Экономика

Ғалымдар жаңа технологиялардың болашағын бірлесе талқылады

Ғалымдар жаңа технологиялардың болашағын    бірлесе талқылады

Кеше екі күнге созылған «Өскемен Экспо-2015» көрмесі аясында Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-да «Материалтану және нанотехнологиялар үшін перспективалы технологиялар, қондырғылар мен талдау жүйелері» тақырыбында ХІІ халықаралық ғылыми конференция, «Ресурстарды тиімді пайдалану және қоршаған ортаны қорғау – тау-кен металлургия кешенін дамытудың көкейтесті мәселелері» атты ІХ халықаралық конференциясы өтті.
Еліміздің минералды шикізат кешенін өңдеу жөніндегі Ұлттық орталық, Шығыс түсті металдар, тау-кен металлургия ғылыми-зерттеу институты филиалы, Мәскеу «Құрыш және қорытпалар институты» Ұлттық ғылыми- зерттеу институты, Қазақстанның физика-техникалық қоғамы, тау-кен металлургия, нанотехнология саласындағы Жапония, Германия, Польша елдері ғылыми- зерттеу институттары мен ұйымдарының ғалымдары, мамандары қатысқан конференция түсті және бағалы материалдар мен өнімдерді алу, материалтану және жаңа материалдар саласындағы әлемдік тәжірибелер, сондай –ақ, микро және наноэлектроника материалдарының құрылымы мен құрамын зерттеуге арналған талдау жүйелері, инновациялық технологиялар туралы ақпарат алмасу мақсатында ұйымдастырылды.
-Осындай маңызды шараның Қазақстанда өткізіліп отыруы кездейсоқтық емес. Соның ішінде Шығыс Қазақстанның қойнауында пайдалы қазбалардың мол қоры жатыр. Бірақ индустриялық дамудың қазіргі жағдайы кез келген елден анағұрлым озық ғылыми жетістікті талап етеді. Сондықтан ғылыми-өндірістік саланы дамытуға, елдегі оқу орындарының оқу-өндірістік базасын өркендетуге үлкен мән беріп отырған біздің елдің, біздің университеттің басты міндеті – кен қазу, өңдеу өндірістеріне жаңа технологияларды қолдана отырып, отандық шикізат қорын тиімді пайдалануды үйрену. Мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ ғылым мен экономика саласын тығыз байланыстыра отырып, мамандар даярлауды қамтамасыз ететін Қазақстандағы 10 жетекші ЖОО қатарына еніп отыр. Осыған байланысты біздің оқу орнына бағдарламаға қатысушы кәсіпорындарға металлургия, машина жасау және энергетика бағытында мамандар даярлауға сенім артылған, – деп конференцияны ашқан ректор Жасұлан Шаймарданов жиынға қатысушылар алдында аталған университетте жаңа экономиканың жүгін көтере алатын кадрлар даярлауға айрықша назар аударылып отырғанын атап өтті.
Конференцияның пленарлық отырысында Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің «Жану проблемалары институты» мекемесінің бас директоры Зулхаир Мансуров, Мәскеу құрыш және қорытпалар институтының профессоры Лев Кожитов, Жапонияның «Интерактиве Корпоратион» компаниясының Ресейдегі өкілдігінің басшысы Сергей Иванов, осы компанияның Астанадағы өкілдігінің басшысы Айгүл Шынтемірова, Лондондағы жаратылыстану тарихы мұражайының ғалымы Раймер Зельтманн, Жапонияның JЕОL компаниясының бас менеджері Нобухито Моримото, осы елдегі Акита университетінің профессоры Масахико Бесшо, TESKAN компаниясының өкілі Николай Миловзоров, ШҚМТУ профессоры Борис Дьячков нанотехнологиялар саласындағы соңғы жетістіктер, қоршаған ортаның ластануына мониторинг жүргізуге арналған талдау құралдары, жапондық құрал- жабдықтардың көмегімен жаңа материалдарды зерттеу және алу, геология білімі мен ғылымы саласындағы халықаралық ынтымақтастық, Жапония мен Қазақстанның халықаралық ынтымақтастығы, Шығыс Қазақстанның минералды шикізат базасының болашағы жайында баяндап, осы бағыттағы мәселелерді талқылап, тәжірибе, пікірлерімен алмасты.
Бүгінде басқа салалармен бірге тау-кен, металлургия саласы үшін нанотехнология ғылымының, жаңа технологияның алар орны, тигізер пайдасы өлшеусіз болып тұр. Үлкен құралдың он есе қуатты, шап-шағын түрін таптырып, титімдей ғана бөлшектен мың сан қасиетке ие, баламасы жоқ дүние тудыртуға мүмкіндік беріп жатқан нанотехнологияның шексіз құдіреті Қазақстан ғылымы үшін әлі де ашыла қоймаған беймәлімдеу әлем болып көрінгенімен, ел оқымыстылары соңғы жылдары осы салада әжептәуір нәтижелерге қол жеткізіп отыр. Астанадағы «Жану проблемалары институты» РМК-ның бас директоры Зулхаир Мансұров өткен жылы осы саладағы қазақстандық ғалымдардың сүбелі ғылыми-зерттеу жұмыстары алғаш рет «Белая книга по нанотехнологиям» деген кітапқа енгенін мәлім етті.
Қазақстан ғалымдары ғылымы жаңа технологиялар жасауда өз күштерімен бірге шетелдік әріптестерінің табысына да сүйеніп, олармен тығыз байланыс орнатуға талпынуда. Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ осыдан төрт жыл бұрын Жапонияның Акита университетімен жоғары сапалы кремнийден күн батареяларын алуда бірлесе зерттеу жұмыстарын жүргізу бойынша келісімшартқа отырған.
– Кремний шикізатының көзі Зайсан көлі маңындағы шығыс Таған қазба орнынан алынады. Қазіргі бірлесіп жүргізіп жатқан зерттеулер нәтижесінде Шығыс Қазақстанда жергілікті шикізаттан, жоғары сапалы кремнийден күн батареяларын алатын өндіріс орнын ашу көзделініп отыр. Біз, Акита университетінің ғалымдары, қазақстандық, өскемендік әріптестерімізге осы зерттеу жұмыстары қорытындысында алынған нәтижені өндіріске енгізуге қолдау көрсетудеміз. Қазір зерттеу университеттің магистранттарымен бірге жалғастырылып жатыр. Олар жыл сайын Акита университетіне келіп, білімдерін, тәжірибелерін толықтырып келеді, – деді конференцияда екі университет ғалымдарының бірлескен қызметтері мен зерттеулері, студенттер біліктілігін арттыруға байланысты ынтымақтастық ізденістері жөнінде айтқан Акита университетінің профессоры Масахико Бесшо.
Конференцияға қатысушы ғалымдар жыл сайын Ресей мен Қазақстанда кезектесіп өткізіліп келе жатқан жиын барысында шет елдер мен еліміздегі бірлесе атқарылып жатқан геология, тау-кен, металлургия саласындағы басқа да зерттеу нәтижелері мен жаңа технологиялардың өндіріске енгізілуі турасында баяндады.

Конференциядан соң шараға қатысушылар «Материалдарды зерттеудің заманауи тәсілдері» бойынша шеберлік сыныптарын өткізіп, университеттегі «Іргетас» инженерлік зертханасы мамандарымен бірге осы саладағы ізденістер мен зерттеу бағыттарын талдады.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button