Қоғам

Алғыс айту апталығы басталды

Алғыс айту апталығы басталды

Өскемен қаласында 1 наурыз – Алғыс айту мерекесінің құрметіне арнайы апталық жарияланды. Шараның алғашқы күні «Вайнах» этномәдени бірлестігінің өкілдері «Үміт» балалар үйіне барып, оларға түрлі түсті теледидар тарту етті.
– Біз бүгін әртүрлі ұлттың балалары бейбіт, тату-тәтті тірлік кешіп жатқан шаңыраққа әдейі келдік. Сұрапыл соғыс жылдарында қазақ халқы бөтен жұртты бауырына басып, қамқор болды, мейірімін төкті. Сол жылдары қазақ жеріне қоныс аударған өзге ұлт өкілдерінің көкейінде бұл сайрап тұр. Біз сол жылдары қазақ халқының өзге ұлтқа көрсеткен жақсылығы, мейірбандығы туралы жас ұрпаққа айтып, бөлісуді жөн көрдік, – дейді аталған бірлестіктің жетекшісі Татьяна Кагерманова.
1991 жылы құрылған этномәдени бірлестіктің қазір 1500-ден астам мүшесі бар көрінеді.
Жалпы, Өскеменде ұйымдастырылған Алғыс айту апталығы барысында қаланың денсаулық сақтау мекемелерінде де «Дәрігеріме рахмет» акциялары мен ауруханаларда «Ақ халатты абзал жандар» атты ашық есік күндері өтеді. Сондай-ақ, перзентханаларда «Сүйінші» акциясы ұйымдастырылып, Алғыс айту күнінде босанып, дүние есігін ашқан аналар мен сәбилерге сыйлықтар берілмек. Ал қаланың мектептерінде «Алғыс айту – парызым» атты тақырыпта сабақтар өтіп, «Ата-анам – алтын тұғырым», «Алғыс білдіремін» деген тақырыптарда түрлі шығармалар сайысы, суреттер мен фотокартиналар конкурсы өтіп, спорттық жарыстар ұйымдастырылмақ.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button