Алғыс айту күні Шығыста кең ауқымда аталып өтті

Шығыс Қазақстанда Алғыс айту күніне орай 300-ден астам түрлі іс-шара өтіп, оларға 80 мыңнан астам адам қатысты. Атқарылған шаралар қатарында еріктілер, жастар, кәсіпкерлер мен тұрғындар атсалысқан әлеуметтік әлжуаз топтарға көмек көрсету акциялары, сонымен бірге мерекелік, қайырымдылық концерттері, дөңгелек үстелдер, көрмелер бар. Осы күні «Рахмет!», «Алғыс айтамын!», «Бірлік пен келісім» секілді жанжадыратар ризашылық тілектер жиі әрі шынайы көңілмен айтылды.
Мереке қарсаңында барлық 19 қала мен ауданның тұрғындары облыс жастарының бастамасымен әлеуметтік желілерде қолға алынған «Алғыс айту күні» акциясына белсенді қатысты.
1 наурыз – Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні және барлық этностық топтардың бір-біріне және қазақ халқына Алғыс айту күні мерекесі. Осыған орай кеше облыстық Достық үйі – қоғамдық келісім орталығында салтанатты жиын болып өтті.
Келелі басқосуға Достық үйі – қоғамдық келісім орталығындағы этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен белсенділері, Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері және оның құрамындағы Аналар кеңесі, Қоғамдық келісім кеңесі, Журналистер клубы, Меценаттар клубы, Ғылыми-сараптамалық топ, «Жаңғыру жолы» жастар штабы мүшелері, шығармашылық ұжымдар өкілдері қатысты.
Жиын мақсаты жас ұрпақ бойында толеранттылық, достық пен бір-біріне құрмет сезімін тәрбиелеу, сондай-ақ еліміздегі этносаралық келісім мен ұлтаралық байланыстарды нығайту, қоғам дамуына негіз болатын Елбасы идеялары мен саясатын насихаттау болды.
Іс-шара аясында этномәдени бірлестіктер өкілдерінің қатысуымен облыстық тарихи-өлкетану мұражайының халықтар депортациясына арналғантақырыптық көрмесі ұйымдастырылды. Фойедегі көрмеден көпшілік саяси қуған-сүргін салдарынан поляктардың, кәрістердің, шешендер мен немістердің және өзге де түрлі халықтардың еліміздің аумағына жантөзгісіз жағдайларда жер аударылғаны, олардың кейінгі тауқыметі және жергілікті қазақтардың көрсеткен көмегі мен қамқорлығы туралы мол әрі қызықты мағлұматтар ала алды.
Алғыс айту күнінің Қазақстан халқы Ассамблеясы сынды этносаралық қарым-қатынастарды үйлестіруші және қоғамдық келісімді сақтаушы бірегей институттың құрылған күнімен тұспа-тұс келуі кездейсоқ емес. Алғыс айту күні – бұл қазақстандық қоғамдағы достық пен өзара сенімнің ғасырлық дәстүріне, қазақ халқының қонақжайлығына деген құрметтің белгісі, еліміздегі мәдени саналуандылықты сақтаудың бір жолы. Өңірімізде қазіргі кезде 105 этностың және 20 шақты конфессияның өкілдері бірлік пен келісімде, бейбіт өмір сүруде. Сонымен қатар, облыста 123 этностық-мәдени орталықтың басын қосқан 13 Достық үйі табысты жұмыс істеп келеді. Барлық ұлттар мен ұлыстардың тілін, ділін, дәстүрі мен мәдениетін дамытуға барлық жағдайлар жасалуда.
–Жуырда «Нұр Отан» партиясының 20 жылдық мерейтойына орай өткен 18-ші съезінде Елбасымыз, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз Қазақстанның басты жетістігі – қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік екенін ерекше атап өтті. Тек қана ауызбіршіліктің арқасында біз маңызды әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешуге қауқарлымыз. Ал ондай алда тұрған міндеттер өте көп, – деді өзінің құттықтау сөзінде облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова.
Облыс әкімінің орынбасары сондай-ақ, облыста Мемлекет басшысының тапсырмасына сай аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды кешенді қолдаудың бағдарламасы әзірленгенін де жеткізді. Қолдау шаралары білім беру, денсаулық сақтау, атаулы әлеуметтік көмек және несиелендіру бағыттарын қамтып отыр. Жергілікті қазынадан осы бағдарламаны іске асыруға 15,6 миллиард теңге бөлінді, алдағы уақытта қосымша тағы 1,1 миллиард теңге берілетін болады.
Осы күні халық бірлігін нығайтуға, бейбітшілік пен келісімді сақтауға, рухани мәдениетті дамытуға қосқан үлесі үшін танымал биолог-ғалым, жазушы, Өскемен және Вьетнам еліндегі Хошимин қалаларының құрметті азаматы Борис Щербаков және Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Асқар Нұрғазиев Ассамблеяның «Бірлік» алтын медалімен марапатталды.

Сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ұлттық бірлік және келісім – рухани жаңғырту негіздері» дәстүрлі байқауының жеңімпаздары да марапатталды. Атап айтсақ, Басқарағай аудандық Достық үйінің директоры Мейрамгүл Абылғазинова «Достық үйі – «Рухани жаңғыру» жобасының көшбасшы», Алтай аудандық Достық үйі «Атадәстүр» қазақ бірлестігінің жетекшісі Фарида Тауданбекова «Этномәдени бірлестіктердің үздік әлеуметтік жобасы» аталымын, Бесқарағай аудандық Достық Үйі «Үздік медиация кабинеті», Глубокое аудандық Достық үйінің директоры Жанар Қабидоллақызы «Шығыс Қазақстан – қақтығыссыз аумақ» жобасын жүзеге асырудағы көшбасшы», Катонқарағай аудандық Достық үйінің Аналар кеңесі «Отбасындағы толеранттылықты тәрбиелеу жөніндегі аналар кеңесі» – «Отбасы – мемлекет негізі» жобасын іске асырудағы көшбасшы», Шемонайха аудандық Достық үйі «Жастар клубының үздік әлеуметтік жобасы», С. Аманжолов атындағы ШҚМУ ғалымы Жанна Әубәкірова «Мемлекеттік этносаясат бойынша үздік ғылыми жұмыс», «Рудный Алтай» газетінің тілшісі Шәміл Багаутдинов «Этносаралық келісімнің қазақстандық үлгісін жариялау бойынша үздік журналистік жұмыс» аталымдары бойынша дипломдармен ақшалай сертификаттарға ие болды.
Салтанатты жиын соңы мерекелік концертке ұлысты. Кеште «Арабеск», «Русская песня», «Барвинок», «Крынички», «Самульнори», «Вайнах», «Злато» ансамбльдері, «Сарман», «Гармония», «Инкоро» топтары өнер көрсетті.
Ержан Әбіш