Денсаулық сақтауТОП

«Алтын» стандарт

Облыстық көпбейінді онкология және хирурия орталығының мамандары біліктіліктерін жетілдіріп, ұштауға көп көңіл бөледі. Өткен аптада беларусьтік әріптестерінің көмегімен дамыған елдерде бас-мойын, кеуде, іш және кіші жамбас ісіктерін емдеудің «алтын» стандарты болып табылатын жаңа технологияны меңгерді.

Минск қалалық клиникалық онкологиялық орталығының (Беларусь Республикасы) радиациялық онкологы әрі медициналық физигінің  қатысуымен Versa HD құрылғысында (Elekta) IMRT/VMAT сәулелену әдістерін клиникалық тәжірибеге енгізу бойынша шеберлік сыныбы өтті. IMRT терапиясын жүргізу кезінде КТ және МРТ кескіндерінің негізінде пациент ағзасының 3D-моделі жасалады. Компьютерлік бағдарламалардың көмегімен сәуле энергиясының  қозғалыс траекториясы мен қарқындылығы есептеледі. Емдеу кезінде қатерлі ісікті әртүрлі бұрыштардан сәулелендіретін бірнеше қарқынды модуляцияланған өрістер пайда болады. Осы бұрыштардың әрқайсысында сәулелену қарқындылығы өзгереді (модуляцияланады) және сәуленің пішіні ісік пішініне сәйкес өзгеріп отырады, соның нәтижесінде емдеу тиімділігі артады.

 

Мамандардың түсіндіруінше, бұл тәсіл ісікке сәулелену дозасын арттыруға мүмкіндік береді, бірақ сонымен бірге жақын орналасқан сау тіндердің, органдардың сәулеленуі төмендейді, радиациядан кейінгі асқынулардың қаупін азайтатыны дәлелденген.

-Бүгінде бұл технология дамыған елдерде бас-мойын, кеуде, іш және кіші жамбас ісіктерін емдеудің «алтын» стандарты болып табылады. Сонымен қатар сәулелік терапияның сәуленің қарқындылығын өзгертетін (VMAT) ротациялық әдісі сәулелену сессиясының уақытын 2-3 есеге айтарлықтай қысқартады, бұл өз кезегінде осы әдіспен көбірек науқастарды қамтуға мүмкіндік береді, құралдың қолдану қабілетін арттырады. Осы шеберлік сыныбының арқасында біздің онкологиялық диспансердің дәрігерлері емделушілерге көрсетілетін мамандандырылған медициналық көмектің сапасын одан әрі жақсартуға мүмкіндік беретін жаңа білімдер алды, – деді орталықтың медициналық физика бөлімінің меңгерушісі Гаухар Андыбаева.

Шеберлік сыныбы аясында тоғыз науқас жаңа технологияны қолдана отырып  емнің алғашқы сеансын қабылдады.

– Біз Беларусь мамандарының қатысуымен тоғыз науқасқа емнің алғашқы сеансын жүргіздік. Олардың барлығында обырдың расталған әр түрі кездеседі. Екі пациентте көмей-жұтқыншақ рагы, бір адамда ауыз қуысының шырышты қабатының обыры, екі әйелде сүт безі қатерлі ісігі, тағы екі науқаста жатыр мойыны рагы, өкпе ісігіне және қуықасты безі ісігіне шалдыққан науқастар болды. Кейбіреуі алғаш түссе, ота жасатқаннан кейін сәуле алып жатқандар да бар.  Қазір емді жалғастыруда, өздерін жақсы сезінеді. Барлық ем-дом емдеу хаттамасына сәйкес жүргізіледі. Дәл қазір оларда сәулеге кері әсер не асқынулар болған жоқ. Келешекте осы технологияны рактың басқа түрлеріне де қолдануды енгізетін боламыз, – деп нақтылады радиациялық онкология бөлімшесінің меңгерушісі, дәрігер Айгерім Темірханова.

Сондай-ақ Гауһар Маратқызы жергілікті онколог-хирургтер өз тәжірибелеріне жыл соңына дейін өкпе ісіктері мен сүт безі қатерлі ісігі сияқты қозғалатын нысаналарды емдеуге арналған әдісті енгізуді жоспарлап отырғандарын атап өтті, бұл – тыныс алуды басқару техникасымен бірге қолданғанда өте өзекті әдіс.

Шымкенттен келген науқас

Шығысқазақстандық онкологтардың біліктіліктері мен шеберліктері республикаға кеңінен тарап кеткені соншалықты, оларды басқа өңірлерден науқастар арнайы іздеп келеді. Жуықта облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығының онколог-хирургтері Шым қаладан келген науқасқа жоғары технологиялы күрделі ота жасап, пациенттің өмірін сақтап қалды.

Орталықта жоғары білікті жерлес онкологтар қатерлі ісіктің кез келген түріне ота жасай береді, олардың әрқайсысы ауыр да күрделі операцияларды жасауда көп тәжірибе жинаған білімді дәрігерлер. Мамандардың жұмысында клиниканың ең заманауи жабдықтармен жабдықталуы маңызды көмек болып табылатыны сөзсіз. Онкологтардың айтуынша, жоғары технологиялық жабдықтар,  операциялардың жаңа түрлері мен химиотерапиялық емдеудің соны әдістері – осының бәрі пациенттердің толық сауығуына жоғары мүмкіндік береді.

Жоғарыда жазғанымыздай, бұл жолы  облыстың онколог-дәрігерлері шымкенттік науқасты агрессивті асқазан обырынан құтқарып қалды. Орталықтың торокольдық онкохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Әділбек Баймұсанов асқазан обыры  әлемде кең тараған онкологиялық аурулардың бірі екенін атап өтті.

– Асқазан обыры онкологиялық аурулардың барлық түрлерінің арасында соңғы орында дей алмаймыз, – деп түсіндіреді дәрігер. – Қатерлі ісіктің бұл түрі әдетте 35 жастан жоғары ерлерде де, әйелдерде де кездеседі. Біздің бақылауларымыз бойынша, 60 пайыздан астам жағдайда асқазан қатерлі ісігі метастазалармен прогрессивті сатысында анықталады. Мұндай пациенттер емдеуді дереу бастауды және шұғыл көмекті талап етеді.

Айтпақшы, Шымкент тұрғыны шығысқазақстандық онкохирургтердің жоғары технологиялық көмегі туралы әлеуметтік желілерден оқып, білген. Онкохирург Әділбек Баймұсановқа өзі тікелей хат жазып, ота жасау туралы өтінішін білдіріпті. Біздің мамандар мақұлдаған соң науқас Өскеменге келіп, қосымша  қажетті тексерулерден өткен соң оған ота жасалды.

Торокольдік онкохирургия бөлімшесі меңгерушісінің айтуынша, пациентке кеңейтілген операция жүргізілген, асқазан мен өңештің қатерлі ісігі бар бір бөлігі түгелімен сылынып алынып тасталды.  Операциядан кейінгі оңалту курсынан өткен науқас үйіне қанағаттанарлық жағдайда шығарылды.

– Өңірлік ауруханада жоғары дәрежелі осындай медициналық көмек көрсетіледі деп ойламаппын, – дейді Шымкент тұрғыны. – Жергілікті дәрігерлер – қатерлі ісік сияқты дертпен күресуге қабілетті нағыз мамандар. Онкологиялық орталықтағы медициналық көмек маған МӘМС қоры есебінен тегін көрсетілгенін ерекше атап өткім келеді, өз тарапымнан отаға ешқандай шығын шыққан жоқ.

Әділбек Баймұсанов медицина қатерлі ісіктерді диагностикалау мен емдеуде айтарлықтай жетістіктерге жеткеніне қарамастан, асқазан обыры ешқандай симптомсыз дамуы мүмкін дейді. Сондықтан дәрігер жыл сайын асқазанды жоспарлы түрде тексеріп тұруға кеңес береді. Маманның сөзіне қарағанда, төмендегідей бірнеше қарапайым ережелерді сақтау арқылы қатерлі ісік қаупін азайтуға болады. Қатерлі ісікке дейінгі ауруларды (гастрит, асқазан жарасы, полиптер және басқалар) уақтылы емдеңіз. Майлы, тұзды, ысталған, ащы және қуырылған тағамдарды тұтынуды азайтыңыз. Күнделікті тұтынатын ас мәзірінде жаңа піскен көкөністер мен жемістердің, диеталық өнімдердің үлесін көбейтіңіз. Тамақтану режимін сақтаңыз. Алкоголь мен темекі шегуден бас тартыңыз.

– Біздің тәжірибеміз көрсеткендей, асқазан қатерлі ісігін оның сатысы мен локализациясына қарамастан, әрдайым емдеу мүмкін. Онкологиялық орталық мамандарының әзірлеген және сынаған әдістері осы ауруды емдеуге, дерттің өршуінің алдын алуға және пациенттердің өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Сонымен қатар біздің онкологиялық орталықта тегін білікті медициналық көмекті  барлық қазақстандықтар  ала алатынын ескерткім келеді,  – деп қорытындылады бөлім меңгерушісі.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button