Руханият

Алтынбаевтың ақын қарындасы

Алтынбаевтың ақын қарындасы


Айтыстың «құлагері» атанған ақын, зерттеуші Қалихан Алтынбаевтың жалғыз қарындасы Күлжан Қалиасқарқызының ақын, әдебиетші екенін бірі білсе, бірі білмес деген ойдамыз. Өйткені жас кезінде бірыңғай ақындыққа жол тартуға денсаулығының әлсіздігі кедергі болса, екінші жағынан отбасында да ыңғайсыз жайттер әсер еткен сияқты. Әйтсе де, бойда бар дарын Күлжанды бұл жолдан тайдыра алмады. Ол жайында ақын ана өзінің 2010 жылы Астанадан шыққан «Тәуекел тағдыр» атты жинағында былай жырлайды.

Кезең-кезең, кезең ғой,
Өмір ағыс өзен ғой.
Жетпісімді сезем ғой,
Жетпіс те шырқау кезең ғой.
Өмір деген шырқау ғой,
Тағдыр деген мылқау ғой.
Талайды көре жүресің,
Көрмедім деу сылтау ғой.
Тіршілік деген жету ғой,
Сан қиыннан өту ғой.
Зор бақытқа жеткенде,
Мәңгілікке кету ғой.
Тіршілік деген самғау ғой,
Өз теңінен қалмау ғой.
Қалдырып бәрін кетесің,
Тағдыр ісі алдау ғой.

Күлжан өзі жырлағандай қиындықтық бәрін көре жүріп, күресе жүріп соңғы жиырма жылдың ішінде үш жинақ шығарып үлгеріпті. Атап айтсақ, «Дарын ұшқыны» – 2009 жылы, «Тәуекел тағдыр» – 2010 жылы, «Ғажаппын мен Қазақпын» 2012 жылы «Астана» баспасынан жарық көріпті. Күлжанның осы жинақтағы өлеңдерін оқи отырып, оның бірнеше құрсақ көтеріп, баласынан айырылып, қазіргі тірісінің тілеуін тілеген, оларға жақсы тәрбие беріп, дер кезінде оқытып, қанаттандыра алған үлкен жүректі ақын-ананы көз алдыңызға елестете аласыз.

Сонда Күлжан Қалиасқарқызы кім? Өмірдерегі қалай? Соған тоқтала кетейік. Ол – 1939 жылы бұрынғы Семей облысы, Жарма ауданы, Ақжал руднигінде наурыз айының 10-шы жұлдызында өмірге келген. Әкесі Қалиасқар – ағаштан түйін түйетін шебер, асқан күйші, білімді, ақынжанды адам болса, анасы Сағила Смаққызы – өте ақылды, ұстамды, артық сөзі жоқ, әйгілі халық ақыны Сапарғали Әлімбетовтің немерелес туысы екен. Ал арғы атасы Найманның ішінде Бура Тоғалақ биден тарайды. Күлжан 1963 жылы 24 жасында Дулат Құрманғалиев деген азаматпен тұрмыс құрады. Қазір екеуінен тараған бір қыз, үш ұл 80-нің сеңгіріне аяқ басқан ақын-аналарына немере, шөбере сүйгізіп отыр. Күлжан бұл күнде Астананың төрінде балаларының қызығын көріп, ақындық шабытын шыңдай түсуде. Біз Күлжанның шынайы шабытпен шыңдалып шыққан біраз жырларын оқырманға ұсынғанды жөн көрдік. Ақын жырының тақырыбы сан алуан. Негізінен жастарға тәлім-тәрбие беретін мазмұнда жазылған. Әсіресе Отанын сүюге, ана тілін құрметтеуге, ата-ананы сыйлау, оларға сый-сияпат көрсетуге, достық қарым-қатынасты қадірлеуге арналған лирикалық, толғаулар түрінде жазылған. Сондай-ақ үш жинақта да шағын естелік әңгімелер, нақыл сөздер ерекше орын алған. Мысалы, «Өмір өткелдері» деген естелік шағын әңгімесінде әкесінің туған інісі Ұлы Отан соғысынан мүгедек болып оралған, екі көзі жоқ соқыр жауынгер Қабасты 19 жастағы орыс қызы Александра жолсерік әрі зайыбы боп елге алып келгенін келістіре, әсерлі етіп жазғаны оқыған адамды ерекше сүйсіндіреді. Ол жайында «Қабас ағама» деген өлеңінде:

Тілегін тегіс бермеген,
Жалғаннан жарық көрмеген.
Көкірек даңғыл болған соң,
Тіршілік жасап өрлеген.
Тәлкегіне тағдырдың,
Болса да ауыр шыдаған.
Бүлдіршіндей орыстың,
Бір қызына ұнаған… – деп толғайды.

Үш кітапта да осындай жақын туыс, ата-аналары мен балаларына арнау өлеңдер баршылық. Бәрін келтіру мүмкін емес. Күлжан саясаттың адамы емес. Бірақ жаңаша талғамы, ой-өрісі кең, елімізде болып жатқан жаңалық, жақсылық, өзгерістерді дер кезінде пайымдай алатын ақын. Айталық Елбасының халық үшін атқарып жатқан елеулі еңбектерін үнемі жырлап келеді. Мысалы, «Нұрсұлтан» деген өлеңінде:

Асып туған ғаламнан,
Қазақ үшін жаралған.
Айналдым сенің бабаңнан,
Айналдым сенің анаңнан.
Тебірентіп тарихты,
Жаңа қала салғыздың.
Босып кеткен қазақты,
Қонысыңа алғыздың.
Танымайтын қазақты,
Шетелдік азаматтарға
Қондырып ат шалғыздың.
Көптеген мешіт тұрғыздың,
Дінге де мойын бұрғыздың.
Қазақтың көне дәстүрін,
Мүлтіксіз қайта құрғыздың.
Бәйтерек те салғыздың,
Океанариум де алғыздың.
Сорлап жүрген қазақтың,
Бағын өзің жанғыздың. (2004 ж).

Ақын-ана сары уайымға салынбай, үнемі болашаққа сеніммен қарап, жақсылықты алдан күтеді. Ол сезімді жырына арқау етеді.

Қиялым, тоқтамашы өрбітейін,
Көңілді жабырқаған сергітейін.
Өткен өтіп, кетті ғой, жету қиын,
Келешекке сенен бақыт мен күтейін, – деп, өзіне өзі шабыт беріп, әрі қарай:

Көңілсіздік біздегі келді қайдан?!
Сары уайым сенің жоқ ешбір пайдаң.
Көзім тірі кезінде мойымаймын,
Өмірде салып өтем талай сайран!
Міне, 80-нің сеңгіріне шыққалы тұрса да, ақын келешектің келбетіне сеніммен қарап, жастарға өнеге көрсете отырып, әлі де талай жырдан шашу шашып, халқына қызмет етуді армандайды.

Мәуітқазы Зүкенов
Өскемен.

Осы айдарда

Back to top button