СұхбатТОП

АЛТЫНДЫ ҚОЛДА БАРДА ҚАДІРЛЕЙІК

 

Сәуір айының соңында гір спортынан Тәшкенде өткен Азия чемпионатына 130 спортшы баптап апарған Қазақстан құрамасы командалық есепте көш бастаған болатын. Ел құрамасына Шығыстан қосылған тоғыз спортшының үшеуі – Зайсан өңірінің өрені.

Зайсанға барған сапарымызда бұған дейін Әлем чемпионатының үш дүркін күмісін мойнына таққан, өзбек жеріне барған соңғы сапарында Азияның екінші дүркін чемпионы атанып келіп отырған саңлақ спортшы, білекті де, білікті бапкер Қуаныш Қыдырпатшаға жолығып, қуанышымен бөліскен едік.

– Қуаныш бауырым, жеңіс құтты болсын! Ала тақиялы ағайындар еліне ат көліктерің аман-сау барып қайттыңдар ма? 

– Рақмет, аға! Аталарымыз «Тойдың болдысынан боладысы қызық» деп жайдан-жай айтпаған ғой. Тағдыры бар болғаны төрт-бес минутта шешілетін сайыстың, шынымен де, «боладысы» қызық әрі шыжық болады екен. Маңдайдан башпайға дейін сорғалап қаншама тер төгілді, нешелеген түндер ұйқысыз, күндер күлкісіз өтті. Адамның жүйкесі жұқарып, төзім таусыларға, шыдам шытынауға шақ қалған кездер де болды. Қазір соның бәрі бір күнгідей болмай, артта қалды. Сапарымыз сәтті болды. Ардагер ретінде топқа түсіп қанжығамды қандап жатсам, екі бірдей шәкіртім де ел спортына өз үлесін қосып, мерейлері үстем боп келіп жатыр.

 

Бұл спортқа сан емес, сапа керек

 

– Байқауымша, Азия құрлығында өз салмағыңда алдыңа түсетін спортшы жоқ секілді. Ал әлемдік додада бір емес, екі емес, үш мәрте алтыннан қағылып қапсың. Ол кім, қай елдің спортшылары, шынымен де, олар сенен басымырақ болды ма?

– Дұрыс байқапсыз. Мен ғана емес, жалпы Азия құрлығында Қазақстанның алдына түсетін мемлекетті көріп тұрғам жоқ әзірге. Ал әлемдік доданың жөні бір басқа. Қазір гір спортынан жасалған әлемдік рекордтың барлығы Ресей спортшыларына тиесілі.

– Енді олардың саны да бізбен салыстыратын емес қой?

– Жоқ, аға, бұл жердегі басты мәселе санда емес, сапада. Егер санға сенетін болсақ, әрқайсысында 1,5-2 миллиардтан халқы бар Қытай мен Үндістан неге рекорд жасамайды? Кез келген спорт түріне, кез келген спортшының бабы мен бағына мемлекет тарапынан қамқорлық, жан-жақты қолдау-қолпаштау болмаса, барлығы да далбаса екен…

– Сонда Ресей спортшылары несімен артық?

– Ресейдің басқа да спорт түрлері соншама ақсап жатпағанын білемін. Ал енді гір спорты мен қол күресі спортына бөлініп жатқан мемлекетінің көңілі мен қаражатына қайран қалам. Біріншіден, олардың осы спорттағы спортшыларының барлығы дерлік әскерилер. Бұлардың міндеті – спорттағы бабы мен бағын қатар ұстап, ел мерейін үстем ету. Ал мемлекет өз тарапынан олардың шенін өсіріп, отбасын толықтай мемлекет қамқорлығына алып, кейіннен құрметпен зейнетке шығарып салады. Міне, осындай қамқорлықтан айырылып қалмас үшін ол спортшы соңғы демі үзіліп кеткенге дейін барын салатын болады.

– Жеңіспен оралып жатқандарыңа аудан халқы қуанып жатқан болар, жергілікті биліктегілер қайтті? Жалпы, аудан әкімдігі анда-мұнда жарыстарға барғанда қолдау білдіріп тұра ма?

– Елдің көпшілігі солай ойлайды. Ал, шындығына келгенде аудан әкімдігі жолымызға көмектескені былай тұрсын, үлкен жарыстан жеңімпаз боп оралып жатсаң да селт етпейді. Құдды бір туы бөлек, суы бөлек бөтен мемлекет  секілді. Соңғы бірнеше жыл болды, «Барлық тапқан-таянғанымды осындай жарыс сапарларына, спорттық құрал-жабдық алуға жұмсап жүрмін» десем, ешкім сенбейді. Бір рет 250, енді бірде 350 мың теңгеге шәкірттерімді өз қаражатыма жарысқа апарып келдім. 2017 жылы тағы да жолға шығатын болып, ақша жоқ, ақыры банктен 200 мың теңге несие алуға мәжбүр болғаным бар.

– Осы жолы да үлкен жетістікке қол жеткіздіңдер ғой, әкімдік тарапынан құттықтау деген секілді бірауыз жылы лебіз болған жоқ па?

– Иә, осы жолы қос шәкіртім де, өзім де Азия чемпионы атанып, қарашада Будапештте өтетін Әлем чемпионатына жолдама алып келдік. Қазір интернеттің заманы, аудан әкімдігі естімей-білмей отырған жоқ. Әзірге «тырс» еткен не әкімді немесе көбедей көп орынбасарларының бірін де көрген жоқпыз. Өзге өңірлер жеңіспен оралған спортшыларын әкімі бас боп, қарапайым халқы бар, тайлы-таяғымен аэропорттан, вокзалдан шулап-шұрқырап, шашу шашып, құшақ-құшақ гүл ұсынып қарсы алып жатыр. Бізде бәрі керісінше, «Итке темір не керек?» демекші, «Бізге спорт не керек?» дейтін болуы керек. Қайта спорт мектебінің директоры Секен Байғалиұлы мен ұжымдағы тілеулес жандарға рақмет! Шамаларының келгенінше қарсы алу ұйымдастырып, азын-аулақ сый-сияпаттарын табыстап, еңбегімізді елеп-ескеріп жатыр.

– Азия чемпионы болу үлкен жетістік қой. Осыны аудан әкімдігіндегілер естіп-біліп отырса да, бірауыз «Құтты болсын!» деуге жарамағандары қызық болған екен.

– Қызық болса да, шыжық болса да, шындығы осы. Мен біреуге жала жауып, күйе жағып отырған жоқпын. Шындық демекші, аудан әкімдігіндегілер басы әкім боп, облыс әкімінің атындағы «Ұлттық ойындар спартакиадасы» дегенде, жандарын шүберекке түйеді. Ондайда алдын ала жиі-жиі хабарласып, жылы-жылы сөйлесіп дегендей, өздері де, сөздері де өзгеріп кетеді. Ондайда менің де мәртебем өсіп, аяқ астынан «Қуаныш емес, Кәке!» боп қалам. Алайда, спартакиада өтіп болғасын, сол баяғы таз қалпымызға қайта енеміз. Қысқасы, «Қыз Жібек» фильмінде Бекежан батырдың «Жау шапқанда төрде, жау кеткен соң босағада қалатын басымыз бар» дейтіні бар еді ғой. Міне, біздің де жағдайымыз осыған ұқсас.

 

Жолдама бар, жолға қаражат жоқ

 

Гір спортына қалай кеп жүрсің, мен білсем спорттың бұл түрі Зайсан өңірінде жоқ секілді еді ғой, кейін дамымаса?

– Дұрыс айтасыз, гір көтеру спорты бұл өңірде кенжелеп қалған спорт түрі боп саналады. Өзім гір спортымен Ілияс Жансүгіров атындағы мемлекеттік университеттің спорт колледжінде оқып жүргенімде, 2011 жылдан бастап кәсіби түрде айналыса бастадым. Үш жыл Алматы облысының құрама командасының сапында түрлі жарыстар мен спартакиадаларда өнер көрсетіп, жүлдегер атанып жүрдім.

– Оқуыңды бітіргесін бірден елге қайттың ба?

– Шынымды айтсам, дәл сол уақытта елге қайту жайында әлі бір шешімге келе қоймаған болатынмын. Бірде, тағы бір республикалық жарыста Шығыс Қазақстан бойынша гір спорты мен қол күресі федерациясының президенті Әділ Әбдіғалиев деген ағамызбен жақынырақ танысудың сәті келді. Мандатный комиссияда менің жеке куәлігімді көріп: «Сен Шығыстансың ба, қай жерінен боласың?» – деп сұрады. Зайсаннан екенімді естігесін: «Мен де сол Зайсаннанмын. Сен елге оралсаңшы, Зайсанда гір спортын дамытуымыз керек», – деп сол жерде біраз бағыт-бағдар беріп, жоспарларымен бөлісті.

Қазір ол кісі – халықаралық дәрежедегі төреші. Ірі жарыстарға баруымызға үнемі қол ұшын беріп, ақыл-кеңесін айтудан жалықпайды.

– Сонымен, Әділ ағаңның шақыруымен Зайсанда гір спортын дамытуды қолға алып жатыр екенсің ғой. Қазіргі жастар арасында гір спортына қызығушылық тудыратындар бар ма?

– Әрине, ел іші болғасын талантты балалардың шықпауы мүмкін емес қой. Мәселе, олардың санында емес, сапасында. Әйтпесе алғашқы бетте қызығушылықпен 30-40 балаға дейін жазылған. Уақыт өте келе спортқа бейім, төзімді дегендері қалып, қалғаны түрлі-түрлі сылтаулар айтып, біртін-біртін жаттығуға келуді тоқтатады.

– Қазіргі күні ел намысын абыроймен қорғайтын болашақ чемпиондарды даярлауға ешқандай кедергілер жоқ па? Спортқа қажетті құрал-саймандарың жеткілікті ме?

– Біз осы уақытқа дейін «Сайқан» спорт клубында тіркелген болатынбыз. Өткен жылдың күзінен бастап Зайсан спорт мектебі құрамындамыз. Жаттығу өткізетін залымыз да көңілімізден шығады. Дайындыққа қажетті құрал-саймандарымызды өйтіп-бүйтіп жүріп түгендеп алғанбыз. Жетпегені тағы да бола жатар…

– Оқушыларды таңдауды қалай жасайсың? Жасы, қабілеті, күш-қуаты, спортқа деген қызығушылығы бәрі ескерілетін болар?  

– Әрине, онсыз болмайды ғой. Алғашқы бетте қызығып жазылғандар қатары көп болды деп айттым ғой. Өйтіп, балалар өздері келіп жазылады деген болмайды екен. Балаларды жатпай-тұрмай іздеу керек. Мысалы, мен мектептегі денешынықтыру пәнінің мұғалімдерімен келісіп, анда-санда денешынықтыру сабақтарына қатысып жүрем. Не нәрсе көзбен көріп, қолмен ұстағандай болмайды екен. Сабақ барысында жіті бақылап отырсаң, небір шыныққан, шымыр балаларды байқайсың. Солардың қабілет-қарымын байқағасын әуелі өзімен, сосын ата-анасымен ақылдаса отырып жаттығуға кірісеміз.

– Болашақта бапкер ретінде қандай жоспарың, нендей мақсат-мұраттарың бар?

– Мені осы уақытқа дейін қайран қалдырып жүрген бір жайт бар. Оңтүстік өңірімізде 40-50 мыңдай ғана тұрғыны бар Шардара дейтін ауданды білетін шығарсыз. Сол ауданда қол күресінің шарықтап дамығандығы соншалық, Қазақстан ұлттық құрамасының 60-70 пайызын шардаралық спортшылар құрайды.

Болашақта Зайсан ауданындағы қол күресі мен гір спортын шардаралықтар жеткен биікке жеткізсем деген арманым бар.

Қоштасар сәтте чемпион інімнің әлденені айта алмай тұрғанын байқап қалдым да:

– Нендей базынаң бар? – деп сұрағам.

– Аға, осыны өзіңізге «Айтсам ба, айпай-ақ қоям ба?» деп тұр едім. Өзге елдің спортшылары Әлем чемпионатына қатысуға рұқсат беретін лицензияға қол жеткізе алмай зар болып жүр. Ал біз, алақандай Зайсанның үш спортшысы, жолдама қалтамызда болса да, қалтамыз сол, жол шығынын көтере алмай қапаланып жүрген жайымыз бар. Менің барып-қайтар шығынымды облыстық спорт комитеті бірдеңе ғып көтеріп алар, ал мына екі шәкіртіме обал болайын деп тұр, – деді күмілжіңкіреп.

Азияның екі дүркін алтынын алған алпамсадай азаматтың сөзінің жаны бар. Өзге ел бір жапырақ  жолдамаға зар боп жүргенде зайсандықтар жолға ақша таба алмай тығырыққа тірелуде. Ертеңгі күні маңдай термен алған жолдамасы бар спортшыларымыз дүбірлі доданы көппен бірге сырттан бақылап, жалпақ жұртқа күлкі боп жүрмесек не ғылсын.

Мәселе қаражатқа тіреліп тұрғасын, ештеңе деп уәж айта алмадым. Дегенмен бұл өзі ел боп, елдегі атқамінер азаматтар боп ойланып қана қоймай, бір шешімін табатын сұрақ екен.

P.S. Біз білетін аудан әкімі Серік Зайнулдин жастайынан спортқа құштар, спорт десе құлшынып-ақ тұратын азамат болатын. Анау-мынау емес, Әлемнің үш дүркін күмісі мен Азияның екі дүркін алтынын жеңіп әкелген спортшымен болған сұхбатымызды оқыса, жеңімпаз жерлестерін жерге қарата қоймас, бір қаракет қылар деген үміттеміз.

 

                                                    Сұхбаттасқан – Серік ҚҰСАНБАЕВ

 

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button