырдан қауышып, тілек қосқан осынау қанағатшыл да қарапайым, көпшіл де көргенді адамдардың бүгінде аңсаған армандарына жетіп отырғандары шындық. «Адам – өз бақытының ұстасы» дейді халық нақылы, осы сөздің растығына Асомуддин аға мен Ләззат апай сынды қажырлы жандарды көрген сайын көзіміздің жете түсетіні рас. Өмір жолдары ұлттар достығының, халықтар бірлігінің айқын айғағы болып отырған қос қарияны барша қуаныштарымен құттықтап, қош айтысқан сәтте де менің жан-дүниемді осы бір ой баурап тұрған еді.

Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button