Журналистік зерттеу

Алыс ауылдарға автобус жүре ме?

Алыс ауылдарға автобус жүре ме?
«Алыстағы ауылдарға автобус неге жүрмейді?» деп сауал қоятындар көп. Кезінде барлық автобус парктері жекеменшіктің қолына өтіп, ғимараттары басқа бағытқа пайдаланылып кеткені белгілі. Демек те, қазір ауданішілік автобус қатынасын қалпына келтіру бағытында атқарылып жатқан шаруа да жоқ емес. Сондықтан да осы тақырыпты қаузап көрген едік.

Бәрі де қаржыға келіп тіреледі

Облыстық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржан Жұмағұловтың айтуынша, ауыларалық автобустар қатынасы жүз пайыз жойылып кетпеген көрінеді. Бұл бағыттағы шаруалар жүргізіліп келеді. Биыл ғана басқарма жеті қалааралық бағытты жаңартқан. Өңірде ауыларалық автобус байланысын тұрақты қалыпқа келтірудің 2011-2015 жылдарға арналған жоспар-кестесі бекітілген. Қазір ауыларалық автобус қатынасын қамтамасыз етуді 96 қалааралық және 46 ауданішілік тұрақты автобус бағыттары жүзеге асырып отыр.

Автобус парктері Өскемен, Семей, Риддер, Зырян, Аягөз, Серебрянка қалаларында және Глубокое ауданында сақталып қалыпты. Бұған қоса облыстың екі үлкен қаласында бірнеше автобус парктері болса, өкініштісі – осылардың барлығы дерлік жекеменшіктің қолында. Ал оларды мемлекеттік меншікке алып, автобус базасын толықтай жаңарту, арнайы өндірістік-техникалық база жасақтау қыруар қаржыны талап етеді. Әрі әрбір жаңа автобустың құны да орта есеппен алғанда 100 мың АҚШ долларынан асып жығылады. Тіпті, немістің жаңа үлгідегі жолаушылар көлігі бұдан да екі есе қымбат көрінеді. Бұл бізге қаржылық жағынан тиімсіз. Сондықтан қалааралық бағыттарда және облыс аумағында жолаушыларды тасымалдауды жүргізу жоғарыдағы басқарма арқылы ұйымдастырылған тендерлерде жеңіске жеткен жеке компаниялар арқылы жүзеге асырылып келеді. Ауданішілік бағыттардағы автобустар қатынасын аудандық бөлімдер реттейді. Тендерлер бес жылда бір рет өткізіледі.

Алайда, бір «әттеген-айы» ауыл арасындағы жолаушылар тасымалына тендерге түсетін кәсіпкерлер қарасы тым аз. Ешкім түспей қалатын кездер де кездеседі. Ол жағы бізге Үржар, Зайсан, Жарма, Аягөз аудандарындағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімдеріне арнайы хабарласқанымызда белгілі болды.

Мәселен, Үкіметтің «Автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидасын бекіту туралы» 2011 жылғы 2 шілдедегі Қаулысына сәйкес, ауданішілік жолаушы тасымалы белгіленген маршруттарға қызмет көрсету құқығына арналған конкурс негізінде ұйымдастырылады.

Үржар ауданы әкімінің орынбасары Ж.Байсабыровтың жолдаған жауабы бойынша ауданда ағымдағы жылдың мамыр айында ауданішілік барлық бағыттар көрсетіле отырылып конкурс жарияланған. Өкінішке қарай, конкурсқа өтініш берушілер болмаған. Тек Үржар – Бақты бағыты бойынша жолаушы тасымалы ұйымдастырылған. Оның мәлімдеуінше, биыл жылдың соңында конкурс қайта ұйымдастырылмақ. Ал жергілікті билік тарапынан автобус парктерін жасақтау – алдағы күндердің еншісінде қалып отырған шаруа.

Зайсан ауданындағы ахуал да осыған ұқсас. Аудандық бөлімнің басшысы Б.Көшербаевтың айтуынша, жақын арада конкурс өткізіліп, жеңімпаз болған жеке және заңды тұлғалар ауданішілік бағыттарда халыққа қызмет көрсететін болады.

Жарма ауданында үш бағытта жолаушылар тасымалы жүргізілуде. Олар: «Қалбатау – Жарық», «Шар – Қалбатау», «Қалбатау – Жаңғызтөбе – Шуақ» маршруттары. Бәрі де жеке кәсіпкерлер арқылы жүзеге асуда. Жолаушы тасымалдаушыларға биыл 750 мың теңге субсидия бөлініп, төленген. Аудан әкімінің орынбасары Н.Шалтабановтың мәліметінше, «Қалбатау – Шар – Әуезов» бағытына қайталап конкурс өткізуге құжаттары әзірленіп жатса, «Қалбатау – Жаңғызтөбе – Жарма – Қызылағаш» бағытын ашу ойластырылып отыр.

Ал Аягөз ауданындағы тиісті бөлім басшысының міндетін атқарушы М.Ахметжановтың мәліметінше, ауданда жолаушылар тасымалымен «Автобус паркі» ЖШС-і айналысады. Ол тек «Аягөз – Ақсуат», «Аягөз – Өскемен», «Аягөз – Семей», «Аягөз – Алматы» сынды қалааралық бағыттарға ғана қызмет көрсетеді. Ауылды жерлерге автобус жүргізуге кеткен шығыны ақталмайтындықтан бұл мекеме бас тартуда. Сондықтан аталмыш бөлім жыл соңына қарай жекеменшік көлігі бар тұлғалармен келісімшарт жасасып, ауыларалық такси қызметін жүргізуді жоспарлап отырған жайы бар. Оны тұрақты ұстап тұру үшін жергілікті бюджеттен субсидия бөлуге сұраныс дайындалуда.

790 ауылдың 300-іне автобус қатынайды. Аз ба, көп пе?

Енді облыстың қалалары мен аудандарындағы ауыларалық автобус қатынасы бойынша басқарманың жолаушы көлігі бөлімінен алынған нақты цифрлар мен мәліметтерге тоқталайық. Өскемен, Курчатов, Риддер қалаларына қарасты ауылдар жолаушы тасымалымен толық қамтылса, Семейге қарасты 38 ауылдың 21-іне автобус жүріп тұр. Абай ауданының 11 ауылының 4-еуіне ғана байланыс болса, Аягөз ауданында 64 елді мекеннің 21-іне ғана автобус қатынайды. Алдыңғы ауданда 63,6, кейінгісінде 67,2 пайыз елді мекендер жолаушы тасымалымен қамтылмаған. Ал бұл көрсеткіштер Жарма ауданында – 54, Зайсан ауданында – 62,1, Күршім ауданында – 54,5, Тарбағатай ауданында – 38,4, Үржар ауданында – 46,3, Катонқарағай ауданында – 35,3, Ұлан ауданында – 35,4, Көкпекті ауданында – 32,1, Зырян ауданында – 28 пайыз.

Керісінше, Бородулиха ауданының 65 ауылының 52-сіне жолаушылар көлігі қатынаса, Бесқарағайдың 30 ауылының 30-ына байланыс бар. Глубокое ауданының 42 ауылының 35-інде аталған мәселе шешімін тапқан. Сондай-ақ, Шемонайха ауданының да 5 аулына ғана қатынас жоқ. Ондағы елді мекендер саны – 36. Бір сөзбен айтсақ, аймақтағы 790 ауылдың 300-іне автобус қатынайды. Бұл облыс бойынша 38 пайызды құрайды.

Басқарма басшылығының соңғы екі жылда ауыларалық автобустар қатынасын дамытуда қолға алған шаруаларының бірі – ол қалааралық бағыттар бойынша тендерге түскен ірі компанияларға белгілі бір ауыларалық бағыттарды қоса бекітіп беру. Бұл талап тендерлік келісім-шарттарда арнайы көрсетілгендіктен, тендерге түскен компаниялар үлкен бағыттарды алу үшін шағын маршруттарға да қызмет көрсетуге міндетті болады. Осылай талап қою арқылы талай ауылдарға автобус жүріп тұр бүгінде. Әйтпесе, жолаушысы аз, жолы нашар, шығыны басым ауылдық жерлерге өз автобустарымен қызмет көрсетуге ешкім белсеніп шыға бермейтін көрінеді.

Заңсыз таксилердің жолын қалай кесеміз?

Автобус байланысының жандануына кедергі болып отырған мәселенің бірі – ауылдардағы заңсыз жолаушылар тасымалымен айналысатын жекеменшік көлік иелері болып отыр. Басқарма мамандарының сөзінше, олар салық органдарында тіркелмегендіктен, тіркелсе де табысты төмен етіп көрсеткендіктен, еліміз бойынша жолаушылар тасымалының 40 пайызы осы заңсыз тасымалдаушылардың үлесіне кетіп жатыр. Ал бұл көрсеткіштің өз кезегінде еліміз бойынша жылына 3 миллиардтан астам теңгенің, облыста 200 млн. теңгенің салығының мемлекет қоржынына түспеуіне әкеліп соқтырып отырған жайы бар. Оның сыртында заңсыз тасымалдаушылар бақылаудың әлсіздігінен заңнама нормаларын өрескел бұзып, көліктерінің ақаулы жағдайында жолға шығатынын, әр рейстің алдында қажетті техникалық байқау жасалмайтынын, жүргізушінің денсаулық жағдайы медициналық сараптамадан өткізілмейтінін, түрлі сақтандырулардың болмайтындығын, жолда сынып қалса, оларға қосымша көмек келмейтіндігін назарға алсақ, олармен сапарға шығудың қаншалықты қауіпті екендігі белгілі. Жекеменшік жолаушы тасымалдаушылармен күрес соңғы 7-8 жылдың шегінде үздіксіз жүріп келе жатса да, нақты нәтиженің әлі көрінер түрі жоқ. Әрі оларды тексеріп, жазаға тарту тиісті облыстық басқарма мен оның қалалық, аудандық бөлімдерінің құзыретінде жоқ. Тек тиісті мекемеге заңбұзушылық туралы арнайы хат бағыттаумен шектеледі. Онымен Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстары бойынша «Ертіс» өңіраралық көліктік бақылау инспекциясы шұғылданады. Ең қызығы, олар да жол бойындағы «такси» көліктерді бірден тоқтатып тексере алмайды, әр тексеруге шығуы үшін прокуратураның арнайы рұқсаты болуы шарт. Содан соң тексеру құқықтық статистика орталығына тіркеліп, жол полициясының келісімі алынады. Олай болмаған жағдайда тексеруге заң жүзінде тыйым салынады.

– Сонымен қатар, тексеру кезінде ұсталған жағдайдың өзінде жекеменшік кісі тасушылар «арнайы тапсырыспен кетіп барам», «туысымды әкеле жатырмын» деп жалтарып-ақ бағады. Жолаушылар да оның сөзін қайталап, көлікті жолынан бөгеудің еш қисыны болмай қалады. Автобус арзан бағамен жүріп тұрса да, бағасы қымбат таксиге отырады. Себебі, ол үйінен қалаған уақытында алып кетеді, айтқан жеріне апарып салады. Сол себепті ауылдар арасына шығарылған автобус біраз күн үш-төрт жолаушысымен жүргесін, шығынын жаба алмай, өзінен-өзі тоқтап қалады. Нақты тіркеліп, жеке кәсіпкер ретінде салығын төлеп, жолаушы тасып жүргендермен әңгіме басқа. Бұл арада жағдайды оңға бұру – сол ауылдардағы тұрғындардың өзіне де байланысты болып отыр. Дегенмен, таксистерді тәртіпке шақыру тоқтаусыз жалғаса береді, – дейді облыстық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржан Жұмағұлов.

Жергілікті жерлерде субсидия қарастырылған

Облыс Әкімінің арнайы тапсырмасы бойынша 2010 – 2013 жылдар аралығында облыстың қалалары мен аудандарындағы ауыларалық автобус қатынасын жолға қоюды дамыту мақсатында жергілікті жерлерде субсидиялар қарастырылған. Мәселен, 2013 жылы Риддер қаласы 1 200 000, Абай ауданы – 2 млн. теңге, Бородулиха – 4,5 млн. теңге, Бесқарағай – 1,5 млн. теңге, Жарма – 750 мың теңге, Күршім ауданы 3 млн. теңге, Тарбағатай – 958 мың теңге, Көкпекті – 1 млн., Катонқарағай ауданы 1 607 000 теңге субсидия бөлген. Аудандар арасында ең көп қаржы бөлген Зайсан ауданы болып шықты. Бұл бағытқа 12 млн. теңге қарастырылыпты.
Облыстық басқарманың басшылығы келер жылы бұл көрсеткіштің арта түсетіндігін жеткізді. Өйткені, аудандар автобустарды жүргізуге ниетті болып отыр. Демек, алдағы күндерден үміт күтуге болады, жыл өткен сайын шалғайдағы ауылдар арасына тұрақты қатынар автобус байланысы жандана түспек. Ең бастысы – сол үшін нақты шаруалардың жоспарланып, жүзеге асырыла бастағаны қуантады.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button