Алыпсатарлар тыйылмай тұр
Облыс орталығында өткен сенбілік жәрмеңкеде қаладағы алыпсатарлар тағы да бой көрсетті. Келеңсіз жағдайдың дәл үстінен түскен облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов бұл бассыздыққа тиісті шара қолданылатынын ескертті.
Кезекті рет өткізілген ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне Тарбағатай ауданынан әкелінген өнімдер ұсынылды. Сатылымға бір жарым тонна қой, бес тонна сиыр және екі тонна жылқы еті шығарылды. Қой еті 1200-1300 теңгеден, сиырдікі 1300-1400 теңгеден, жылқы еті 1300-1600 теңгеден сатылды. Балық және сүт өнімдері де өз бағасында саудаланды. Сөрелерден көздің жауын алатын зерлі құрақ-көрпе, жастықтар мен алаша, кілемдерді де көруге болады.
Жәрмеңке маңындағы зертхана жұмысының нәтижесінде бір сиыр және қой еті сатуға жарамсыз деп танылды. Сондай-ақ, сараптама мамандары өкпе-бауырдан эхинококкоз табылғанын айтты.
Жәрмеңкенің қызған шағында өскемендік алыпсатарлар аудан шаруаларымен қатарласа тұрып сауда жүргізуге кірісті.
– Бес жүз шақырым жерден ат арытып келіп отырмыз. Ауылдық өнімдерді арзан бағамен ұсындық. Алайда, жергілікті алыпсатарлар бір жағынан жағаласып қиындық туғызуда. Оларды ауыздықтау әрине біздің қолымызда тұрған жоқ. Ал бұған жауапты қала әкімдігінен бір адам жоқ, – дейді Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Мұратқазыұлы.
Осы жағдайға байланысты өзінің пікірін білдірген облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Жұмақанұлы:
–Жалпы өнімдер бекітілген бағада сатылуда. Ешқандай көзбояушылықтың болмауын қадағалап жүрміз. Дегенмен, арасында алыпсатарлар кіріп кеткені рас. Ауданнан келген полиция қызметкерлерінің саны көбірек болғанда, бұндай келеңсіздік орын алмас еді, – дейді.
Осы кезде жәрмеңкеге әдейілеп келген аймақ басшысының бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов тұрғындардың арыз-өтініштерін тыңдай келе, алдағы уақытта мұндай келеңсіздікке жол берілмейтінін, барлығы тәртіпке келтірілетінін ескертті.
Оразай Жеңісұлы