Қоғам

Алыпсатарлардың бағаны аспандатуына жол бермеу керек

  Алыпсатарлардың бағаны аспандатуына жол бермеу керек

Кеше облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ төрағалығымен селекторлық бейнережимде өңірдегі азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша аппараттық кеңес болып өтті.
Жиында бір ғана мәселе қаралды, ол – ұлттық валюта бағамының өзгеруіне байланысты туындаған халық тұтынатын тауарлардың негізсіз қымбаттауына жол бермеу мақсатында жұмыс топтарымен атқарылып жатқан шаралардың барысы.
Жағдайды пайдаланып, қарапайым халықтың қалтасын қағу арқылы артық табыс тапқысы келген алыпсатарлардың әрекеттерінен көтерілген кейбір тауарлардың құнын айтпағанда, облыстағы жалпы жағдай қалыпты. Азық-түлікті қап-қабымен алып, сауда орындарын «көшіріп» әкетіп жатқан жұрт жоқ. Жанар-жағармай мен дәрі-дәрмек те, валюталар бағамдары да толық бақылауға алынған. Алайда, Өскемен, Семей, Риддер, Курчатов қалаларында, Жарма, Көкпекті аудандарында ішінара қымбаттаушылық бар.
Облыс Әкімінің орынбасары Нұрлыбек Шерубаевтың ұсынған деректеріне ден қойсақ, негізінен бағаның өсуі сырттан тасымалданатын импорттық тауарларда байқалған. Атап айтсақ, олар: қызанақ, қияр, алма, сары май, аздаған қой мен құс еті, шай. Ал өзімізде өндіретін ауыл шаруашылық өнімдерінің ешбірі қымбаттамаған.
Жұмыс тобының тексерулері нәтижесінде анықталғандай, Өскемен мен Семей қалаларында 33 тауар түрінің 28-інде бағаның өсіміне жол берілген. Сол сияқты Курчатовта азық-түліктің 14 түрі, Риддерде 24 түрі қымбаттаған.
– Біз жұмыс істегелі бір аптадай уақыт болды. Әзірге бағаны негізсіз көтерген қандай да бір алыпсатарға шара қолданып, айыппұл салған жағдайды байқамадым. Неге ондай шаралар жүргізілмейді? Жалпы, жұмыс тобы облыстық штабқа, сондай-ақ, бақылаушы органдарға тиісті ұсыныстар беріп отыр ма, әлде тек фактілерді белгілумен ғана шектелуде ме? – деп сұрақты көлденең тартқан аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ Қытайдан әкелінетін жеміс-жидектің қарапайым тұтынушыға жеткенше бірнеше есе қымбаттап кететінін қатаң сынға алды.
Мәселен, көрші Қытайдан келетін қиярдың бір келісі кедендік алым-салықтарды қоса есептегенде 260-270 теңгенің үстінде шығады екен, ал Өскеменнің сауда орындары бұл өнімді 600-700 теңгеден сатуда. Яғни, екі-екі жарым есеге көтерілген.
Бұған қоса өңір басшысы осыдан үш-төрт жыл бұрын қол қойылған азық-түлік өнімдерінің үстеме бағасын 10 пайыздан асырмау жөніндегі меморандумдардың (ол құжаттар әлі күнге күшін жойған жоқ) шарттары неліктен орындалмай жатқанын, сауда орындарында сатылымға қойылған тауарлардың құны көрсетілген жөнелтпе құжаттардың болмауын сынады.
Жиында баяндама жасаған Өскемен қаласы әкімінің міндетін атқарушы Мақсұт Исақовтан облыс басшысы не себепті өзімізде өндірілетін тауарлардың құны көтеріліп кеткенін сұрады. Мәселен, ұнның бағасы 50%, нан – 13%, макарон өнімдері – 29%, орамжапырақ – 40%, сәбіз – 20%, пияз – 21% қымбаттаған. Сырттан енгізілетін қызанақтың кедендік алым-салықтарды қосқандағы бағасы 227 теңгені құраса, қала базарларында бұл 560 теңгеден сатылады.
Бүгінгі күні облыс орталығында 2,5 мың тонна картоп, 890 тонна орамжапырақ, 1600 тонна сәбіз, 120 тонна пияз қоры бола тұра, аталған көкөністердің қымбаттауына жол берілген.
Оған қоса, «Өскемен қант» ЖШС қанттың келісін 135 теңгеден босатса, «Дина» базары оны бөлшек саудада 171 теңгеден сатуда. Сонда 30 теңге көлеміндегі үстеме қайдан келді? Өзі өндірмеген, артық шығын шығармаған базар қанттың құнына осынша үстеме қосуы қаншалықты қисынға келеді?
Тағы бір мысал келтірсек, «Мұздыбай» шаруа қожалығында бір келі картоп 45 теңге тұрады, ал бөлшек саудада дәл осы өнім 105 теңгеден қойылған. Неге? Өйткені «Дина» толайым сауда базары үстемені арттырып жіберген. Айталық, аталған базар «Мұздыбайдан» өздері барып сатып алғанда картоп бағасының үстіне бар-жоғы 20 теңге қосса, бөлшек саудаға келгенде мұны 35 теңгеге дейін бірақ көтереді.
– Мұны неге бақылауға алмайсыздар? Егер өндіруші өстіп мол табысқа кенеліп, игілігіне жаратып отырса, бір сәрі ғой. Ал енді шаруаның маңдай тері мен қарапайым сатып алушының есебінен саусағын қимылдатпай қыруар пайдаға батқан делдалдарды неге асырауымыз керек? – деген аймақ басшысы ауыл шаруашылық тауарларын өндірушіден тікелей делдалсыз алуды жолға қоюды ұсынды.
Сонымен қатар, облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ жиын барысында телефон арқылы Риддер қаласының, Зырян, Глубокое, Ұлан, Шемонайха, Тарбағатай аудандарының, Бородулихадағы Красный Яр және Глубокоедағы Ушанов ауылдық округтерінің әкімдерімен тікелей хабарласып, азық-түлік бағасына қатысты мәселелерді түсіндіріп беруді, жалпы жағдайды баяндауды талап етті. Туындаған бірқатар сауалдарға жауап алып, алдағы уақытта атқарылуы тиіс тапсырмаларды нақтылады.
Шемонайха ауданының әкімі Амангелді Тоқтаров өңірде азық-түлік өнімдерінің бағасы тұрақты екенін, алайда кей кездері ресейлік тұтынушылардың есебінен ішінара қымбаттау болып кететінін баян етті. Айталық, Алтай өлкесінде нанның бір бөлкесі 120 теңгеден сатылады екен. Сондықтан олар арзан әрі сапалы қазақстандық өнімдерді алуға тырысады. Өз кезегінде аймақ басшысы ең бірінші кезекте өз өнімдерімізбен отандық нарықты толық қамтамасыз ету қажеттігін, әсіресе, қазіргі уақытта сыртқа саудалауды тоқтата тұруды ескертті.
Жиынды қорытындылай келе, өңір басшысы бағаның өсуінің нақты себептерін анықтап, ұдайы талдау жүргізіп отыруды, жұмыс топтары бақылауды әрі қарай жалғастыра беруді, жергілікті жерде шығарылатын құрылыс материалдары бағасының негізсіз көтерілмеуін қатаң қадағалауды тапсырды. Бұқаралық ақпарат құралдарын назардан тыс қалдырмаған облыс Әкімі тұрғындарды босқа дүрліктірмеу үшін кез келген ақпаратты нақты деректерге сүйеніп, бұрмаламай шынайы түрде жеткізу қажеттігін айтты.
Аппараттық кеңес соңында облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ пен Қазақстан бойынша AES компаниялар тобының вице-президенті Альфия Жұмаева құны 600 млн. теңгелік екі жобадан тұратын меморандумға қол қойды. Аталған меморандум аясында AES корпорациясымен 300 млн. теңгеге Өскемен қаласында балабақша ғимараты салынса, Шүлбі кентінде жөндеу жұмыстарымен қосқанда жалпы құны 230 млн. теңгені құрайтын нысан коммуналдық меншікке беріледі. Ал қалған сома ардагерлерге, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға және басқа да мұқтаж жандарды қолдау ретінде жұмсалады.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button