Алтыншы балаға аяғы ауыр ананың ұрлық жасауына не түрткі болды?
Алтыншы балаға аяғы ауыр ана супермаркетте ұрлық жасап жатқан жерінен ұсталды. Ол бұл қылмысқа сегіз жасар қызын пайдаланған.
Оқу жылына бір ай қалған уақытта Өскемендегі супермаркеттердің біріне кішкентай баласын жетектеген аяғы ауыр ана келеді. Олар мектепке қажетті оқу құралдары мен сөмке алмақшы болыпты. Анасы сауда сөрелерін аралап жүргенде, қызы арба сүйретіп, оның жанында келе жатқан.
Өздеріне қажетті дүниелерді арбаларына толтырып алған дүкен клиенттері касса маңына келеді. Анасы алған тауарларын пакеттерге салып қызына береді де, дүкен ішіндегі кулинарияға баруды бұйырады.
«Сөмкелерді сол жердің терезесінен маған бересің, мен заттардың ақшасын кассаға төлеп, сені сыртта терезенің алдынан тосып тұрамын»,-дейді.
Бірақ ол жоспар іске асқан жоқ. Супермаркеттің күзет қызметі олардың іс-әрекеттерін бақылап отырған болатын. Оқиға тауарды қайтарып алу және ұрыға ескерту айтумен ғана шектеліпті. Бір қызығы күзет қызметімен болған кикілжіңнен кейін бала жетектеген ана келесі супермаркетке барған. Тағы да сол жоспармен… Бұл жолы да олардың жолы болмапты, тағы да дәл сондай тауар күзет қызметінің қолымен қайтарылып алынған.
Анықталғандай, аяғы ауыр, бес баласы бар ана бұрын төрт рет сотталған екен. Ұрлық жасағаны үшін. Сот барысында жәбірленуші жақ қылмыскерді кешіретіндерін жеткізді. Ол жағдайына байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.
Шығыс-Ақпарат