Қоғам

Алыпсатарлардың алдын алды

Алыпсатарлардың алдын алды

Кезекті сенбілік жәрмеңкеде қалалық алыпсатарлар өз өнімдерін өткізбек болды. Алайда аудандық әкімшілік өкілдері бұл бассыздықтың алдын алды. Жағдайды қадағалауға тиісті болған базар әкімшілігінің жұмысына көңілдері толмағанын жеткізді.

Облыс орталығындағы ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі Катонқарағай ауданының шаруалары өнімдерін ұсынды. Жалпы көлемі алты жарым тонна ет, үш тонна көкеніс, бес жүз литрдей сүт әкелінген. Бұлардан өзге катондық бал, сүт өнімдері, сарымай, қымыз, қол өнер бұйымдары мен панты өнімдері сатылымға түсті. Жылқы етінің келісі 1400-1600 теңгеден, сиыр еті 1300-1400 теңгеден, қой еті 1200-1300 теңгеден өткізілсе, сүт литрі 100 теңгеден, құрттың келісі 1500-1600 теңгеден, балдың бір келісі 1200 теңгеден, ірімшік 600 теңгеден саудаланды.

Жәрмеңке маңынан шағын зертхананы да көруге болады. Сараптама мамандарының табан асты жүргізген жұмысының нәтижесінде бір сиыр еті жарамсыз деп танылып, өзге өнімдердің сатылымға шығарылуына рұқсат берілген.

Өз кезегінде қала тұрғындары ет өнімдерінің аздығына наразылықтарын білдіріп жатты. Соны пайдаланды ма, жергілікті базар алыпсатарлары аудан шаруаларымен қатарласа тұрып, өз саудаларын жүргізбек болды. Олардың айтар өкпесі мынадай: «Қыс аязға, жаз аптапқа төзіп, тауарларымызды өткізіп әлекпіз. Ал аудандықтар жаймашуақ күнде келіп, арзан бағамен сауда жасап кетеді».

Аудандық әкімшілік адамдары бұл жағдайға наразылық білдіріп, барынша тосқауыл қойды. Катонқарағай ауданы әкімінің орынбасары Ернар Асқарұлы: – Бұл, негізі, біздің міндетімізге кірмейді. Жағдайға жауапты базар әкімшілігі қырағылық танытса екен, – деп өз уәжін білдірді.

Дегенмен жәрмеңке саудасы ойдағыдай болды. Ет сөрелерінің уақыт өткен сайын босай бастағаны байқалды. Катондық өнімдер аз болса да, саз болғанын осыдан-ақ аңғардық.

Оразай Жеңісұлы

Осы айдарда

Back to top button