Алыс-беріс артып келеді
Кеше облыс әкімі Даниал Ахметов Ресей Федерациясының Өскемен қаласындағы бас консулы Михаил Королевты қабылдады.
Аймақ басшысы Шығыс Қазақстан облысы мен Ресей Федерациясы арасында тауар айналымы жыл сайын артып отырғанын және қос тарап барлық салаларда өзара тиімді қарым-қатынас орнатқанын атап өтті. Өткен жылы Шығыс Қазақстан Ресейден 0,5 миллиард АҚШ долларының өнімін импорттаған екен.
– Біздің Ресеймен әріптестік орнататын салаларымыз сан алуан, әсіресе ғылым-білім, өндіріс бағыты бізді ерекше қызықтырады. Өскемендегі техникалық университетте ресейлік ғалымдардың қолдауымен атомдық физика саласындағы мамандар даярлау жобасы қолға алынған. Бірнеше жылдан соң Шығыс Қазақстан Франция және Қытай елдерімен бірлесе отырып, жылу қондырғыларын шығармақ. Бұл іске ресейлік тарапты да тартуға болады. «Алтай – біздің ортақ үйіміз» үйлестіру кеңесі Шығыс Қазақстан мен көршілес Алтай өлкесі арасындағы ынтымақтастықты реттеуде, – деді Даниал Ахметов.
Аймақ басшысы өңірдің ауыл шаруашылығы, өндіріс және туризм саласындағы әлеуетін де атап көрсетті. Мәселен, облыс аумағында орналасқан «Қазатомөнеркәсіп» –әлемдегі уран өндіруші ең алпауыт кәсіпорын. Алтай өлкесімен аграрлық салада да екіжақты қарым-қатынас жолға қойылған. Ресейлік туристер жазғы маусымда Көгілдір бұғаз бен теңіз суы бар Алакөлге келіп демалуды әдетке айналдырған-ды.
Бас консул өз сөзінде аймақ басшысына уақыт тауып қабылдағаны үшін рақметін айтты. Сондай-ақ ол облыстың, Семей және Өскемен қалаларының әкімдіктеріне жуырда өткен Ресей президентінің сайлауын жоғары деңгейде ұйымдастырғандары үшін ерекше ризашылық білдірді. Мұнымен қоса, Кемерово қаласында орын алған өртке байланысты облыс тұрғындары консулдыққа келіп, көңіл білдіріп, қайғыға ортақтастықтарын танытқанын айрықша атап, ілтипат сезімін жеткізді.
Консул өңір мен Ресей арасындағы сыртқы тауар айналымы 10 пайызға өскенін де айтып, екі елді жалғап жатқан жол мәселесін көтерді.
Осы ретте облыс әкімі Риддерден Ресей шекарасына дейінгі жолды қазақстандық тарап баяғыда-ақ салып қойғанын, енді әрі қарай Ресей жағы іске кіріспей отырғанын атап көрсетті.
– Бұл мәселенің шешілмей келе жатқанына 20 жылдай болды. Осы жол ең алдымен Ресей үшін тиімді болар еді. Әлбетте, бізге де аса қажет. Аталмыш төте жол арқылы біз ары қарай Моңғолияға қатынамақпыз. Ол елдің мал өнімдерін Ресей мен Қазақстанның кәсіпорындарында өңдеуге болар еді, – деді Даниал Ахметов.
Бас консул Михаил Королев бұл мәселені өздерінің құзырлы органдарына жеткізіп, оң шешілуіне жан-жақты ықпал жасауға уәде берді.
Аймақ басшысы, мұнымен қатар, облыс театры көршілес Моңғолия мен Қытайға гастрольдік сапармен шығып жүргенін айтып, осындай іс-шараны Ресейдің қоңсылас өлкелеріне де жасауға болар еді деген ұсыныс білдірді.
Ержан Әбіш