Қоғам

Алыпсатарларды есіктен сығалатпады

Алыпсатарларды есіктен сығалатпады


«Өскемендегі кезекті жәрмеңкеге Күршім ауданы келеді екен» деген хабар тарағалы қала тұрғындарынан тағат кетті. Оның да себебі бар. Күршім өңіріміздегі экологиялық аймаққа жатпайтын екі ауданның бірі. Демек, ол жақтан әкелінген өнімдер де сапалы!

Күршімнен керуен тартқан салқар көшті аудан әкімі Сейсенғазы Чукаевтың өзі бастап келді. Онымен бірге аудандық мәслихаттың хатшысы Мұхтар Сағанақов та бар. Олардың келгені жақсы болды. Әдетте құлқын сәріден сауда-саттық орнында қаптап кететін жергілікті алыпсатарлар бұл жолы есіктен сығалай алған жоқ. Тәртіпті аудан басшысы өзі қадағалады. Ал мамырда жауған қарға қарамай Күршімнің құнарлы өнімдерін алуға асыққан жұрттың қарасы уақыт өткен сайын көбейе берді, көбейе берді.

Аудан әкімінің айтуына қарағанда, жәрмеңкеге 12 ауылдық округ пен Төретоғам балық зауыты өз өнімдерін әкеліпті. Балықтың түр-түрі, жылқы, ірі қара мен ұсақ малдың еті самсап тұр. Еттердің сапасына, қоңдылығына риза болған тұтынушылар семіз малдың жас етін келілеп алып, әкетіп жатты. Сауда тез жүрді. Айналасы бірер сағатта сөрелердің біразы босап қалды. Бір тұста бал, қымыз, сүт өнімдері, тары, талқан, қоспа саудаға түсті. Сайып келгенде күршімдіктер бұл жолғы жәрмеңкеге көл-көсір өнім әкеліпті.

Айта кететін бір жайт осындай жәрмеңкелер кезінде жергілікті саудагерлер қосарланып кететіні бар. Тұтынушылардың айтуынша, олардың саудаға шығаратын өнімдері сапасыздау немесе бағасы қымбаттырақ болады екен. Ондай әрекет осы жолы да байқалды. Алайда Күршім ауданының әкімі іске араласып, олардың бірқатарын тыйып салды.

Жәрмеңке барысында сахнада ән шырқалып, күй төгілді. Күршім ауданы Мәдениет үйінің өнерпаздары жиналған жұртқа бар өнерін көрсетіп, думанды шараның отын үрлей түсті.

Советхан Қалиғожин,
облыстық, қалалық ақсақалдар кеңесінің мүшесі

Осы айдарда

Back to top button