Қалыңдығы бір сантиметрлік асфальт бола ма?!
Жол салушылардың асфальт көрсе, адалдық жолынан таятындары не осы? 11 маусымда облыс орталығындағы Чехов көшесінде істеліп жатқан орташа жөндеу жұмыстарының сапасын тексерген сарапшылар сметалық құжаттарда көрсетілген қалыңдығы 5 см қиыршық тасты асфальт-бетонның орнына бар болғаны 1 см төселгенін әшкерелеген болатын.
Тексерудің қорытындылары тапсырыс беруші мен мердігерге жіберілген. Әйтеуір, “асфальтжегіштер” төрт күнде қымқырғандарын қайтарып беріпті.
16-маусымда облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК облыстық филиалы бірлесе өткізген «Сапалы жол» жобасының аясында қайта жүргізілген мониторинг кезінде бұған дейін орын алған кемшіліктердің жойылғаны анықталды. Керннің қалыңдығы сметалық құжаттамаға сәйкес 7 см құрайды.
Тексерушілер алдағы уақытта осындай жымқырулар болмас үшін облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына мердігер ұйымдар орындаған жұмыстарды қабылдаған кезде тиісті техникалық қадағалау жасау қажеттілігі туралы ұсыныс жіберетін болды.
Осыдан тура бір ай бұрын, 15-мамырда Өскеменнің кіреберісіндегі айналма жолдың қалыңдығы екі есе жұқа төселіп жатқаны әшкереленгенін жазып едік.
Кәмал Естай