Алтын сатып алыңыз
Еліміздің Ұлттық Банкі халыққа арналған тазартылған алтын құймаларын сату мен сатып алу бағдарламасын іске қосқаны белгілі. Осыған байланысты Ұлттық банкінің облыстық филиалының директоры Айнагүл Жолдыбалина журналистермен кездесу өткізді.
Осы кезге дейін Қазақстан азаматтары үшін қаржыны сақтаудың бір әдісі – банктерде депозиттер ашып, шетел валютасын сатып алу болған. Биылғы 1 мамырдағы дерекке сәйкес облыста депозиттердің көлемі 387 млрд теңгені құраса, оның 232 млрд. теңгесі, яғни 60 пайызы ұлттық валютада, ал 155 млрд. теңгесі, яғни, 40 пайызы шетелдік валютада сақталыпты. Ал мамырдың 31-інен бастап қазақстандықтар үшін инвестициялар мен салымдарды сақтаудың тағы бір мүмкіндігі пайда болды. Ұлттық банк халыққа арналған тазартылған алтын құймаларын сату мен сатып алу бағдарламасын іске қосты. Ұлттық банкінің облыстық филиалының директоры Айнагүл Жолдыбалина бағдарламаны іске асырудың бастапқы кезеңінде алтын құймалар еліміздің Астана, Алматы, Өскемен және Атырау сынды төрт қаласында қолжетімді болатынын жеткізді. Уақыт өте келе алтын құймаларын сатудың географиясы да ұлғаятын болады. 10, 20, 50 және 100 грамдық алтын құймалардың барлығы Қазақстан Теңге сарайында дайындалған. 10 грамдық құймалар күрең қызыл, 20 грамдық – жасыл, 50 грамдық –көгілдір түсті арнайы ораумен және 100 грамдық құймалар – алтын түстес ораумен ұсынылған. Әрбір құймада қорғаныш элементтері бар. Сондай-ақ, олардың әрқайсысы құймаларды механикалық бүлінуден қорғайтын және ораудың ашылған-ашылмағанын оңай тексеруге мүмкіндік беретін арнайы ораумен шығарылады. Қорғаныш ораудың өзі де құйманың сапа сертификаты болып табылады. Сондықтан да құйманы ұқыптап ұстау және орауын ашпау ұсынылады. Аталған алтын құймаларының барлығы «Халыққа арналған тазартылған алтын құймаларды сату мен сатып алу бағдарламасы» аясында екінші деңгейлі банктер арқылы сатылуда. Қазіргі уақытта алтын құймаларды Қазақстанның Халық банкінен және Еуразиялық банктен сатып алуға болады. Ұлттық банкінің облыстық филиалының директоры Айнагүл Жолдыбалинаның айтуынша, алдағы уақытта бағдарламаға қатысушы банктердің саны көбеймек.
Мейрамтай ИМАНҒАЛИ