Қоғам

Алтын шайып, кәсіптің көзін таппақ

Алтын шайып, кәсіптің  көзін таппақ


Арғымақ мініп, атой салған ата-бабаларымыз алтын шаюды да көне заманнан білген екен. Алтын болатын жерді тіпті шөбінен де таныған деседі. Ұлы дала көшпенділері Алтайдан, Тәңіртаудан сүзген алтындарын, алған мыстарын мысырлықтарға дейін апарған деген деректер бар. Енді елге сол белгілі кәсіппен айналысуға қолайлы кезең тудырылып отыр. Былтырдан бастап Қазақстанда халыққа, жеке адамдарға алтын қазуға, алтын сүзуге рұқсат берілді.

ЖҰРТ КЕН ҚАЗУҒА КІРІСКЕЛІ ЖАТЫР

Қазір еліміздің Геология комитеті тұрғындарға алтын қазып, шаюға Шығыс Қазақстан бойынша 130 участокты анықтап, бекітіп беріп отыр. Аймақтағы жеті қазба кені орны бес-бес гектардан 130 участокқа бөлініп ұсынылыпты. Алтын кені бар делініп отырған ол участоктардың көпшілігі арыны қатты Алтай өзендерінің бойында, сондай-ақ Жарма, Көкпекті аудандарындағы өзен аңғарларында орналасқан көрінеді.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Серік Айкешевтің айтқанындай, 130 участоктың қай жерде орналасқаны аталған басқарманың сайтында жарияланған. Алтын шаю кәсібімен айналысуға ниеттенген тұрғындар өздеріне қажетті кен орындарын осы жерден көріп, таңдай алады.

-Азамат қажетті участокты таңдаған соң біздің басқармаға өтінім жолдауы, беруі керек. Оны қарап, алтын қазуды ұйғарған тұлғаға он күннің ішінде лицензия береміз. Геология комитетімен бекітіліп отырған 130 участоктың ішінен таңдалған кен орындарынан алтын өндірумен айналысуға басқа органдармен келісім жасасу қажет емес. Бірақ азаматтар арнайы бекітілген 130 участоктан басқа өздеріне белгілі участоктарды да таңдап алып, өтінім түсіріп жатыр. Бұл өтінімдер бойынша рұқсат беру үшін жер қойнауын пайдалану, экологиялық бақылау органдарымен тиісті келісімдер жасалады. Олармен келісіліп, бекітілген жағдайда участоктар комитет бекіткен арнайы тізімге енгізіліп, тұрғындарға лицензия беріледі, – деп түсіндірді басқарма басшысының орынбасары азаматтардың алтын өндірумен айналысуға рұқсат алу рәсімдерінің қалай жүргізілетіндігін.

Алтын шаю, алтын қазумен ел тұрғындары былтырғы жылға дейін де айналысып келді. Бірақ заңсыз. Заңсыз жолмен алтын шаятындардың көпшілігі бұл қадамға басқа жұмыстың жоқтығынан барып келгені белгілі. Қашып-пысып алтын шайып, қазып жүргендер біздің облыста да жетерліктей. Былтырғы жазда жаңадан шыққан «Жер қойнауы мен жер қойнауы туралы» Кодекс алтын қазып, шаю кәсіптерін білетін «старательдерге», кен іздеушілерге табыс көзін табудың жаңа бір жолын, заңды жолын ұсынып отыр. Кодексте сонымен бірге шағын кен орындарын игеру де көзделінген. Осылайша, алтын шаюды заңдастыру арқылы ірі шахталар төңірегі мен тау-тасты тінтіп, дала кезгендерді, күнкөрістің қамымен бастарын қауіп-қатерге тігіп, бағалы металды заңсыз сатып жүрген адамдарды – «қара кеншілерді» заңды жолмен табыс табуға талпындыру үстінде. Иә, қалауын тапса алтын қазу, алтын шаю кәсіпкерліктің жаңа түрі болмақ.

Алтын шайып, кәсіптің  көзін таппақ

АЛДЫМЕН ШОТҚА АҚША САЛУ КЕРЕК

Қазаққа таңсық емес бұл кәсіп Күршім өңірінде де кең тарағанын үлкендердің аузынан талай естігенмін. Сондықтан қай жерде болмасын өзеннен алтын сүзудің технологиясын білетіндер әлі де бар екені анық. Заңда көрсетілгендей, алтын қазудың жаңа әдіс, тәсілдерін қолдануға еш кедергі жоқ.
«Қандай жолмен болса да сол алтынды алам деген адамдар тау-тасты қазып, өзен біткеннің бойын бүлдіріп тастамай ма?» деген заңды сұрақ туады бұл жерде. Моңғолияда алтын қазушылар жер бетінің бәрін үңгіп, шұрқ тесік еткені көпке белгілі. Ресей жерінде янтарь қазғандар, Қырғызстанда алтын қазғандар да талай жердің тас-талқанын шығарыпты. Табиғатқа келтірген зиянның орнын толтырып, қоршаған ортаны қалпына келтіріп, қорғау үшін алтын қазуға өтінім берген адам лицензия алар алдында ең әуелі банкке 350 мың теңге (бір гектарға) ақша салуы міндетті. Бұл қаржы жерді пайдалану ұзақтығына қарай көбейеді. Лицензия үш жылға дейін беріледі. Мысалы, бір гектарды екі жылға алса, жерді пайдаланушы банкке алдын-ала 700 мың (350 х2 жыл) теңге салуы тиіс. Учаске бір адамға 0,5 гектардан бес гектарға дейін бөлінеді. Лицензия уақыты біткен соң, азамат банк шотындағы ақшасын алып, оған пайдаланған участок жерін қалпына келтірмек. Жер пайдаланушының табиғатқа тигізген зиянының мөлшері немесе оның жерге айтарлықтай зиян келтірмегендігін басқарма ішінен құрылған (экология, жер қатынастары, қоғамдық денсаулық сақтау, т.б сала өкілдері бар) арнайы комиссия барып, зерттеп, белгілейді.

Қазіргі күні облыста алтын қазу мақсатындағы бес өтінімге келісімдер беріліп, лицензия беруге даярлануда. Кен қазу үшін берілетін лицензия, бонус құны 9 АЕК – 22 мың теңге көлемінде тұрады. Мамандардың айтуынша, тұрғындардың алдын ала бекітілген 130 участоктан тыс өз қалаулары бойынша таңдап алған кен орындары жерлері талапқа сай шаршы немесе параллель (яғни төрт бұрышты болуы шарт) болып, координаттары дәлдікпен өлшеніп, тапсырылуы тиіс. Жер пайдаланушы участок кординаттарын GPS жүйесі арқылы немесе аудандық жер қатынастары мамандарының көмегімен түсіруге болады. Қосымша участоктарды сұрап жатқан өтінімдердің біразы Шемонайха, Марқакөл, Жарма өңірлеріндегі кен орындарын алуға орай түсіп отырған көрінеді.

Қарапайым адамдардың жинаған алтынын сатып алуға қызығушылар әлден-ақ табылып жатқандай. Жуықта тау жыныстары құрамындағы кен орындары миллиондаған жылдар бойғы желдің, күннің, судың әсерінен ыдырап, әдетте ағыны қатты өзен суымен төменге ағып кететін болса керек. Сөйтіп, өзен бойындағы кейбір жерлерге жиналып қалады. Осылайша, шағын кен көздері пайда болады. Енді сол кен орындарына жиналған бағалы металдар мен асыл тастарды жинауды мемлекет жеке адамдардың қолына тапсырмақ. Астанадағы аффинаждау цехы облыстық басқармаға біздің аймақта алтын қазуға қанша тұлғаға лицензия берілгендігіне сұрау салған екен. Олар кен қазушымен, «старательдермен» өзара байланыс орнатып, алтынды өздерінен тікелей сатып алудың қамын жасап отырған сыңайлы. Алтынды Ұлттық Банк сатып алуы мүмкін. Өзіміздің «Казцинкте» де алтын өндірісі бар. Арнайы алтын қазу кәсібі жаңғырып, жолға қойылып отырған шақта алдағы уақытта елде заңдастырылған алтын қабылдау орындары да көптеп ашылуы мүмкін. Қысқасы, тапқан алтынды сатып алатындар баршылық.

Алтын шайып, кәсіптің  көзін таппақ

ЖЕР ЖАҒДАЙЫН БІЛЕТІННІҢ БИЗНЕСІ

Кодексте белгіленгендей, жер пайдаланушы жылына 50 келіге дейін алтын өндіріп, сатуына болады. Қазіргі нарықта алтынның бір грамы 14 мың теңгеден асып тұр. Халықтың қолымен сүзіліп, қазылған алтын қаншаға сатылып алынбақ? Ол жағы белгісіз.

Геологтардың айтуынша, тау жыныстары құрамындағы кен орындары миллиондаған жылдар бойғы желдің, күннің, судың әсерінен ыдырап, еріген қар, жаңбырдың сарқырай құйылған суымен төменге ағып келіп, өзен бойындағы жерлерге жиналып қалатын көрінеді. Өзен бойында шағын кен көздері негізінен осылай пайда болыпты. Енді сол кен орындарына жиналған бағалы металдар мен асыл тастарды жинауды мемлекет, жеке адамдар қалай қазып, шайып алуы керек?

Полина Скребцова, «Шығысқазжерқойнауы» Шығыс Қазақстан өңіраралық геология және жер қойнауын пайдалану департаменті минералдық шикізат базасының жай-күйін зерттеу бөлімінің басшысы:

-Тізімде көрсетілмеген кен орындарын қазуға орай біздің департаменттің қарауына 20 шақты өтінім келіп түсті. «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекске енгізілген «кен іздеушілік» деп аталатын тарау бағалы металдар мен тастардың шағын кен орындарын игеру мақсатын көздейді. «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» жаңа кодекстің талаптары бойынша кен іздеуші болуға лицензияны жергілікті атқарушы органдар береді. Оның да түрлі талаптары бар. Кен іздеуші болғысы келген адам тиісті органға өзі алтын, асыл тас қазғысы келетін жердің аумағын көрсетіп, қолындағы техникаларын таныстыруы қажет. Заң бойынша «старатель» алтын шаю жұмыстарына көлемі 1 текше метрдің жартысынан көп болмайтын күрегі бар экскаваторлар мен бульдозерлерді, жүк көтеру салмағы 10 тоннадан аспайтын көліктерді ғана пайдалана алады. Күрделі құрылыстар салуға, химиялық реагенттер мен жарылғыш заттар пайдалануға рұқсат жоқ. Жерді белгіленген мөлшерден төмен қарай қазғанда 3 метр тереңдіктен асырмауы керек.

Осы сияқты талаптарды орындағанда ғана алтын қазуға рұқсат беріледі. Сондықтан маман алтын қазумен қарапайым адамнан гөрі – геолог болмаса да, геодезист, гидрология инженері, тау-кен инженері дегендей геологияға сәл де болса жақындығы бар мамандық иелері, жер жағдайын жақсы білетіндер, алтын іздеудің әдіс-тәсілін меңгергендер айналысуы керектігін айтады. Ондай мамандар болмаса, алтын мен бағалы тастар кеніштерін кез-келген адам таба қою, оны шаю, алу қиынға түседі.

Дүниеге перзент сыйлаған барлық ата-ана сияқты, геология ғылымының дәстүрі бойынша да әр маман өзі ашқан кен орнына өзі ат қоюға құқылы екен. Көне кәсіптен хабары барлар кен қазуға кіріскелі жатыр. Ертең олар қайла салған жерлерден Бақыршық, Ақбақай сияқты қазынасы қарашаға ғана емес күллі мемлекетке жететіндей атақты алтын кені орындары табылып қалуы да ғажап емес.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button