Қоғам

Алыстағы ағайынмен тәжірибе алмасты

Алтай Ғали-Асқар

 Жаһандану үрдісіндегі уақыт тынысы үдеген сайын өмірде де өзгеріс көбейері анық. Бүгінгі үйренгенің ертең-ақ ештемеге жарамай қалуы бек мүмкін. Сондықтан да күн сайын біліміңді жетілдіріп, өзгемен тәжірибе алмасып отырған артық болмайды. Осындай мақсатпен Моңғолиядан келген ұстаздардың бір шоғыры облыс орталығында тәжірибе алмасып жатыр.

Өскемен қаласында мұғалімдерге арналған халықаралық семинар басталды. Семинарға қатысушылар ­– Моңғолия Республикасы Баян-Өлгей аймағының Қабылқақ атындағы №3   Көкмойнақ  орта мектебінің ұстаздары. Білім беру үрдісі негізінде тәжірибе алмассақ деген алыстағы ағайынның тілегін Өскемен қалалық білім бөлімі қабыл алып, арнайы шақырған. Өзгенің тәжірибесін көріп, өнеге алсақ деп келген ұстаздар үш күн бойы семинарларға қатысып, қала мектептерін араламақ.

– Бұған дейін Баян-Өлгей аймағының ұстаздары біздің мұғалімдермен іс-тәжірибе алмасуға ниет білдірген еді. Осыған байланысты бүгін халықаралық семинарымыз басталды. Бізде тәжірибелі, білімді, білікті ұстаздардың қатары  көп. Сол ұстаздарымыз үш күн бойы білім беру үрдісіндегі тәжірибелерін семинарға қатысушылармен бөлісетін болады. Сонымен қатар қаланың үздік мектептерін аралап, қаланың рухани ордаларымен танысатын болады. Жалпы бұл шараның өтуіне Өскемен қалалық мәслихатының депутаты Әскерхан Ақтай дәнекер болып,  қалалық білім бөлімі ұйымдастырып отыр. Негізгі мақсат – білім үрдісіндегі тәжірибемізбен бөлісіп, тәжірибе алмасу, – дейді Өскемен қалалық білім бөлімінің әдіскері Зилфия Ысқақова.

Алыстан келген ұстаздар қауымын Өскемендегі тарихы терең, абыройы асқақ алғашқы қазақ мектептерінің бірі – Шоқан Уәлиханов атындағы №3 мектеп – лицейі қарсы алды. Мектептің кіреберісінде қазақы дәстүрге сай ән-жырмен шашу шашып, ізгілікті ілтипат көрсетті. Ал екінші қабатқа көтерілгенде қонақтарды жуықта ашылған домбыра сыныбының оқушылары күмбірлі, әсем әнмен қарсы алды. Білім нәрімен сусындасақ деп келген ұстаздарды домбыра үнімен қарсы алған мектеп ұжымы қазақылық қалып танытып, сан қырлы шәкірт тәрбиелеп жатқандарын паш етті. Осыдан кейін оқу орнының тарихын таныстырып, мектептің жетістіктерімен бөлісті. Сондай-ақ «зияткерлік ойын алаңы» дебат клубы мен дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері де өз тәжірибелерімен бөлісіп, білгендерін ортаға салды. Ары қарай тәжірибе алмасуға келген ұстаздардың пәндеріне сай «Оқытуды жаңаша ұйымдастырудың мәні» атты тақырыппен шеберлік сағаттары жалғасты.

– Өзің білмегенді өзгеден үйрену бүгінгі күннің талабы деп білген жөн. Ақпарат ағымы жылдамдаған сайын білім беру үрдісінде өзгерістер де күн сайын болып жатыр. Білім мен ғылым қарыштап даму үстінде. Сондықтан  өз біліміңді күн сайын жетілдіріп, тәжірибеңді арттырып отырмасаң, білім көшіне ілесуің қиын. Осындай мақсатпен халықаралық семинарға келіп отырмыз. Қазақ елінің білім үрдісін көріп, тәжірибе алмассақ деген ниет білдіргенбіз. Ұсынысымызды қабыл алып, бар білгендерімен бөлісіп жатқан ұстаздар қауымына, Өскемен қалалық білім бөліміне мың алғыс. Балаларға білім берудің озық үлгісімен танысып, тәжірибе алмасып жатырмыз. Семинарлар  жоғары деңгейде ұйымдастырылуда. Бұл жолғы семинардан көп дүние үйреніп қайтатынымызға көзіміз жетіп, көңіліміз тоқ болып тұр, – дейді  Қабылқақ атындағы №3 Көкмойнақ  мектебінің оқу-ісінің менеджері Манайхан Алтангэрэл.

Келесі кезекте семинарға қатысушы ұстаздар дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатында болып, Жаңа Қазақстанның білім берудегі озық үлгісімен танысып, тәжірибе алмасатын болады.

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button