Қоғам

Алғыстан артық марапат жоқ

Алғыстан артық марапат жоқ


Тәуелсіздік күні қарсаңында «Нұр Отан» партиясының Өскемен қалалық филиалында салтанатты жиын өтіп, фракция мүшелеріне партиялық билеттер табыс етілді. Еңбегімен көзге түскен белсенділер Алғыс хаттармен марапатталды.

Кештің құрметті қонақтары қатарында қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ерболат Ошақбаев, «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының партиялық бақылау комиссиясының мүшесі Михаил Мишин, Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығының зертхана меңгерушісі Майра Садықова және басқалар болды.

Михаил Мишин табыс еткен партия билеттеріне «Өскемен Тәртіп», «Өскемен Суарнасы», «Восток молоко» сияқты бірқатар кәсіпорындардың мамандары ие болды. Олардың қатарында Құралай Ибраева, Айнұр Абдошова, Әмір Жанұзақов және басқалары бар.

«Нұротандықтардың» айтуынша, партия билетін алуға бір адамдай еңбегі сіңген азамат – Әмір Жанұзақ. Ол қашан да мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, шама-шарқынша көмектесіп жүр. Айталық, «Бақытты отбасы – бақытты балалық шақ» акциясы аясында өскемендік жеке кәсіпкер жас отбасыларға көмек көрсеткен. «Жақсылық істесең, балаға істе» деген… Жас кәсіпкердің арқасында қамсыз балалар аттракционда күні бойы ойнауға мүмкіндік алғанын да айта кетейік.

Осы күні партияның белсенділері де мадақталып, өздеріне лайықты сый-құрметке бөленді.

– Осында талай жыл қоян-қолтық жұмыс істеп келе жатқан азаматтар жиналып отырмыз. Ел игілігі жолында бірігіп тер төгуге, кез келген уақытта көмек қолын созуға дайынбыз. Әрбіріміздің аздаған болса да жетістігіміз Қазақстанның үлкен табысын құрап отыр, – дейді «Нұр Отан» партиясының Алғыс хатын алған Ерболат Ошақбаев.

– Туған қалаң үшін еңбек етіп, алғыс алғанға не жетсін?! Құрметті мейрам – Тәуелсіздік күні қарсаңында мерейіміз арта түсті. Бүгінгі жастар ел үшін аянбай тер төге алатын осындай азаматтардан үлгі алсын, – дейді Алғыс хаттың кезекті иегері, Өскемен политехниалық колледжінің директоры Исатай Исин.

Өскемендіктерді қастерлі мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірген «Нұр Отан» партиясы Өскемен қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Майраш Екібасова:

– Барлығымыз жұмыла кірісіп, үлкен табысқа, жарқын болашаққа жетуге ұмтыламыз. Меніңше, әрбір табысты азамат – еліміздің бүгінгі келбеті. Қандай жұмысты қолға асақ та, Елбасы саясатын игіліктендіруге бағытталатыны сөзсіз, – деп түйді.

Оразай Жеңісұлы

Осы айдарда

Back to top button