Алуан діннің өкілдері ауызбіршілікте өмір сүріп жатыр
Бірқыдыру уақыттан бері күңгірт тартып тұрған күз аспаны жарқырап, күлімдеген күн шапағымен қазанның қара суығы бір сәтке дамылдай қалды бұл күні. «Жаратқанның мейірімі шығар», – десті мерекеге жиналған ырымшыл жұрт мұны.
Иә, қазанның 18-ші жұлдызы – Рухани келісім күні расымен де ауа райы жайлы болды Өскеменде. Сілбілеген жауын сап тыйылып, көктің жүзі шайдай ашылды. Айтулы мерекені атап өту үшін өңірдің аудан-қалаларынан аймақтың бас шаһарына ат шалдырған қонақтар облыстық дін істері басқармасы ұйымдастырған дөңгелек үстел отырысында бас қосты. Тақырып – «Рухани келісім – Тәуелсіз Қазақстанның басты жетістігі». Конфессияаралық келісімді һәм діни төзімділікті нығайту, ұлтаралық татулықты насихаттауды көздейтін бұл алқалы жиынға діни, этномәдени, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, мемлекеттік мекемелер басшылары және қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
– Ел Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ бастамасымен тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері еліміз бұл мерекені адамдар арасындағы жарасымдылықты іздеу, өзара түсіністікті орнату, қайырымдылық жасап, көмек көрсету күні ретінде жыл сайын атап өтуде, – деп бастады сөзін жиынның ашылу салтанатында облыстық дін істері басқармасының басшысы Манарбек Мұхамеджанов, – бұл атаулы күннің маңызы өте зор. Өйткені, 17 конфессия мен 140 ұлт өкілі тұратын елімізде тұрақтылық пен татулықтың орны бөлек.
Биылғы, 2016 жыл халқымыз үшін ерекше. Осыдан 25 жыл бұрын дербес даму жолына түскен жас мемлекетіміз бүгінде әлемдік қауымдастықтың белді мүшесіне айналды. Ширек ғасыр ішінде Тұңғыш Президентіміз ұлттар мен ұлыстарды ұйыстырып, дінаралық диалогтың жарқын үлгісін қалыптастырды. Этносаралық толеранттылықты әлемге әйгіледі. Түрлі этностар мен конфессиялардың бейбіт өмір сүруінің қазақстандық моделін жасады. Қазақстан осы уақыт ішінде бейбітшілік пен келісімнің мекеніне айналды. Тәуелсіздіктің 25 жылында біздің қол жеткізген ең үлкен жетістігіміз осы.
Бүгінгі қоғамның көккейтесті мәселелерін қозғап, кейінгі ұрпақтың болашағы туралы кесек-кесек ойлар айтылған жиында әртүрлі ұлттың, діннің өкілдері бір үстел басында отырып өзара достықты, татулықты насихаттады. Тұрақсыздық кесірінен шаңырағы шайқалып, ошағының оты сөнген елдердің бүгінгі мүсәпір жағдайына қарап, Қазақстандағы бейбіт өмірге, ауқатты тұрмысқа шүкіршілік айтты. «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» мамыра-жай тыныштықты сыйлаған ең әуелі Елбасыға, сосын соңынан ерген қабырғалы халқына ризашылық білдірді дөңгелек үстелге қатысушылар.
– Біз бәріміз адамның баласымыз. Құдайдың құлымыз. Ұлтымыз бөлек, дініміз бен тіліміз, тіпті, түріміз әралуан болғанмен, затымыз бір. Сондықтан алауыздыққа жол бермей, бір-бірімізді құрметтеп, өзара сыйластықта, береке-бірлікте өмір сүруіміз керек. Біздің тұрып жатқан үйіміз де жалғыз, ол – Қазақстан. Осы елдегі тыныштықты сақтауға әрқайсысымыз үлесімізді қосуға тиіспіз. Бөлінудің жөні жоқ. Керісінше жақындасайық. Бірімізді біріміз бауыр көрейік. Рухани келісім мерекесінің де діттеген мақсаты осыған саяды деп ойлаймын, – деді «Қасиетті Розария тәңірісі аса қасиетті Мария» Рим-Католик шіркеуінің приходы Франческо әкей.
Сондай-ақ, аталған жиында еліміздегі дінаралық татулық пен конфессияаралық келісім туралы діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі облыстық кеңестің мүшесі, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың тәрбие ісі жөніндегі проректоры Ирина Ровнякова, ҚМДБ-ның Өскемен аймағы бойынша өкіл имамы Ермек қажы Мұқатай, Өскемен және Семей епархиясы православ шіркеуінің епископы Амфилохий, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының саяси жұмыстар бөлімінің кеңесшісі Сымбат Рамазанов және басқалар баяндама жасап, ойларын ортаға салды.
Ермек қажы Мұқатайдың сонау Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз заманындағы «Мәдина келісімін» мысалға келтіре отырып сөйлеген сөзі көпшіліктің көкейіндегісін дөп басқандай әсерде қалдырды.
– Пайғамбарымыз (с.а.у) 622 жылы Меккеден Мәдинаға қоныс аударғанда бұл қаланы мекендейтін Қайнұқа, Құрайза, Нәдир яһуди тайпаларымен ортақ тіл табыса отырып мемлекет құрған. Қасиетті Құран Кәрім мен Алла Елшісінің (с.а.у) сүннетінде кітап иелерімен бейбіт қарым-қатынас жасау жөнінде насихаттар айтылған. Демек, Елбасымыздың Қазақстанды дінаралық сұхбаттастық және рухани келісім алаңына айналдыруы кемеңгерліктің көрінісі, – деп түйді ол.
Рас сөз. Мемлекет басшысының қайда жүрсе де ұлтаралық, дінаралық татулық деп жалпақ әлемге жар сала айтуы тегін емес. Ұлт Көшбасшысы өзі ұсынған бес институционалдық реформасында да бір тармағын «Болашағы біртұтас ұлт» деп атады. Ал 1992 жылдан бастап тұрақты түрде аталып өтіп келе жатқан Рухани келісім күні мерекесі бейбітшілікке ұмтылған Қазақ елінің ұстаным-бағытын анық аңғартып тұр. Ендеше осы бағыттан таймай ілгері баса берейік.
Рухани келісім күні мерекесіне арналған жиын соңында облыстық дін істері басқармасы конфессияаралық татулықты нығайту жолында тер төгіп жүрген дін қызметкерлері мен сала мамандарын марапаттап, бағалы сыйлықтар табыс етті.
Серік Әбілхан