Қоғам

Алтын іздеу адал кәсіпке айналады

Алтын іздеу адал кәсіпке айналады
Өздігінен алтын іздеп, онысын жұрттан жасырып жүрген жандарға кәсібін заңдастыруға мүмкіндік бар. Маусым айында қабылданған жаңа Кодекс алтын іздеушілерді заңды кәсіп иелері ретінде мойындауға жол ашып отыр.
Шығыс Қазақстанның астатөк қазба байлығынан қарапайым халыққа да қаспақ бұйыратын сияқты. Бұдан былай Қазақстанның кез келген азаматы өздігінен пайдалы қазба іздеуге құқылы. Тек ол үшін арнайы сертификат рәсімдеу қажет.
«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекстің жаңартылған нұсқасы биыл маусымда күшіне енген болатын. Сол жаңа кодекске өздігінен кен іздеушілерге сертификат беретін баптар енгізілді. Осылайша алтын көріп, заңнан тайған азаматтарға бастарын тәуекелге тікпей-ақ, ресми түрде кәсіп қылуға мүмкіндік туып отыр.
Заңдағы өзгеріс жалпыға жария етілгенімен, оның мәнін ұғынып, қаперіне алғандар шамалы шығар деп ойлағанбыз. Қателесіппіз. Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасына қазірдің өзінде ондаған өтініш түскен екен.
Кодекстегі өзгерістің қалай жүзеге асатынын бізге сондағы мамандар айтып берді. Жер қойнауын пайдалану бөлімінің басшысы Серік Айкешов заңдағы өзгеріс күшіне енгенмен, бос кен орындарының картасы әлі дайын емес екенін айтады. Сондықтан әзірше ешкімге сертификат рәсімделмепті. Соған қарамастан, өтініштер толассыз түсуде.

Қадай құжат жинау қажет?

Қандай да бір жерден кен іздегіңіз келсе және ол әрекетіңіз заңға қайшы келмесін десеңіз, облыстық әкімдікке арнайы үлгі бойынша жазбаша өтініш әкелуіңіз қажет. Өл өтініште өзіңіз туралы ақпараттар мен сұралған телімнің географиялық кординаттары көрсетілуі тиіс. Өтінішпен бірге кен іздеу жоспарын да беру қажет. Ол жоспарда табылған кенді қандай жолмен екшейтініңізді, жерді қандай тәсілмен қазатыныңызды көрсетесіз. Егер техника пайдалансаңыз, оның жүк тиеу салмағы он тоннадан, күрегінің ауданы 0,5 текше метрден көп болмауы керек. Ол техниканың міндетті түрде сіздің атыңыздағы мүлік болуы шарт. Облыстық әкімдік өтінішті жеті күннің ішінде қарап, жауабын айтуы тиіс. Егер оң шешім шықса, пайдаланатын телім үшін «қол қою бонусын» төлейсіз. Жеке тұлғалардың кен іздеуіне төлейтін бонус мөлшері әлі белгісіз. Өйткені, салық заңанамасында мұндай бонус мөлшері 30 гектарға 9 АЕК деп қана көрсетілген. Ал жеке жүріп кен іздеу үшін бір адамға 0,5 гектардан бес гектарға дейін жер беріледі. Мемлекет сізді сұраған теліміңізге жібермес бұрын шотыңызда бүлінген аумақты қайта тегістеп кетуге жететіндей қаражат бар екеніне көз жеткізуі тиіс. Сол үшін әр гектар жерге 333 814 теңге көлемінде кепіл ақша қоюыңыз шарт. Осы шарттардың барлығын мүлтіксіз орындаған жағдайда ғана сертификат қолыңызға тиеді. Ол қағаздың жарамдылық мерзімі – 3 жыл. Үш жылдың ішінде телімді пайдаланып бітпесеңіз, тағы 3 жылға созуға болады.
Жерге сертификат алғаныңыз оның қожайыны сіз дегенді білдірмейді. Телімді өзге біреудің пайдалануына жалға да, тегін де бере алмайсыз.

Кен іздеу жүргізілмейтін аумақтар

Алтын іздеу адал кәсіпке айналады

Жеке тұлғалардың кен іздеуіне берілетін аумақтардың тізімін облыстық әкімдік дайындайды. Ол тізімді жергілікті экология және «Қазжерқойнауы» өңіраралық департаменттері, Энергетика министрлігі мақұлдауы тиіс. Қазіргі таңда Шығыс Қазақстан аумағындағы кен іздеу телімдерінің тізімі жасалғанымен, аталмыш құзыретті органдар әлі мақұлдап үлгермеген. Барлық органдар мақұлдағаннан кейін ол тізім облыс әкімінің, кәсіпкерлік және идустриялық-инновациялық даму басқармасының, Инвестиция және даму министрлігінің сайттарына жарияланады.
Кен іздеу жұмыстары төмендегі аумақтарда жүргізілмейді:
-ерекше қорғалатын табиғи қорықтар:
-тарихи-мәдени ескерткіштер мен сауықтыру орындарының аумағы;
-ҰҚК, қорғаныс, ғарыш нысандары;
-елді мекендер мен оның айналасындағы 1000 метр аумақ;
-бейіт, қорым, зират аумақтары;
-шахтадан басқа жерасты ғимараттары бар аумақтар;
-мемлекеттік геологиялық және минералогиялық қорықтар.
Кен іздейтін телімнің өзге біреудің меншігінде болуы да мүмкін. Ең бастысы, иесі телімді кен қазудан басқа мақсатқа пайдаланса болды. Мысалы, сіз алтын бар деп мөлшерлеген жер біреудің шабындығында жатыр делік. Ондай жағдайда әуелі жер иесінің келісімін алып, уағданы келісімшарт бойынша бекіту қажет.
Қандай жағдайда сізге сертификат беруден бас тартылады?
Қажетті құжаттардың барлығын өткізсеңіз, сұралған телім жер қойнауын пайдалану жұмыстарынан бос жатса, сізге міндетті түрде сертификат берілуі тиіс. Егер сіздің кен іздеу жоспарыңыз экологиялық талаптарға сай келмеген жағдайда мемлекет сертификат беруден бас тартуы мүмкін. Жоспарды облыстық экология департаменті сараптамадан өткізеді. Мемлекет өзі берген сертификатты өзі қайтып алып қоюы да мүмкін. Өйтпес үшін мына тыйымдарды қатаң сақтағаныңыз абзал:
– телімнің аумағындағы су арнасын бұзбау қажет;
-кенді шайып алу барысында химиялық қоспалар қолданылмайды;
-телім аумағында күрделі құрылыс салынбайды;
-қазылған топырақты және өзге де тау жынысын берілген аумақтан тыс алып шығуға болмайды;
-кен іздеу барысында жер қыртысын 3 метрден артық үңгуге болмайды.
Оның бәрін Өскеменде отырған әкімдік өкілдері қалай бақылап отырмақ деуіңіз мүмкін. Қазір спутниктік байланыс жақсы дамыған. Жер серігі арқылы ғаламшардың кез келген нүктесін жақындатып көрсете алатын бағдарламалар жетерлік. Сондықтан кен іздеушінің әрбір әрекеті жер серігі арқылы төнген көздердің жіті бақылауында болмақ.
Кен іздеуге рұқсат беретін сертификат бір адамға бір рет қана беріледі. Ал алғашқы өтінішіңіз қанағаттандырылмаса, басқа телімге сертификат рәсімдеуге толық құқылысыз.
Кен іздеуші сертификат мерзімі біткенше жыл сайын 30 қаңтарға дейін өткен жылдың есебін беріп отырады. Ол есепте жыл бойында қанша мөлшерде, қандай пайдалы қазба алғанын ашық көрсетуі тиіс. Серік Айкешов үш метр тереңдікте табылған пайдалы қазбаның барлығын кен іздеуші өз пайдасына жарата алатынын айтады. Яғни, сертификат тек алтын іздеушілерге ғана беріледі деген сөз емес. Бір адам бір телімнен 50 келіден артық металл әкете алмайды. Егер шайған алтынның салмағы 50 келіден асып кетсе, артығын ақшалай түрде мемлекетке өткізуге тура келеді. Телімнен аларыңызды алып, жұмысыңыз біткен соң орнын тегістеп, қалпына келтіріп кету қажет. Сонда ғана әкімдік банк шотындағы кепіл ақшаңызды шешіп алуға рұқсат береді.
-Кен іздеуші қазған жерден ешқандай асыл металл таппауы мүмкін. Сол кезде өкінішке бой алдырып, қазған орнын қалпына келтірмей кетіп жатса, кепілде тұрған ақшаның есебінен тегістеу жұмыстарын мемлекет атқарады, – дейді Серік Айкешов.
Оның айтуынша, аталмыш кәсіпті заңдастырудағы басты мақсат – көлеңкелі нарықтағы қымбат металдар саудасының жолын кесу. Заңсыз жолмен алтын шайып, оны сыртқа сату бүгінде әжептәуір белең алып отыр. Болашақта заңды түрде кен қазған жеке тұлғалардан қымбат металдар қабылдайтын бекеттер ашылуы мүмкін. Оның қандай шартпен сауда жасайтынын тиісті органдар әлі де пысықтауда.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button